Түркістан облысы: Өңір басшысы Мақтаарал мен Шардара аудандарының әкімдеріне шағын және орта бизнесті дамыту бойынша арнайы жол картасын әзірлеп, нақты шаралар қабылдауды тапсырды

5 қарашада Түркістан облысында 4 ауданның әкімі сайланған болатын. Мақтаарал ауданы бойынша сайлауға 3 үміткер қатысып, сайлаушылар тізіміне 70648 азамат енгізілді. Дауыс беруге 46114 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысына сәйкес 29338 дауыспен Мақтаарал ауданының әкімі болып 1962 жылы туған, осыған дейін Мақтаарал ауданының әкімі болып қызмет атқарып келген Бақыт Насырханұлы Асанов сайланды.

Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданы активімен кездесіп, жаңадан сайланған Асанов Бахыт Насырханұлының жұмысына сәттілік тіледі, бірқатар міндет жүктеді.

Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Ерімбетов сайлау қорытындысы туралы баяндап, аудан әкіміне арнайы куәлігін тапсырды.

Облыс әкімі аудан басшысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен бағдарламаларын сәтті жүзеге асыру міндеті жүктеліп отырғанын атап өтті. Тұрғындардың өтініштерін сапалы, уақтылы шешу қажеттігін айтты.

– Мақтаарал – облысымыздағы аграрлық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Ауыл шаруашылығына инвестиция тартып, мақта өңдеу саласында озық технологияларды енгізу бойынша жұмыстар атқарылсын. Егін шаруашылығында кездесетін мәселелерді жедел шешіп, шаруаларды жан-жақты қолдау қажет. Екіншіден, аудан шекаралық аймақ болуына байланысты көрші елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде мақта өніміндерін терең өңдеу тәжірибесін ауданда іске асырған жөн. Үшіншіден, аудан әлеуетін көтеру үшін шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырамын. «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру қажет. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бойынша арнайы жол картасын әзірлеп, нақты шаралар қабылдау керек. Төртіншіден, Мақтаарал ауданында барлық елді мекендерді табиғи газ, сапалы ауыз су және электр энергиясымен қамту бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізілсін. Бесіншіден, білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануы тиіс. Алтыншыдан, ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша нақты жоспар әзірленіп, аудан экономикасына инвестициялар тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша нақты шаралар қабылдаңыз. Жетіншіден, ауданда қоғамдық және құқықтық тәртіпті күшейту, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған нәтижелі шаралар қабылдау – уақыт талабы. Басты мақсат – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Ауыл, елді мекендеріміз жайлы, қауіпсіз, таза болуы қажет. Жаңадан сайланған аудан әкіміне мәслихат депутаттары мен аудан активімен бірлесе отырып, осы міндеттерді орындауды тапсырамын. Мақтаарал ауданын дамыту жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Бақыт Насырханұлы еңбек жолын 1984 жылы «Жетісай ауыл құрылыс» мекемесінде бастаған. 1986 — 1992 жылдары Ленин атындағы кеңшарда құрылыс бөлімінің шебері, Шардара ауданы, Көксу кеңшарында аға прораб болып жұмыс істеген. 1992 — 1997 жылдары Алматы қаласы, «Жібек жолы» сауда базасында және республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қорында басшылық қызметтер атқарған. 1998 — 2008 жылдары Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы басшысының орынбасары болды. 1999 — 2008 жылдары Мақтарал ауданы, Жылы су ауылдық округінің әкімі, 2008 — 2018 жылдары Жетісай қаласының әкімі, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. 2018 жылдың шілде айынан бүгінгі күнге дейін Мақтаарал ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Сонымен қатар елімізде алғаш рет пилоттық режимде өткен аудан әкімдері сайлауының Шардара ауданы бойынша қорытындысымен Шардара ауданының әкімі болып Қарсыбаев Арман Романұлы сайланды. Өңір басшысы бұған дейін ауданды басқарған Қайрат Жолдыбайға ауданның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан активіне жаңа басшыны таныстырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген міндеттерді іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Аудан экономикасын дамыту бағытында жаңа өндіріс орнын ашу, инвестиция тарту, халықпен тығыз жұмыс істеу, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға басымдық беруді міндеттеді.

– Қазіргі заман талабына сай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қоюда. Оның бастысы – тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс атқару. Шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту. Сапалы ауыз сумен қамту. Білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. Жаңа жылдан бастап білім саласын басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер негізінде аудан, қалалардың әкімдіктеріне мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-экономикалық қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Барлық резервтерді ескере отырып, ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Аудан экономикасына инвестициялар тартып, жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Басты мақсат – ауданды дамытып, елге жағдай жасау. Ауыл, елді мекендеріміз жайлы, қауіпсіз әрі таза болуы қажет. Жаңадан сайланған аудан әкіміне мәслихат депутаттары және аудан активімен бірлесе отырып, осы мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырамын. Шардара – елімізде балық шаруашылығы дамыған бірден-бір аудан. «Шардара» су қоймасы – еліміз үшін стратегиялық нысан. Ауданның потенциалы жоғары. Сізден тың идеялар, жаңа бастамалар күтеміз – деді Дархан Сатыбалды.

Арман Қарсыбаев 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы Шымкент әлеуметтік педогогикалық университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2009 жылы Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2001 жылы Шардара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып бастаған. 2006-2018 жылдар аралығында Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, 2018-2020 жылдар аралығында Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметінде болды. 2021-2023 жылдар аралығында Шардара аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. 2023 жылдың наурыз айынан бастап Шардара аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келді.

Өз кезегінде жаңа әкім Арман Қарсыбаев сенім артқан жергілікті тұрғындар мен облыс басшысына алғысын айтып, ауданның дамуы жолында бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыс жүргізетінін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin