Түркістан облысы: Қазақстан тарихындағы ерте темір дәуірі жәдігерлерін паш ететін көрме отырарлықтарға ұсынылды

25 қазан – Республика күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен 11-26 қазан аралығында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының Сапар орталығында «Ерте темір дәуіріндегі Қазақстан» атты көрмесі ашылды.

Көрмені ашып беру үшін алғашқы құттықтау сөзді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Құлмаханов Айдос Құлмаханұлына және археолог-ғалым Алдабергенов Нұртаза Орынханұлына, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры міндетін атқарушы Махашов Жангелді Меңлібайұлына берді. Олар елімізден алтын адамның табылуы түп-тамырымыздың қайдан бастау алғанын және ата-бабаларымыздың рухани һәм материалдық мәдениетінің озық үлгісін көрсететіндігін айтып, көрмені ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Одан соң, аудандық өнерпаздардың ән-шашуы орындалып, іс-шараға жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Келесі сөз «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім жетекшісі Құрбанәлі Жазираға беріліп, ол көрменің мақсатына, ондағы жәдігерлердің құндылығына тоқталды.

Қазақ батырларының негізгі ұрыс түрлерінің бірі – қылыштасу. Уақыт өткенімен бұл өнер халық дәстүрлерінен ғайып болды. Бүгінгі таңда өз халқының тарихына бейжай қарамайтындар қылыштасу өнерін жандандырып жатыр. Осы өнерді қайта жандандырып жүрген «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері, реконструктор Байдаралин Даниярдың «Сақтардың бес қару өнерін» тамашалаған көрермендер оның өнеріне тәнті болды.

Іс-шараның басты бөлімі – көрменің лентасы қиылып, көрмемен таныстырған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім жетекшісі Жазира Құрбанәлі ерте темір дәуірінен көптеген мағлұматтар берді.

Көрме экспозициясынан ерте темір дәуіріне тиесілі сақ-үйсін мәдениетіне тән үш тағанды қазан, Алтын адамның күміс тостағаны мен алтын жүзігі, түпнұсқа қыш ыдыстары және т.б. Жетісу жауһарлары мен Шығыс, Батыс, Орталық Қазақстан аумақтарынан табылған құнды жәдігерлердің жаңғыртпалары орын алды.

Көрмені 26 қазанға дейін Отырар ауданының тұрғындары мен қонақтары «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының Сапар орталығының көрме залынан тамашалай алады.

Еске салар жайт, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қаңтардағы № 43 қаулысымен, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК-ы ретінде құрылды. Музей-қорықтың орналасқан Есік қорымының аумағындағы қорғандарының бірінде 1970 жылы әйгілі Алтын адам табылған. Осы Іле Алатауының етегінде екі мың жылдан астам уақыт бұрын парсылар «сақтар», гректер «скифтер» деп атаған тайпалар өмір сүрген. «Есік» қорық-музейі 2012 жылы ғылыми қызмет көрсету субъектісі ретінде аккредиттелсе, 2011 жылдан бастап мемлекеттік лицензия негізінде археологиялық жұмыстар жүргізеді. 

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.