Түркістан облысы: Созақ ауданының басшысы шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесті

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон бойындағы шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесті. Сапар барысында «Бабата-1» ЖШС егістігінде болып, онда мал азығының бағасы, жерді тиімді пайдалану, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, жұмыс жүргізетін азаматтарға беру жайы талқыланды.

«Бабата-1» ЖШС төрайымы Сәуле Қалдыбекованың айтуынша, биыл 120 гектарға бидай өнімі, 595 гектар алқапқа жоңышқа егілген.

Бұдан соң аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы арнайы «Бірлік» шаруа қожалығына барды. Онда жүріп жатқан күзгі дала жұмыстарымен танысып, өнім көлемі мен сапасын назарға алды. Сондай-ақ биыл ауданда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармайға ниет білдіруші ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 240 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінгенін айтып өтті.

Бүгінде «Бірлік» шаруа қожалығы 10 гектар алқапқа арпа дақылдарын егіп, ору науқанын бастап кеткен.

— Биыл астық ору науқанын өткен жылмен салыстырғанда 10-15 күн ерте бастадық. 3 комбайн жұмыс істеуде. Бірер күнде шашпай-төкпей жиын терінді аяқтап қаламыз, — дейді жұмыс басында жүрген шаруалар.

Айта кетейік, биыл теріскейлік шаруалар ерте көктемнен бастап көктемгі егістік жұмыстарына белсене кірісіп, бүгінгі таңда 14302 гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде: бидай – 320 гектар, арпа – 1125 гектар, жүгері – 817 гектар, картоп – 494 гектар, мақсары –100 гектар, көкөніс пен бақша дақылдары 964 гектар аумаққа егілді. Сонымен қатар, жаңа жоңышқа 2246 гектарды құраса, өткен жылмен қосқанда 9217 гектарға жетіп отыр.

Аудан көлемінде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарында 368 ауыл шаруашылығы техникасы бар, оның ішінде 160 трактор, 5 комбайн, 70 тіркемелер және 133 басқа да қосымша техникалар бар.

Орайы келгенде айта өтейік, ауданда Республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясындағы жұмыстар қарқынды іске асуда.

Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталған жоба аясында Құмкент ауылдық округі тұрғындарының қатысуымен де жиын өткізді. Онда ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиенің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп өтті.

Шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар көкейдегі сауылдарын жолдап, сала мамандары тарапынан толықтай жауап берілді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша Созақ және Құмкент ауылдық округтерінен 70 азамат құжат тапсырып үлгерді. Оның ішінде Құмкен ауылдық округінен 9 азамат 35 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, 17 азаматтың құжаттары 69 миллион теңгеге мақұлданды. Дәл осылай Созақ ауылдық округінде 12 азамат 55,500 миллион теңге несие алып, 36 азаматтың құжаты 158, 250 миллион теңгеге мақұлданып отыр.

Сонымен қатар, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Бүгінде Жартытөбе ауылдық округінен «Сенбек-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құрамына 64 азамат тіркелген. Шолаққорған ауылдық округі бойынша «Созақ Агро өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 70 адам тіркелді. Кооператив мүшелерін тіркеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Тіркелген азаматтардың бірқатары құжаттарын тапсырып та үлгерген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.