Түркістан облысы: Қытайлық және австриялық компаниялар Жетісай ауданына инвестиция салуға ниетті

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Қытай Халық Республикасынан келген делегацияны қабылдады. Делегация құрамында Шаньдун провинциясының Цзыбо қаласындағы «Noah Ark» Company» сауда компаниясының өкілдері Лю Хайгуа мен Чен Бин, қазақстандық «Sogdians» ЖШС өкілдері Олжас Сулейменов пен Елдар Төлеш болды.

Еркін форматта өткен кездесу барысында су шаруашылығы мен көпір, автомобиль және темір жол салу, бидай экспорты мен импорты, ауыр жүк көліктері мен жолаушы тасымалдаушы, жедел жәрдем көліктерін, жеңіл көліктер мен қосалқы бөлшектерін, ауыл шаруашылығы техникаларын, сүт өнімдерін терең өңдеуге арналған құрал-жабдықтарды сатумен айналысатын «Noah Ark» Company» сауда компаниясының өкілдері Лю Хайгуа мен Чен Бин Жетісай ауданының шаруаларынан жүгері, арпа, кебек, қант қызылшасы, қой және сиыр, тауық еттері мен мақта шикізатын, күнбағыс сатып алуға ниетті екендіктерін жеткізді.

«Инвесторлар тарапынан ауданға мақта шикізатын терең өңдеп, дайын өнім, яғни, жіп иіріп, мата тоқитын, киім тігетін, мақта майы мен мал азықтарын өңдейтін зауыт пен аудандағы электр тапшылығын жою үшін күн электр станциясын салу керек. Одан бөлек, шикізатынан қиындық болмайтын бақша дақылдарын өңдейтін кәсіпорындар да салуға атсалыссаңыздар» — деген аудан басшысы ауданға инвестиция салатын кәсіпкерлерге инфрақұрылым жеткізіп беру мен жеңілдетілген несие алу мәселелері бойынша көмек көрсетілетінін жеткізді. Екіжақты айтылған ұсыныс-пікірлер талқыланды. Қазақы салтпен қонақтардың иығына зерлі шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Ресми кездесуден соң аудан әкімі делегация мүшелеріне Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол» шаруа қожалығының мақталық алқабын, Мақталы ауылдық округіндегі «Мақталы Агро» ЖШС базасындағы қауынқақ, қытырлақ (чипсы) өндіретін шағын цехтың және Мақтаарал ауданының Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Атамекен МК» ЖШС-не қарасты мақта өңдеу зауытының жұмысымен таныстырды.

Қытайлық «Noah Ark» Company» сауда компаниясының өкілдері нақты шешімге келу үшін арнайы сараптамадан өткізу мақсатында өңделген мақта талшығы мен қауынқақ, қауын қытырлағынан (чипсы), мақта шиті мен жүгеріден сынамалар алды.

Ауданда өсірілетін техникалық дақыл мен бақша өнімдері инвесторлардың талаптарына сәйкес келсе, ауданда тағы бірнеше күн электр станциясы, мақта талшығын терең өңдеу, қауыннан қытырлақ (чипсы) мен йогурт, қауынқақ, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар салынатын болады.

Шынын айту керек, қазір қай салада болса да, отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін отандық табиғи, таза өнімдердің құрауы аса маңызды. Алайда, бүгінгідей ашық экономикалық кеңістікте шетел өнімдерін ығыстыру жоғары бәсекелестікпен қатар, тауар өткізудегі жүйелі жұмысты да талап етеді. Олай дейтініміз, сапасы жағынан елімізде өндірілетін өнімдер шетелдіктерден қалыс қалып отырған жоқ, бірақ, біздің елде шикізатты өткізу, терең өңдеу тұрғысынан біршама қиындықтар бар.

Міне, осы қиындықтарды еңсеру мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне инвесторлар тарту арқылы кәсіпорындар салу, жаңа жұмыс орындарын ашу жайында тапсырма берген болатын.

Өңір басшысының тапсырмасы аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов австриялық инвесторларды қабылдады.

Құрамында Австрияның Вена қаласында орналасқан «Hilfswerk International» компаниясының басшысы Стефан Фритз және аталмыш компанияның қаржы директоры Бернард Степанек, болгариялық Стоянка Монолчева бар делегацияны «Hilfswerk International» компаниясының Орталық Азиядағы өкілдері тәжікстандық Умет Асланов бастап алып келді.

Аудан әкімімен қатар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев пен Жетісай ауданы бойынша Ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Талғат Бапаев қатысқан кездесу барысында Австрия инвесторлары аудандағы шаруа қожалықтарының өндірген жеміс-жидек, бақша өнімдерінің экспортқа шығырылмайтын бөліктерін жергілікті жерде қайта өңдеу, яғни, суглимация жасау арқылы дайын өнімдер шығаруды жоспарлап отырғандықтарын, осы орайда, компания қазіргі таңда Ынтымақ ауыл округінің Әден ата ауылында арнайы өндіріс орнын ашу үшін жер қарастырып, құжаттандыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, жергілікті диқандардың өсірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау, сақтау және сату барысында туындайтын мәселелерді шешуге, көмектесуге атсалысатындарын жеткізді.

Өз кезегінде аудан әкімі Серік Үсенұлы аудан аумағында өндірілетін дақылдардың басым бөлігін мақта шикізаты құрайтынын, бақша мен көкөністің де жеткілікті мөлшерде егілетінін және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға ниетті кез келген шетелдік инвесторға аудан әкімдігі тарапынан заң аясында қолдау мен көмек көрсетілетінін айтты.

«Бүгінде ауданға келген инвесторлардың бәрі бірдей кәсіпорын немесе зауыт-фабрикалар салады деген сөз емес. Біз қазір әртүрлі салаларда халықаралық деңгейде жұмыс істеп жүрген шет елдік компанияларды ауданға шақырып, аудандағы шикізат түрлерімен таныстырып жатырмыз. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін шикізаттарды терең өңдейтін кәсіпорындар салу жайлы ұсыныстарымызды жасап жатырмыз. Біздің оларға, олардың бізге жасаған ұсыныстары терең зерделеніп, зерттеліп, тиімділігі мен пайдасына толық көз жеткізген жағдайда ғана екіжақты келісімшарт жасайтын боламыз» — дейді аудан әкімі.

Шет елдік инвесторлар аудан әкімінің қабылдауынан соң аудандық «Кәсіпкерлік орталығында» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп пікір алмасты. Сұрақтарына жауап берді.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов айтуынша, биыл 9 айда ауданның негізгі капиталына 16,6 миллиард теңге инвестиция салынған. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21 мыңнан асып, олардың өндірген өнім көлемі 26,5 миллиард теңгеге жеткен.

– Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парк құру үшін арнайы жер белгіленді. Қазіргі таңда тиісті құжаттары рәсімделуде. Бұдан бөлек, өзбекстандық инвестормен бірлесіп тоқыма фабрикасын салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл мақсатта Асық ата кентінен 5 гектар жер бөлініп, бірлескен «TST GROUP» компаниясы құрылды. Инвесторға өнеркәсіпті даму қоры арқылы 7,6 миллиард теңге жеңілдетілген несие беру қарастырылуда. Сонымен қатар, ресейлік инвестормен бірге жоңышқа грануласын өндіру және өзбекстандық инвестормен бірлесе жібек жібі мен қант өндірістерін құру жобалары бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — дейді Серік Үсенұлы.

Сонымен қатар, ауданда биылғы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 69,2 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ, 321 шаруа қожалығының иелері 1 236 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырған. Одан бөлек, ауданда мақта жинау науқаны жүргізілуде. Бүгінгі күнге 117 мың тонна өнім жиналған.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша ауданда 2 газ таратушы станция құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауданды газбен қамту көрсеткіші 60%-ға жетпек. Сонымен қатар, 2023 жылы аудан бойынша жалпы 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ды құрап отыр.

Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасы аясында ауданда биыл 9 айда 10 327 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасы аясында 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin