Түркістан облысы: Созақтықтар өз жерлестері — Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өтеш Қырғызбаевқа құрмет көрсетті

Аудан орталығындағы “Мыңжылқы” мәдениет үйінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Өтеш Қырғызбаевпен кездесу кеші өтті.

Кеш кейіпкерінің өмірі мен шығармаларына арналған бейнебаянмен бастау алған шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, бойындағы бірнеше дарынымен танылып келген, саналы ғұмырын жазушылыққа арнап, ұзақ жылдар бойы ұшқыр қаламымен талай дүниелерді қамтып, проза жанры мен журналистика саласында із қалдырып, қазақ елінің әдебиетіне, мәдениетіне үлкен үлес қосып жүрген жерлесіміз Өтеш Өтеуліұлына ақ тілегін жеткізіп, құттықтау хат пен сый-сияпатын табыс етті.

Сонымен қатар, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, кеш кейіпкерінің шәкірті Дәулет Тұрсынұлы және университет қабырғасында бірге білім алып, облыстың айнасы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған Суханберді Оразалиев ұйымдастырылған шараның маңыздылығына айрықша тоқталып, кештің басты кейіпкеріне ыстық ықыласын білдірді.

Шараны ұйымдастырушы барша азаматтарға алғыс айтып, Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясы атынан арнайы құттықтау хат пен сый-сияпатын табыстады.

Тағылымды шараға арнайы келген Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков әдебиет әлемінде халықтың қадір – қасиеті арқылы кестеленген шығармалары мен аудан тарихы жайында әңгіме өрбітіп, кеш кейіпкеріне айрықша сый-құрметін білдірді.

Өтеш Өтеуліұлының туыстары ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, Үрзада Тоқбергенова мен ардақты ана Әсия Әбжанқызы ізгі тілектерін арнады. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, ардагер ұстаз Байділда Айдарбеков өлең жолдарын арнап, алдағы күндеріне шығармашылық табыстар тіледі.

Шара соңында Өтеш Қырғызбаев түлеп ұшқан ұясы, алтын бесігі Созақ жеріне деген сағынышын жеткізіп, «Телқоңыр» тарихи романының тұсауы кесілді.

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән орындап, келген қонақтар фойеде қаламгердің шығармашылығына арналып қойылған көрмені тамашалады.

Атап өтерлігі, Өтеш Өтеуліұлы ҚЫРҒЫЗБАЕВ 1953 жылдың 10 наурызында туған. 1970 жылы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы орта мектепті, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітірді. Алғашқы еңбек жолын Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінен бастады. Нақтырағы, мектеп бітірген соң, 1970–1972 жылдары Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінде жұмыс істеген. Облыстың рухани-мәдени саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының «Ең үздік жазушысы» болып танылды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, 1978–1984 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде, одан кейін «Жалын» баспасында еңбек еткен.  2005 жылдан бері «Алматы ақшамы» газеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Өтеш Қырғызбаев қырық жылға жуық қалам тербеп, оннан астам прозалық кітап жазды. Олардың ішінде әр жылдары жарық көрген «Сүгір» мен «Аллаһу» романдары, «Тарланбоз Тәкен», «Асқаршың», «Қобызшы Жаппас Қаламбаев» және «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» атты деректі повестері мен көркем хикаят, әңгімелер жинағы жұртшылыққа жақсы таныс. Созақ өңірінен шыққан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменовтің өкшесін басып, көзі тірісінде тәрбиесін көрген, жақын араласқан, жазу өнеріне барынша сергек қарайтын қаламгердің прозалық шығармасының қай-қайсысынан болмасын тіл шұрайлылығы, оқиға желісі мен көркемдігі бірден байқалып тұрады. «Ақбөкендер ауған жаз» атты повесі 2008 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Жерсу» корпорациясы ұйымдастырған балалар шығармаларына арналған бәйгеде екінші орын алды. 

«Немере», «Адыраспан», «Ұлым менің, ғұмырым менің», «Асқар ұшқан ұя», «Қарабура әулиенің асы», «Созақ көтерілісі», «Асқаршың», «Тарланбоз Тәкен», «Сүгір», «Теріскей түлегі», «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» атты кітаптардың авторы. 2002 жылғы Созақ ауданы әкімінің «Жылдың ең үздік жазушысы» сыйлығының иегері. Қазақстан Жазушылар одағы мен «ZHERSU» корпорациясы ұйымдастырған Халықаралық «Дарабоз» байқауының 2006 жылғы жүлдегері. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.

Жалпы, оқырманға сан алуан тақырыпты қамтыған мақалалар мен очерктердің, қайнаған тіршілікті көркем ойдың сүзгісінен өткізген оннан астам кітаптың авторы ретінде таныс Өтеш Қырғызбаевтың журналист мамандығына әуестігі алғашқыда мектептің қабырға газетіне мақала, аудандық, облыстық газетке хабар-ошар жазудан басталған екен. Мектептен соң үш жыл қатарынан Қазақ университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырып, ақырында дайындық бөліміне қабылдану арқылы студент атанады. Бес жыл оқып, жоғары білім алады. Осылайша, Өтекең бала кезден армандаған мақсатына қол жеткізгендей болады. Бірақ, қаламгерліктің жалына оңайлықпен қол тигізе қоймайтын асау өнер екенін де ұғады.

Осы орайда Өтекеңнің қырық жылдан астам уақыттан бері атқарып келе жатқан журналистік қызметінде еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді көтерген сараптамалық, талдау мақалаларының оқырман көңілінен шығып, жоғары бағасын алып жүргенін атап өткіміз келеді. Және бір сүйсінерлігі – оның қатардағы мақалаларының өзінен журналистикаға тән қасаң баяндаудан гөрі сөзді ойнату, кейіпкерін әдеби бейне дәрежесіне көтеруге ұмтылушылық айқын байқалып тұрады. Бұған дарынды журналист-жазушының ертеректе «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланған мақалалары мен очерктері дәлел бола алады. Өтекең бұдан кейін республикалық «Жалын» баспасында редакторлық қызметті абыроймен атқарды.

Бұл жылдары проблемалық мақа­ла­лары, очерктері арқылы оқырманға талантты журналист ретінде танылумен қатар, тілі құнарлы, қаламы қарымды жазушы ретінде де көріне бастайды. Осы жылдары ол оқырманға «Жалын» бас­пасынан жарық көрген «Немере» және «Адыраспан» атты алғашқы повестер мен әңгімелер жинағын тарту етеді. Біз бұл арада жазушының шығармаларына талдау жасап, баға беруді мақсат етпейміз. Себебі, Өтеш Қырғызбаевтың жоғарыда аталған және басқа да шығармалары көркемдік қуаты мол, шымыр туындылар ретінде оқырман тарапынан жылы қабылданып, кезінде өз бағасын алған болатын. Бір ғана айтарымыз – журналист-жазушының әдебиеттегі аяқ алысын сырттай жіті қадағалап жүретін Тәкен Әлімқұлов кезінде Өтештің «Немере» атты алғашқы жинағын оқып шыққаннан кейін оң пікір білдірген.

Содан бергі уақытта Өтеш Қырғызбаев ұстаз сенімін ақтай білген қаламы жүйрік журналист, көркем ойлы жазушы болып қалыптасты. Әдебиет пен өнер саласында бұрын-соңды Созақ өңірінен шыққан тарлан таланттар Тәкен Әлімқұловтың, Асқар Сүлейменовтің, Төлеген Тоқбергеновтің шығармашылық дәстүрін одан әрі жалғастырып келеді.

Ол елу жылға жуық қалам тербеп, оннан астам прозалық кітап жазды. Олардың ішінде әр жылдары жарық көрген «Сүгір», «Аллаһу» романдары, «Тарланбоз Тәкен», «Асқаршың», «Қобызшы Жаппас Қаламбаев» және «Созақ қасіреті», «Ұлым менің, ғұмырым менің» атты деректі повестері мен көркем хикаят, әңгімелер жинақтары жұртшылыққа жақсы таныс. «Ақбөкендер ауған жаз» атты повесі 2008 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Жерсу» корпорациясы ұйымдастырған балалар шығармаларына арналған бәйгеде екінші орын алды.

− Шынымды айтсам, о баста жазушы болам деп ойлаған жоқпын. Әкем Өтеулі алты жасымда өмірден өтіп, жоқшылық қамыты мойныма ерте түсті. Анам Ақжан шиеттей төрт баланы жеткізу үшін белін бекем буып, тер төкті. Әкеміздің көзі кеткен соң қоржын тамның есігін анамыз іліп алатын болды. Алғашқыда әкем қайтып келетіндей көрініп: «Апа, апа, апатайым, ілмеші, ілме есікті, Келіп қалар, келіп қалар, әкем неге кешікті?», – деген шумақ ойыма оралды, – деп өткен күндерді еске алады ол. Осы шумақты іштей қайталап жатып, көзім ұйқыға кететін. Бала кезімде сурет салуға да қызықтым. Қара тушпен табиғат көріністерін, балалар ұғымына жеңіл суреттер салдым. Қолына қолғап киген баланы бұзаумен қосып салып: «Боламын деп боксшы, бұзауменен шоқысты. Болғанымен күшті, нокаутқа түсті» деп жазып, «Қазақстан пионеріне» салып жіберсем, газетте жарық көріп тұр. Мектеп оқушылары арасында сурет салудан бәйгеге қатысып, жүлде алып, орыс суретшісі В.Саврасовтың кітабын олжаладым.

Өтекең қаламы төселген журналист ретінде қоғамның күнделікті өміріне белсене үн қатып отырады. Өткен жылдар бедерінде «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық байқауында бірінші орынды иеленді. Алматы қаласындағы жарнамалар мен маңдайша жазулар, ақпараттық хабарламалардағы қателер, шетел тілінде жарнамалануы, көрнекіліктерінің талапқа сай болмауы, сауда, бизнес орталықтарының шет ел тілінде рәсімделетіні туралы жазылған мақалалары «Алматы ақшамы» газетінің бетінде үзбей жарияланып келеді.

Созақ өңірінде журналист болып қызмет атқарған жылдары көп зерттеген тақырыбы – Сүгір күйші мен отызыншы жылғы Созақ көтерілісі туралы болды. Даңқты күйші мен қанды қырғынды көзі көрген тірі куәлардың 70-80-ші жылдары көзі бар еді. Сол қарттардың естелік әңгімелері шындық оқиғалардың арқауына айналып, ұзақ жылдық еңбектің арқасында жазушының «Сүгір» және «Созақ қасіреті» романдары мемлекеттік тапсырыспен «Ана тілі» баспасынан жарық көрді. Одан бұрын бұл тарихи романдардың журналдық нұсқасы «Жұлдыз» журналында жарияланған болатын.

Өтеш Қырғызбаев «Қобызшы Жаппас Қаламбаев» деректі повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы Өтештің «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» атты кітабына: «Термин мәселесімен айналысып жүрген жандардың есіне сала кеткім келіп отырған бір жайт бар. Әңгіме ісләмтану ілімінің қалыптаса бастағаны туралы. 2008 жылы жұртшылық қолына тиген жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» дейтін кітабын ерекше атауға болады. Бұл ісләмтану іліміне қосылған үлкен үлес болды. Егер ғылым әлеміндегі бұрынғы жүйе орнында болғанда, бұл еңбекті ғылыми атақ беретін ғылыми кеңеске ұсынуға болар еді», деген пікірі есімізде қалыпты.

Студент кездің өзінде көлемді мақалалары мен әңгімелері газет-журнал бетінде үзбей жарық көріп, қаламы қалыптасқан қаламгер ретінде танылып қалған еді. Өзінің қатарластары арасында алғашқы кітаптарын шығарып үлгерген де сол болды. Бұдан елу жыл бұрын ерте танылған Өтеш сол баяғы қарқынынан әлі танбай жазып келеді. Бір жазғаны екіншісіне, бір көтерген тақырыбы екіншісіне ұқсамайды. Күннен-күнге түрлендіріп, тартымды, көркем жазуды еркін меңгеріп алған. Ол бүгінгі оқырманға не керек екенін жақсы біледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin