Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

Бүгін Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков 2022 жылдың 9 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұл жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.

Аталған тапсырмаға сәйкес, Қарашық жұртымен кездескен аудан әкімі Ғани Құрмашұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша кеңінен тоқталып өтті. Бұған дейінгі өткен кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша айтып, алдағы уақытта шешімін табатын мәселелерді тілге тиек етті.

Қарашық ауылдық округінде алдағы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектеп салынбақ. Бұдан бөлек, Оранғай, Жүйнек, Қарашық ауылдық округтеріне газ кіргізілетін болады. Бүгінгі таңда ауыз су мәселесі барлық ауылдық округтерде көтеріліп келеді. Алдағы 2025 жылға қарай барлық ауылдық округтерде 100 пайыз ауыз сумен қамтылатын болады.

Еркін форматта өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, қалаға қатынайтын қоғамдық көлік, ауыз су, мектепке баратын көшелерді ағымдағы жөндеу, ауылда интернет байланысы нашар екенін, жер мәселесі, кен орындары (кариер), ауылдағы ұрлық тиылмай отырғанын, ауылға камера қоюды, Құмтүйін елді мекеніне автокөлік жол белгілерін қою, жайылымдық жерлерді қайтару мәселелерін көтерді. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғани Құрмашұлы тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 жарлығында түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі туралы былай деген болатын: «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан  реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін.
  2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:

1) жыл сайын 15 қаңтарға дейін мыналарды:

жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін;

республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;

аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;

облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін;

ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін (бұдан әрі – күнтізбе) әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отырсын.

Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі;

2) жыл сайын 20 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілген күнтізбені ұсынсын. 

  1. Барлық деңгейдегі әкімдер:

1) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесу өткізсін;

2) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін;

3) кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін баяндаманы таныстырумен, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізсін;

4) халықпен кездесулер өткізгенге дейін:

проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы және қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен халықтың сұраулары мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құруды;  

ашық деректердің интернет-порталына және әкімдердің блог-платформасына, сондай-ақ коммуникацияның басқа да нысандарында халықтан келіп түскен сұраулар мен ұсыныстарды жинауды және талдауды;

бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында, әлеуметтік желілерде және барлығына қолжетімді жерлерде ақпараттық-насихат  жұмысын жүргізуді;

әкімнің халықпен кездесуін өткізу туралы хабарландыруды:

облыс, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімі өткізетін кездесу күніне дейін екі апта бұрын;

ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан әкімі өткізетін кездесу күніне дейін бір апта бұрын ұйымдастыруды қамтамасыз етсін;

5) халықпен кездесулер өткізгеннен кейін:

жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдауды өткізсін;

проблемалық мәселелерді қаржыландыру мүмкіндігін мәслихат сессиясында қарай отырып, жүйеге келтірсін;

кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, өткізілген кездесулердің қорытындылары туралы ақпаратты, проблемалық мәселелердің тізбесін, проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін;

тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.

  1. Әкімдіктер мен әкімдер аппараттары кездесулерге мүдделі тұлғалардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен оппозиция өкілдерін тартсын.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) жыл сайын есепті жылдан кейінгі 1 ақпанға дейін өңірлердің бекітілген күнтізбелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынуды;

2) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына және 15 тамызына дейін орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін проблемалық мәселелердің тізбесін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды жинауды;

3) әкімдердің халықпен көшпелі кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелерді шешу жолдары мен олардың орындалу барысын көрсете отырып, олардың ішінен  құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, компаниялардың ресми интернет-ресурстарында орналастыруды және тоқсан сайын жаңартуды қамтамасыз етсін».

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.