Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі тұрғындарды қабылдады

Бүгін Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселесіне назар аударды. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты. Бұл жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан әкімнің жеке қабылдауына 6 ауыл тұрғыны келіп, түрлі жеке мәселелері бойынша өздерінің өтініштерін жеткізді. Атап өтсек, Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекенінің тұрғындары А.Исабеков елді мекендегі жаңадан салынып жатқан мектеп туралы айтса, Н.Акешов елді мекендегі ауыз су, жол, жарық тағы басқа мәселелерді көтерді. Сонымен бірге, Шорнақ ауылдық округі Аша елді мекенінің тұрғыны А.Бердибеков Аша елді мекеніндегі ауыз су, ағын су, жарық, көгілдір отын мәселесін алға тартты. Ал, Қарашық ауылдық округінің тұрғыны Х.Умарова жеке кәсібіне қолдау көрсетуді, Майдантал ауылдық округінің тұрғыны Қ.Байкенжеев жер мәселерін шешуді сұрады.

Жеке қабылдауда аудан әкімі Ғани Рысбеков ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететінін жеткізді.

Еске салайық, былтыр наурыз айында ҚР Президентінің жарлығымен жаңадан құрылған Сауран ауданы халқының саны бүгінде 106,802 адамды құрайды. Ауданның жалпы көлемі 12 ауылдық округ пен әкімшілік орталығын қоса алғанда 721745 гектар жерді құрайды. 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елді мекен бар. Аудан орталығы Шорнақ ауылы Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың халық тұрады. Ұлт руханиятында киелі ұғымға айналған «Сауран» атауының Түркістан облысында құрылған жаңа ауданға берілуінің зор мәні бар. Себебі бұл атау ежелгі Түркістан ұғымымен тығыз байланысты. Жалпы Сауран – XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған қала. Шаһар Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. XIII ғасырдың орта шегінде Ақ Орданың астанасы болған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.