Түркістан облысы: Сауран ауданының тұрғындары жер мәселесін көтерді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары «Ашық әкімдік» кеңсесінде кестеге сәйкес жеке қабылдаулар өткізіп келеді. Бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өзі жетекшілік ететін салалар бойынша жергілікті тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға 20-дан астам азамат келді.

Қабылдауға келген тұрғындар сан түрлі мәселе қозғады. Тұрғындардың басым бөлігі жайылым және суармалы жер мәселесін көтерді. Мәселен, Ордабасы ауданынан келген бір топ ауыл азаматтары жеке азамат менішігіндегі жерлерді ортақ жайылымға беруге ықпал етуді сұрады. Сауран ауданынан келген тұрғындар да жер мәселесін көтерді. Бұл мәселелер бойынша Ермек Кенжеханұлы ауыл халқымен қоғамдық тыңдау өткізу арқылы шешім шығару керек екенін айтты. Жауапты басқармаға аталған жерлерге тексеру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Сонымен қатар Бадам ауылдық округінде қоқыс полигонын салу мәселесі қаралды. Кейбір тұрғындар полигонның ауылға жақын орналасуына қарсылық танытуда. Аталған мәселе бойынша жер қарастырылып, ондағы барлық жұмысты жеке кәсіпкер жүргізеді деген келісімге келді. Тағы бір тұрғын қолданыстағы жерді ортақ жайылымға беру мәселесін көтерді. Оған ауданда жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығы, ал пайдаланылып жатқан жерлер қайтарылмайтыны түсіндірілді.

Одан бөлек, түркістандық азаматша әкімдікке жұмысқа орналасуға, Отырар ауданының тұрғыны мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа тұруға көмек көрсетуді сұрады. Бірі әлеуметтік көмек алуға ықпал етуді, енді бірі заңсыз құрылысқа наразылығын білдірді. Сонымен қатар саурандық тұрғын жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін заңдастырып беруді, саурандық кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуға көмек көрсетуді, тағы бір тұрғын мемлекеттік жеңілдетілген несие алуға ықпал етуді сұрады.

Облыс әкімінің орынбасары өзекті мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Кездесуде көтерілген барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, заң аясында шешімін табады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin