Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сауран ауданында іссапармен болды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Сауран ауданында жұмыс сапарымен болды. Ол Қарашық ауылдық округіндегі «Тұран» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Шаруа қожалығы мақта егумен айналысады. Мақта өңдеу цехі бар. Биыл 800 гектар егістік жерге «Түркістан» сортындағы мақта еккен. 1 гектардан 45 центнер өнім алынады деп күтіліп отыр.

Сауран ауданы бойынша 2022 жылы 12771,9 гектар егістік жерге шитті мақта егіліп, (33 центнер) 42147 тонна өнім жиналған. Ағымдағы жылға 11666,0 гектар егілді. Болжам көлемі (34 центнер) 39665 тонна жиналады деп күтілуде. Бүгінгі күнге 155,0 гектар мақта терілді.

Ауданда 6 мекемеге қарасты 16 мақта қабылдау бекеті мақта қабылдауға дайын.

– Біздің мақсат мақта жиын-терімін өз деңгейінде аяқтау. Зауыттарға келіп, ондағы шикізатты қабылдауға арналған құрылғылардың жағдайын білу, диқандар өнімін жекеменшік зауыттарға өткізгенде барынша тиімді сатуына ықпал еткіміз келеді. Әрине зауыттар да, диқандар да жеке кәсіпкер боп саналады. Алайда біз мемлекет тарапынан екіжақты келісімдер жасасуға көмектесіп, бақылауда ұстағанымыз дұрыс, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Сауран аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Сауран ауданы бойынша 2022 жылы шет мемлекеттерге мақта дақылдарын өткізген. Олар: «Картекс Агро» АӨК — Ресей федерациясына ауыр жүк көліктері арқылы 200 тонна мақта жіберген. «Картекс Агро» АӨК Чехия, Латвия елдеріне SIA «Trans Trade Logistic» логистикасы арқылы 200 тонна мақта жіберген. «Goldеn Cotton» ЖШС – Ресей Федерациясына 136 тонна, Иран еліне – 250 тонна, Молдова еліне 100 тонна мақта дақылын жіберген. Сауран ауданы бойынша мақтаны терең өңдейтін кәсіпорындар жоқ.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы техникалық дақылды егетін аудан шаруаларының еңбегін бағалауда және өнім жинауда заңсыздықтардың алдын алу мақсатында мақта саласы бойынша күзгі жиын-терім науқанында бақылаушы мобильді жұмысшы тобы құрылған болатын. Аталмыш топ мүшелері удандардағы мақта өңдеу зауыттары мен мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханаларымен таразыларына тиісті бақылау жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Сала мамандарының мәліметінше, мәселен, Жетісай ауданындағы «Мақта Капитал» ЖШС мен «Корпарация Евразия» ЖШС мақта өңдеу зауыттары мақтаның келісін 220 теңгеден белгілеп, 5000 тоннадан өнім қабылдаған. Шаруаларға тоннасына 100-150 мың теңге аралығында аванс төленуде.

Айта кетейік, Жетісай ауданы бойынша биылғы жылы 45,2 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, қазірде 28 мың гектар алқаптан 60,7 мың тонна өнім жиналған. Күзгі жиын-терімге 200-ден астам мақта теру комбайны мен 40-тан астам бригада қатысуда.

Одан бөлек, 7 мақта өңдеу зауытының 80 мақта қабылдау бекеті тұрақты жұмыс істеп тұр.

Ал Мақтаарал ауданындағы «Zhanasyl» мақта зауыты — жылдық қуаттылығы 60 мың тонна мақта талшығын шығарады. Қазіргі таңда 7000 тонна мақта қабылдаған. 2 ауданда 9 бірлік мақта қабылдау бекеттері бар. Мақта бағасы зауытта 250 теңге, бекетте 246 теңге.

«Береке ММА» мақта зауыты — жылдық қуаттылығы 10 мың тонна мақта талшығын өндіру. Қазіргі уақытта мақта бағасы 220 теңге, сонымен қатар ірі шаруаларға мақтасын өңдеу қызметін қоса атқаруда.

Ал, «Қазақ Ресей Мақта өңдеу зауыты» — қазіргі таңда зауыттарға және шаруаларға мақтаны өңдеу қызметін көрсетуде.

Шардара ауданындағы ірілері — «Нимэкс» және «Аисиси» мақта зауыттары.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, бүгінде мақта қабылданып, шаруаларға аванс ретінде ғана қаржы беріп жатыр.

Айта кетейік, Шардара ауданы бойынша биыл 15259 гектар жерге мақта егілсе, оның 5200 гектары, яғни 6673 тоннасы жиналып үлгерді. Жиын-терім қарқынды жалғасып жатыр.

Бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынып жатыр. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. Өңірде жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынатын болады.

— Түркістан облысы мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан, мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Бұл тұста Үкімет тарапынан да, облыс әкімдігі тарапынан да барынша қолдау көрсетілуде. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Біздің өңірімізде өндірісті дамытудағы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өңірлік бағдарламаларды қабылдау, осы бағыттағы жұмыстарға күш салу, жеңіл өнеркәсіпті арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие, — дейді Ермек Кенжеханұлы.

Сондай-ақ кездесулерде жылына 300 мың тоннадан астам мақта өндіретін өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі айтылды.

Айтылған ұсыныстарға байланысты мақтаны сатып алушы трейдер компаниялардың былтырғы мақтаны әлі де толықтай сата алмағандығы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізген жұмысшы топ өкілдері заңдылықтарын түсіндірді.

Шаруалар тарапынан мақта кластерін дамыту, өнім сапасын арттыру бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді, көтерілген мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.

Қыркүйектің 22-сінде вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен Түркістан облысының әкімдігінің өкілдері мен мақта өсірушілері, мемлекеттік органдардың, «Бәйтерек» холдингінің, ҚТЖ ұлттық компаниясының басшылары мақта саласын дамыту перспективалары мен қолдау мүмкіндіктерін талқылады.

Түркістан облысы еліміздің мақта өсіретін жалғыз өңірі болып табылады. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл салада 70 мыңға жуық диқан жұмыс істейді. 2022 жылы 362 мың тонна мақта жиналды, биыл 300 мың тонна деңгейінде күтілуде. Жаппай егін жинау науқаны қыркүйектің үшінші онкүндігінде басталады.

«Өткен жылдан бастап бұл сала жағымсыз сыртқы факторлардың қатты қысымына ұшырады. Бұл – экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегінің бұзылуы, шетелдік трейдерлер тарапынан қазақстандық шикізатқа сұраныстың төмендігі, биржада шикізаттың төмен бағасы»,  деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

Аймақ әкімдігі мақта-тоқыма кластерін салу жобасын әзірледі. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылатын болады. Күтілетін нәтиже – 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, бюджетке жыл сайын шамамен 26,2 млрд теңге түсім. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында Global Textile компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті.

Сондай-ақ отандық тоқыма кәсіпорындарын қолдау үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық қамту үлесін 70%-ға дейін арттыруды ұсынды. Содан кейін қорғаныс, білім беру, медициналық, теміржол және басқа салалардан тоқыма өнімдеріне сұраныс отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Елде тоқыма, тігін өнеркәсібімен қатар жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту да мақта саласын толыққанды дамыту үшін қажет. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55%-ын тұқыммен қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинның айтуынша, мақта шаруашылығы саласының мәселелері барлық мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Негізгі субсидиялардан басқа (минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар, жеңілдетілген несиелер және т. б.) саланы қолдау бойынша шаралар қабылдануда. 

«Ірі түрік мақта тұқымын өндірушілермен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша 1000 тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, алайда фермерлер оларды толық сатып алған жоқ. Ел аумағында халықаралық талаптарға жауап беретін сипаттамалары бар мақта сорттарын өсіру үшін түрік селекционерлерімен бірлесіп 37 мақта сорты егілді. Бұдан басқа, субсидиялау қағидаларына фермер мен зауыт арасындағы шарттар негізінде субсидиялар алу мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізілді», — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 

Сондай-ақ мақта тұқымын субсидиялау нормативтерін арттыру мәселесі шешілу сатысында тұр. Ауыл шаруашылығы министрі бұйрығының жобасы әзірленді, онда элиталық мақта тұқымдары бойынша нормативтерді қазіргі 300 мың теңгеден 653,1 мың теңгеге дейін көтеру көзделеді, бұл — сапасы жоғары импорттық тұқымдардың қазіргі құнының 70%-ы. 

Кеңес қорытындысы бойынша министрлікке Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда мақта шаруашылығының тұқым шаруашылығымен айналысуға қолдау көрсету жөніндегі іс-шараларды көздеу тапсырылды. Атап айтқанда, отандық тұқым өндірісін субсидиялауды 80%-ға дейін ұлғайту, түрік тұқымына ұқсас тұқым сапасының стандартын әзірлеу. Болашақта мемлекет қызметі белгіленген стандарттарға сәйкес келетін фермерлік шаруашылықтарға қолдау көрсететін болады. Түркістан облысының әкімдігі мақта саласын дамытудың және мақта кластерін қолдаудың өңірлік бағдарламасын әзірлейді және бекітеді. Өнеркәсіп министрлігі басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өз сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар өнімділікті арттырып, ылғалдың сақталуына оң әсер ететін мақта шаруашылығында топырақтың лазерлік жоспарлағышын пайдаланудың табыстылығын ескере отырып, АӨК нысандарына осы техниканы сатып алуға өтемақы үлесін ұлғайтуды қарастыру туралы шешім қабылданды.

Осы ретте назар аударар тағы бір жайт, биыл жыл басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.

Тұжырымдама жобасы ағымдағы жылдың ақпан айының 7 – 10 күндері аралығында облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен барлық аудан, қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, бөлім басшылары, мамандарымен  жан-жақты талқыланып, 2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіші ауыл округтері кесіндісінде, аудан/қала әкімдерімен бекітілді.

Сонымен, 2023 жылы мақта кластерін дамыту келесі көрсеткіштерге қол жеткізіледі деген меже бар:

Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді болып отыр.

Елде мақта талшығын терең өңдейтін 3 кәсіпорын бар («Azala Textile» ЖШС, «Azala Cotton» ЖШС, «Ютекс-KZ» АҚ). Бүгінгі таңда тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді, облыста өндірілген мақта талшығының 18 %-ға жуығы қайта өңделеді.

Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу көзделуде.

Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.

Қазіргі таңда, жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгізілді.  

Жалпы, Түркістан өңірінде 70 мыңға жуық фермер жұмыс істейді. 2022 жылы 362 мың тонна мақта жиналды, биыл 300 мың тоннаға жуық мақта жиналады деп күтілуде. Өңірде жаппай егін жинау науқаны басталды. Бұл сала соңғы жылдары жағымсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырауда. Экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегі бұзылды, мақта сапасының төмендігінен шетелдік трейдерлер тарапынан қазақстандық шикізатқа сұраныс азайған. Биржадағы шикізаттың бағасы төмен.

Өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі сала мамандары тарапынан айтылып жүр.

Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта-тоқыма кластерін салу жобасы әзірленді. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылады. Нәтижесінде 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайынғы түсімдердің көлемі 26,2 миллиард теңгеден аспақ. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Осы орайда Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде «Global Textile» компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті.

Мақта саласын тоқыма және тігін өнеркәсібімен толыққанды дамыту үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамытуға күш салынған. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын қамтамасыз етеді. Тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Мақта шаруашылығы саласының проблемалық мәселелері барлық мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Негізгі субсидиялардан басқа (минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар, жеңілдетілген несиелік ресурстар және т.б.) саланы қолдау үшін шаралар қабылдануда. Түркияның мақта тұқымын өндіруші ірі компанияларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1 мың тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Наманган – 77» тұқымдық шиті сынама ретінде егілді. Алайда фермерлер жаңа тұқымын ауыстыруға асықпай отыр.

Шаруалармен кездесуге келген Global Textile компаниясының өкілі зертхана нәтижесімен бөлісті. «Наманган» мақтасы еуропалық сынамалардан өткен және барлық талаптарға сай. Сапа артпай, сұраныс өспейді. Сондықтан болашақта мемлекет қызметі белгіленген стандарттарға сәйкес келетін фермерлік шаруашылықтарға ғана қолдау көрсетеді.

– Мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Біз үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие, – дейді Дархан Сатыбалды.

Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Cotton мақта» зауыты жылына 60 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Жоба құны – 3 миллиард теңге. Биыл іске қосылған кәсіпорын 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мақта талшығын қайта өңдеумен айналысатын «Мырзакент»МӨЗ» ЖШС жылына 65 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Мұнда 450 адам жұмыс істейді. 17 гектар жерде орналасқан зауыт 2014 жылы іске қосылған.

Еске салайық, биыл маусым айының 27-сінде ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға мақта шаруашылығын дамыту, мақташылар жыл сайын тап болатын мәселелері жөнінде сұрақ қойылған-ды. Өңір басшысы аймақта мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан.

– Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан біз тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірледік. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 миллиард теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асырамыз. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән беріледі, – деп еді Дархан Сатыбалды.

Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.

Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген.

Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 миллиард теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген.

Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.

Қыркүйек айында Түркістан облысында «ақ алтын» – мақтаның жинау науқаны басталды. Түркістан облысы — Қазақстандағы мақта егетін жалғыз аймақ. Отандық шикізат Латвия, Молдова, Ресей, Беларус және Түркия елдеріне экспортталады.

Отандық мақта өндірушілердің жарқын мысалдарының бірі – «Рамазан Агро» ЖШС. Кәсіпорын 2009 жылы құрылды, оның иелігінде ауданы 723 гектардан асатын алқаптар және алынған шикізаттың құнын дайын өнім түрінде бірнеше есе арттыруға және көктемгі егіс жұмыстарынан бастап шитті мақтаны өңдеу аяқталғанға дейін жыл бойы үздіксіз өндірістік процесті қолдауға мүмкіндік беретін жеке мақта өңдеу зауыты бар. Кәсіпорынның 60-қа жуық жұмысшысы болса, зауытта егін жинау науқаны кезінде 350-400-ге дейін жұмысшы істейді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары Бекжан Жұқабаев атап өткендей, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірдегі шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде. «2023 жылы филиал жергілікті фермерлерге 9,5 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бойынша өршіл жоспарын белгіледі. Бүгінгі күні жылдық жоспардың 74 пайызы орындалды, яғни 7,3 миллиард теңгенің құрал-жабдықтары бенефициарларға жалға берілді. Бұл сандық көрсеткіште 575 техника, оның ішінде 176 бірлік мақта жинауға арналған. Осылайша, біз бірлескен күш-жігер арқылы мақта жинау науқанын табысты өткізуге, облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға күш саламыз», – дейді Бекжан Жұқабаев.

Бекжан Жұқабаевтың айтуынша, «Рамазан-Агро» ЖШС жоғары технологиялық техниканы пайдаланады. Қожалықтың меншігінде 120-дан артық техникасы бар: John Deere мақта комбайндары, John Deere және «Беларус» доңғалақты тракторлары, трактор тіркемелері, алдыңғы және телескоптық тиегіштер, культиваторлар, сепкіштер, соқалар және тағы басқалары.

«Технологияның арқасында орта есеппен гектарына 25-26 центнерден өнім алған егіншілік гектарына 40 центнерге дейін өнім алуда. Біз PROGEN TOHUM түрік өндірушісінің элиталық тұқымын қолданамыз. Өткен жылы 20 мың тоннаға жуық шитті мақта өндірсек, биылғы маусымда оның көлемін 25 мың тоннаға жеткізуге жоспарлап отырмыз», – дейді «Рамазан Агро» ЖШС директоры Мейірхан Батырбек.

Жалпы алғанда, компанияның өнімдері, оның ішінде талшық, мақта тұқымы, линт және ұлық ішкі нарықта да, басқа елдерде де қолданылуда.

«Мәселен, өңделген тұқымдар Қазақстанда «Доня» брендімен танымал мақта майын өндіретін «ШымкентМай» АҚ жергілікті кәсіпорнына жіберіледі. Кәсіпорын өңделген мақта шикізатын – мақта талшығын, линтті, ұлықты – Латвия, Молдова, Ресей, Беларус және Түркияға, оның ішінде Cotton CZ s.r.o серіктестігі арқылы экспорттайды. Мақта өндірісі іс жүзінде қалдықсыз», – деп айтты «Рамазан-Агро» ЖШС директорының кеңесшісі Марат Қамбаров.

Мақта дүние жүзіндегі талшық өндірісінің 35%-ын қамтамасыз ететін, әлемдегі ең маңызды дақылдардың бірі болып табылады. Жоғары қосылған құнына байланысты мақта «ақ алтын» деп аталады және оның өндіруі дамушы елдердің экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады. 2021 жылы тамыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 7 қазанды жыл сайынғы Дүниежүзілік мақта күні деп жариялады.

Қорыта айтқанда, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды өсіп келеді. Ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың мәлімдеуінше, биыл аталған саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 8 айдың қорытындысымен 3 миллиард 973 миллион теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Сонымен қатар, биыл 44 080 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 2 057 гектарға көбейген.

Айта кетерлігі, 44 080 гектар жердің 11 666 гектарына шаруалар мақта еккен. Ал, аудан бойынша жылыжай өсіруді 12 гектарға жеткізу жоспарланса, бүгінгі таңда бұл меже 100%-ға толық орындалған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin