Шымкентте Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ауызашар берілді

Халық он екі айдың сұлтаны Рамазанды – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай деп біледі.
Бүгін Рамазан айының құрметіне Шымкент қаласындағы «Elegant» тойханасында ҚР Президентінің атынан ауызашар берілді. Оған қаланың ардагерлері, зиялы қауым өкілдерімен қатар еңбек адамдары, көп балалы аналар, ҮЕҰ белсенділері, ҚХА мүшелері, мүмкіндігі шектеулі жандар және белсенді жастар өкілдері қатысты. Құран оқылып, асқа бата берілгеннен кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз алып, Рамазан айының қадірі мен қасиеті жайлы айта келіп, әлемде тыныштық болуын, дәл қазір Қазақстанға бейбітшілік пен татулық, бірлік аса қажет екенін, Мемлекет басшысының Үкіметті осы мақсатқа жұмылдырып отырғанын тілге тиек ете отырып, ораза ұстаған ағайынға Президентіміздің сәлемін жеткізді. Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Бекет Тұрғараев та ел бірлігі туралы ойларын жұптады. Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Әбдірахманов ел аузындағы дінге байланысты қате ұғымдарға түсініктеме берді.
— Мемлекет басшысының қасиетті Рамазан айында берген ауызашарына қатысып, Президентіміздің дастарханынан дәм таттық, — деді көп балалы ана Әнипа Ысқақова.
Үлгілі отанасының бүгінде 21 немересі, 10 шөбересі бар.
Алладан елімізге тыныштық пен бейбітшілік тілеген әже Мемлекет басшысына «Халықтың алғысына бөлене берсін!» деген ақжарма тілегін айтты.
15 наурыз — Қайырымдылық күніне орай берілген ауыз ашарға қатысқан ағайындар халық әндерін тыңдап, жандары жадырап қайтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 
Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin