Түркістан облысы: Созақ ауданында саяси науқанға қатысты жиын өтті

Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ақәділ Сатыбалдының төрағалығымен жиын өтті. Жиынға аудан прокурорының орынбасары, әділет кеңесшісі Алмас Жағыппаров, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әбубәкір Сахиұлы және ауыл, кент округ әкімдері мен бірқатар бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Жиынның күн тәртібіндегі мәселе 5 қараша күні өтетін Созақ ауданы әкімі сайлауын өткізу барысы жан-жақты пысықталды. Аудан прокурорының орынбасары, әділет кеңесшісі Алмас Жағыппаров өз сөзінде аталған саяси науқан заң талаптарына сәйкес өту керектігін ескертті. Сонымен қатар, барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында пандустар, токтилді жолақтар, сілтеуіштер, арнайы бұрыштармен қамтамасыз етіліп, толық жағдай жасалу керектігін айтты.

Еске салайық, 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау 5 қарашада өтеді.

«Биыл аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауы алғаш рет пилоттық режимде өтеді. Заңнамаға сәйкес, пилоттық өңірлердің тізбесін және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды өткізу күнін белгілеу жөніндегі өкілеттіктер мәслихаттарға бекітілген. Сонымен 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітті. Оның ішінде — 3 қала және 42 аудан. Сондай-ақ сайлау өткізу күнін белгілеп шықты. Мәслихаттар қабылдаған шешімдер негізінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау қараша айының бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада өтеді», — деген болатын Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сондай-ақ «Сайлауды жариялау, дайындау мен өткізуді ұйымдастыру, сондай-ақ қорытындылау бойынша айрықша құзірет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі екенін тағы да атап өткім келеді. Орталық сайлау комиссиясының осы науқан шеңберіндегі құзіреті әдістемелік және нормативтік қамтамасыз етуде. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық окургтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында іс жүзінде асырылып келеді. Бұл тәсілде сайлау комиссияларының тәуелсіздігі туралы сайлау заңнамасының конституциялық қағдиаты, олардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қызметіне араласпау толық көлемде жүзеге асырылады, — деді ол.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin