![]()
Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы №5 жалпы білім беретін келешек мектебінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев қатысты. Жиынға ауданның білім саласының қызметкерлері де қатысып, ел дамуының алдағы кезеңіне арналған басымдықтар мен білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттер жөнінде пікір алмасты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жүргізді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің білім беру саласымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Өйткені елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, жаңа технологияларды меңгерген ұрпақ қалыптастыру ең алдымен білім сапасына тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, педагогтердің кәсіби әлеуетін қолдау және балаларға заманауи білім беру ортасын қалыптастырудың маңызы зор.
Кездесудің Шорнақ ауылындағы №5 келешек мектебінде өтуі де білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың нақты көрінісі ретінде аталды. 600 оқушыға арналған білім ордасы заманауи талаптарға сай салынған. Мұндай мектептер балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға, оқу үдерісін жаңа талаптарға бейімдеуге және ауылдық жерлердегі білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Жиында республикалық жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған негізгі бағыттарға жеке-жеке тоқталды. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков экономиканы дамыту, өңірлердің әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін түсіндірді. Бұл бағыттардың білім саласы үшін де маңызы бар. Себебі экономиканың дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, еңбек нарығының өзгеруіне және сұранысқа ие мамандықтарға деген қажеттіліктің артуына ықпал етеді. Ал білім беру ұйымдарының міндеті – осы өзгерістерге бейім, білімі мен біліктілігі жоғары жас ұрпақты қалыптастыру.
Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы міндеттерді баяндады. Энергетика саласының тұрақты дамуы өндіріс орындарының ғана емес, әлеуметтік нысандардың, соның ішінде мектептердің де үздіксіз жұмыс істеуі үшін маңызды. Білім беру ұйымдарының заманауи талаптарға сай қызмет етуі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның сенімділігімен де тығыз байланысты.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік қолдау және еңбек қатынастары саласындағы басымдықтарға тоқталды. Бұл мәселелер педагогтер қауымы үшін де өзекті. Еңбек нарығындағы өзгерістер жағдайында оқушыларды болашақ мамандығын саналы таңдауға бағыттау, кәсіби бағдар беру және олардың еңбекке бейімделуіне қажетті дағдыларды қалыптастыру білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
Кездесу барысында білім саласының қызметкерлері де өз пікірлерін білдіріп, спикерлерге сауалдарын жолдады. Ашық пікір алмасу форматында өткен басқосу педагогтерге Жолдаудағы басымдықтардың мазмұнын тереңірек түсінуге және олардың білім беру саласына қатысты тұстарын талқылауға мүмкіндік берді.
Жиын қорытындысында сапалы білім беру, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына жағдай жасау ортақ міндет екені атап өтілді. Өйткені білімге салынған инвестиция – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадам. Ал бүгінгі мектеп қабырғасында қалыптасқан білім мен тәрбие ертеңгі қоғамның зияткерлік әлеуетін айқындайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
