Түркістан облысы: Созақ ауданында Республика күніне орай «Жаса, жайна Қазақстан!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды

Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Ұлттық мереке — Республика күніне арналған «Жаса, жайна Қазақстан!» атты салтанатты шара өтті.

Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталған шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов Республика күні мазмұны жағынан маңызды, тарихи мереке екенін атап атап өтті.

— 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда «Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс» — деп, 25 қазанды Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Осылайша 13 жылдан бері елеусіз қалған атаулы күнді, ел Президенті қайта жаңғыртты. Республика күні мазмұны жағынан маңызды тарихи мереке екенін атап өткеніміз жөн. Бұл мерекенің қайта жаңғыруы – Жаңа Қазақстан өкілдерінің өз тарихи бастауын мойындауы болып табылады. Сондықтан осынау күн тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегінің символы болып қала береді. Ұлттық мереке күні баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, мол бақыт, баянды да ұзақ ғұмыр тілеймін, — деген аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Әбілдаұлы еңбек ардагерлерінен бастап, түрлі салада табысты еңбек еткен бірқатар маман иелерін алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мыңжасар Асқаров ізгі тілегін арнап, бірқатар сала мамандарына Мемлекеттік мекемелер кәсіподағы Түркістан облыстық комитетінің «Еңбек озаты» төсбелгісі мен Түркістан облыстық салалық кәсіподағының «Құрмет» грамотасын табыс етті.

Мерекелік шара «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруындағы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған жұртшылық шат-шадыман күйде тамашалады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin