Түркістан қаласында жарты жылдың өзінде 9 азаматтың бизнес идеяларына қайтарымсыз қаржылай қолдау шаралары көрсетілді

 «Түркістан қаласының еңбек индикаторына талдау жүргізсек, экономикалық белсенділігі жоғары тұрғындар қатарындағы жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,5 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздық санатындағы тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында Түркістан қаласы әкімінің бекіткен ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары негізінде, халықты жұмыспен қамту орталығының сүйемелдеуімен ағымдағы жылдың І жартыжылдығында жүйелі жұмыстар іске асырылды. Нақтылай кетсек, Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жүгінген 4695 азамат 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының «Еңбек» бағытына тартылып, нәтижелі жұмыспен қамтылды.

Атап айтқанда, жұмыспен қамтудың 2022 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес, жыл ағымында 3155 азаматты тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтамасыз ету көзделсе, ағымдағы жылдың 6 айында Түркістан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығында ресми жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған 1354 азамат экономикалық түрлі салалары бойынша тұрақты бос жұмыс орындарына жолданды». Түркістан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы Жулаева еңбек индикаторындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында ағымдағы жылдың 6 айында атқарған жұмыстары туралы осылай деді.

Орталық басшысының пікірінше, ел экономикасын өрге сүйреп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда айрықша орын алатын, Мемлекет басшысы басты назарда ұстайтын ұлттық жобалардың бірі – әлеуметтік салаға қарасты 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында жыл өткен сайын әлеуметтік саланың әлеуеті артып, жұмыссыздықпен күресу үшін әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі іске асып келеді. Ондағы негізгі мақсат — еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтау, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Ұлттық жобаның түпкі мақсаты да — осы. Жұмыссыздықты жою – бүгінгі күннің басты мәселесі.

«Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі» тапсырмасына сәйкес, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың табысын арттыру мақсатында ҚР Премьер-Министрінің сол тұстағы орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың 2022 жылғы 2 ақпандағы №21-05/05-3090 хаттамалық тапсырмасын негізге алып, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан жұмыспен қамтудың 2022-2025 жылдарға арналған «өңірлік картасы» бекітілген. Бекітілген карта негізінде, жыл ағымында облыс аумағында 444 жобаны іске асыру аясында 33819 жұмыс орындарын құру (оның ішінде: 5087 тұрақты жұмыс, 28732 уақытша жұмыс) көзделсе, Аталған картаның аудан, қала бөліністеріне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша 1179 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттелген. Жыл ағымында ұйымдастырылған қарқынды жұмыстар нәтижесінде іске асырылған 32 жоба шеңберінде 547 жаңа жұмыс орны құрылды» — деп отыр Ақмарал Жулаева.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән беріліп, инвестициялар тарту, кәсіпорындарды көбейту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстар жандандырылып, Түркістан қаласында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Атап айтқанда, жеке бастамалар бойынша 84 шағын және орта бизнес субъектісі өз кәсіпкерліктерін заңдастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға атсалысқан екен (Мысалы: «Balkon» — 22 жұмыс орны, «GoBar» — 15 жұмыс орны, «Coffeе Boom» — 22 жұмыс орны, «Navoiy» — 15 жұмыс орны, «Кәусар» — 30 жұмыс орны, «Астау» — 15 жұмыс орны, «DoDo Pizza» — 5 жұмыс орны, «Al-fatih» — 30 жұмыс орны, «Жеті Тандыр» — 53 жұмыс орны, «Ramada Turkestan» — 30  жұмыс орны, және т.б). Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылып, шаһар тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту және бастапқы кәсіпкерлікке баулу бағытында былтырғы жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік грант алған 253 азамат бүгінге өз кәсіпкерліктерімен айналысып, ілгері жылжып келеді.

«Жоспар көрсеткіштеріне сәйкес, ағымдағы жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың жұмыс берушілердің сұраныстары бойынша жұмыс орнында дуальді оқыту туріне 23 азаматты, ал кәсіптік оқытудың жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде оқу ұйымында оқыту түріне 54 азаматты оқыту жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспар көрсеткіші толығымен орындалып, 77 азамат оқу курстарына жолданды. Жұмыс берушілермен түзілген келісімшарт негізінде аталған азаматтар оқуын аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылатын болады» — деді Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры. 

Ақмарал Пернебекқызының айтуынша, ал, жалақылары мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына тоқталсақ, үстіміздегі жылы Түркістан қаласының экономикалық белсенді 125 тұрғынына әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру көзделіп, жыл басынан бері жұмыссыз 125 азамат аталған жұмыс орындарына жолданған.

Кешенді жоспардың жастарды жұмыспен қамту бойынша көрсеткіштеріне сәйкес, есепті жылы 500 азаматқа «Жастар практикасын» ұйымдастыру көделсе, жылдың 6 ай ағымында 171 түлек аталған практикаға жолданды. Әлеуметтік белсенділігі төмен NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында, 30 азаматқа алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру міндеттеліп, жылдың 6 айында жоспар көрсеткіші толығымен орындалған екен.

Түркістан қаласы аумағын көріктендіру және көгалдандыру үшін 650 азаматқа ақылы қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру жоспарланып, есепті айда бағдарламаның бұл бағытына жүгінген жұмыссыз 684 азамат қоғамдық жұмыс орындарымен қамтылды.

Түркістан қаласының осал топтағы тұрғындарын әлеуметтік қолдау шаралары назардан тыс қалған емес. Кешенді жоспарға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі 300 азаматқа 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жұмыспен қамтудың әлеуметтік қолдау шараларын көрсету міндеттеліп, 21 азаматты квота есебінен жұмыспен қамту көзделген. Есепті айда мүмкіндігі шектеулі 156 азамат белсенді шараларына тартылып, оның ішінде 15 азамат квота есебінен жұмыспен қамтылды.

«Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұрған тұлғаларды әлеуметтік оңалтудың тиімді кешенді жүйесін қалыптастыру, олардың қоғамда өз орнын табуға жәрдемдесу шараларына тоқталсақ, халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан пробация қызметі есебінде тұратын, сондай-ақ қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазаға сотталған, өмірлік қиын жағдайға душар болған  тұлғаларға, олардың қайта қылмыс әлеміне оралмауына мүмкіндік бермеу мақсатында «Халықты жұмыспен қамту» туралы Қазақстан Республикасының №482-V Заңы мен өзгеде нормативтік құқықтық талаптарына сәйкес, олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүйелі көрсетіліп келеді. Аталған санаттағы тұлғаларға  бағытталған, ағымдағы жылдың 28 сәуір күні облыс деңгейінде «Еңбек нарығының болашағы, жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыбында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңкеге Түркістан қаласы бойынша пробация есебінде тұрған 9 азамат қатысып, 2 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданса,оның ішінде  1 азамат  квота есебінен жұмыспен қамтылды. Ал қалған тұлғаларға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жөнінде консультативтік түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жыл ағымында құзырлы органдардан жалпы 26 азаматтың құжаттары Түркістан қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына келіп түсті. Оның ішінде пробация қызметі есебінде тұрған тұлғалардың саны 14 азаматты құраса, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар саны — 12 азамат. Есепті жылдың 6 ай ағымында қала әкімінің бекіткен қаулысына сәйкес, бос жұмыс орындарының квотасы бойынша, оқшаулау орындарынан босатылған 3 азамат жұмыспен қамтылса, пробация қызметі есебінде тұрған 2 тұлғаға квота аясында жұмыспен қамту шаралары көрсетілді» — дейді Ақмарал Жулаева.

ҰЛТТЫҚ ЖОБАДАҒЫ 10 МІНДЕТТІҢ 3-ЕУІ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ЖӘРДЕМДЕСУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН

Осы ретте ерекше назар аударар жайт, Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту.

Бірінші міндет шеңберінде аудандардың мастер-жоспарлары қалыптастырылады, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі, сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар берілетін болады.

Екінші міндетті іске асыру субсидиялау арқылы жұмыс берушілердің уәждемесін арттыруға арналған өзекті құралдардың көмегімен, ал жас мамандар үшін-өз дағдыларын арттыруға, өз кәсібін табуға немесе уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылатын болады.

Талап етілетін дағдыларға Онлайн-оқыту платформада жүргізіледі skills.enbek.kz, онда сұранысқа ие мамандықтар мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн-курстар пулы қалыптастырылатын болады.

Әлеуметтік жұмыс орны

Жұмыс орындарын бөлу кезінде осы жұмыс орын барлық қажетті аударымдарды есепке алумен, 12 айдан көп емес мемлекет тарапынан жекеше қаражаттандыруды көздейтінін біліңіз.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған 20 АЕК болуы тиіс.

Жастар тәжірибесі

Жастар тәжірибесі түлектердің алынған кәсібі (маманы) бойынша жұмыстың бастапқы тәжірибесін алу мақсатында білім ұйымына түлектер үшін ұйымдастырылады. Жастар тәжірибесіне бағытталған жеке тұлғалардың еңбегіне төленетін мөлшері республикалық бюджеттен айына 30 АЕК құрайды.

Қоғамдық жұмыс

Қоғамдық жұмыс жұмыссыздарға уақытша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін Жұмыспен қамту орталығымен ұйымдастырылады. Олар жұмыскерден алдын ала кәсіби даярлықты қажет етпейді және жергілікті бюджет қаражаты мен олардың өтініші бойынша жұмыс берушілер қаражатынан қаржыландырады.

Төменде көрсетілген тұлғалардың қоғамдық жұмыстарға қатысуға құқығы бар:

  1. жұмыссыздар;
  2. жазғы демалыс мерзімінде жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер;
  3. жұмыссыз ретінде тіркелуіне байланысты жұмыспен қамтылмаған тұлға.

Әлеуметтік жұмыс орындарында, жастар тәжірибесінде қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін Жұмыспен қамту орталығына төмендегі құжаттарды ұсыну қажет:

  • қатысуға өтініш;
  • жеке куәліктің көшірмесі;
  • еңбек кітапшасының көшірмесі (болған жағдайда);
  • білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом), сондай-ақ білім алғаны туралы растайтын құжаттар (куәлік, сертификат) болған жағдайда;
  • техникалық және кәсіби, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімін растайтын құжаттардың көшірмесі (ЖТ үшін);
  • толық емес жұмыс уақыты немесе қысқартылған жалғастырылған жұмыс уақыты режиміне ауыстыру туралы немесе әлеуметтік демалыс ұсыну туралы немесе еңбекақыны сақтаусыз демалысқа мәжбүрлі жұмыссыз қалу туралы (жартылай жұмыс істейтін жалдамалы жұмыскерлер) жұмыс берушінің актісі (ҚЖ үшін);
  • демалыста екендігі туралы оқу орнынан анықтама (ҚЖ үшін).

Еске салайық, 2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды.

Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулаеваның мәліметінше, аталған Ұлттық жоба шеңберінде бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген. Ол үшін 2022 жылға еліміз бойынша республикалық бюджеттен 33,2 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд. теңге қарастырылған. Ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 2,5 млн. жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орны – 803,7 мың, уақытша жұмыс орны – 1 727,9 мың. Ал биыл, яғни 2022 жылы 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Оның ішінде 335 мың тұрақты жұмыс орындары, 660 мыңы уақытша болмақ.

«Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 5 жыл ішінде 100 мың тұрақты және де 630 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оның басым бөлігі жеке бизнес нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді ол.

Сонымен қоса жастарды жұмыспен қамтуға тоқталсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады. Бұл жобалармен 140 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Ал зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылмақ, оның шеңберінде 20 мың адам қолдау алады.

Бұдан басқа, орталық директоры «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын іске асыру арқылы еліміз бойынша 60 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылғанын айтып өтті.

Ал, жұмысынан айырылған азаматтарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы арқылы тағы 415 мыңға жуық уақытша жұмыс орны берілмекші.

«Осы жобалардың көпшілігіне қатысу үшін жақын орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Не болмаса, Электронды еңбек биржасы немесе Электронды үкімет порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам және жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет», – деді Ақмарал Пернебекқызы.

Ол сондай-ақ, осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оларды іске асырудағы кемшіліктер ескерілгенін, оларға сәйкес әрбір нысаналы топтың қажеттіліктерін ескере отырып, өзгерістер енгізілгенін де еске салып өтті.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру барысында республика көлемінде барлығы 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. 3,5 млн. адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 1,7 млн. адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасады. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсмі 27,1% деңгейіне жетеді.

Жалпы, кәсіпкерлікке оқыту шаралары аясында аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі.

Орталық директоры Ақмарал Жулаеваның сөзінше, мастер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады.

Жалпы, 2022-2024 жылдары ел көлемінде 163 мастер-жоспар әзірленеді. «Мастер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», – дейді ол.

Орталық директорының айтуынша, аталған жоба шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.

«Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал жеңілдікті шарттармен микробизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», – деп толтықтырды Ақмарал Жулаева.

Оқу барлық облыс, аудан-қалаларда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.

Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов биыл аталған жоба «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді. Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.

Кәсіпкерлердің қажеттілігі бойынша дағдыларын дамыту жөніндегі міндет шеңберінде Ұлттық жобада жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес, оқу ұйымдарында да, тікелей жұмыс орындарында да білім беру, сондай-ақ талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту көзделіп отыр.

«Осылайша, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша білім беру ұйымдарында оқу үшін өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, өңірлік бөліністе сұранысқа ие кәсіптер бойынша қажеттілікті жыл сайын айқындау көзделетін болады. Жыл сайын 11 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Олар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүруге материалдық көмекпен, тұрумен және медициналық тексеруден өтумен қамтамасыз етіледі», – дейді Ақмарал Жулаева.

Жыл сайын 5 мыңға дейін адам жұмыс орнынынан оқуға жіберіледі. Олар оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызығушылық танытқан жағдайда тұрақты жұмысқа қабылданады. Талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту skills.enbek.kz платформасында жүзеге асады. Онда сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн курстардың легі қалыптасады. Жыл сайын 20-35 мың адамды оқыту жоспарланған.

«Электронды еңбек биржасында түйіндеме орналастыру немесе бос жұмыс орындарын іздеу кезінде өтінім беруге және курстан өтуге болады. Ізденушіге тиісті өтінім беру жеткілікті. Курс аяқталғаннан кейін және жұмыс беруші талап ететін дағдыларды игергеннен кейін жұмыс іздеуші дағдыларды игеру туралы сертификат алады және ашық бос орынға өтінім қалдырады», – деп атап өтті Ақмарал Жулаева.

Оның мәліметінше, 5 жыл ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен ел көлемінде 205 мың азамат қамтылмақ. Ал 2025 жылға қарай оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 52-ден 80%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

Биылғы өзгерістер туралы түйіндей айтқанда, 1 миллион 200 мың теңге иемденгісі келетіндер оқитын курстың мерзімі бұрынғыдай 21 күнге созылмайды. Бар күш-жігеріңізді салып тәлім алсаңыз, бар-жоғы 1 аптада меңгере аласыз.  Айта кетейік, дәріс интернет желісі арқылы жүргізіледі. Оқуды аяқтап болған соң тестілеудегі сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап берсеңіз, 3 жылға жарамды сертификат тапсырылады. Тестілеуден өте алмай қалсаңыз, 1 жыл ішінде қайта тапсыруға болады. 

Қаперіңізде болсын, қайтарымсыз қаражатты кез келген адам иемдене алмайды. Жобаға өтініш беруге 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, қандастар, мүгедектер, өзге өңірден қоныс аударушылар мен асыраушысынан айырылғандар қатысуға құқылы.

Оқытуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады. Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде нысаналы топқа тиесілігі тексеріледі. Business.Enbek порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Курсты Atameken Academy порталында онлайн оқиды. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 (жиырма бес) күннен аспайды және тегін өтеді.

Оқыту нәтижелері бойынша қатысушыға тиісті сертификат беріледі:

  • оқуды аяқтау туралы сертификатты бизнес-жоспарды дайындаған және бизнес-жоспарды бағалау мен қорытынды тестілеудің қорытындылары бойынша қажетті балл санын – кемінде 60% жинаған қатысушылар ала алады;
  • оқуға қатысу туралы сертификатты құзыреттілік деңгейін арттырған, бірақ оқу аяқталған кезде әзірленген бизнес-жоспары жоқ немесе бизнес-жоспардан теріс баға алған қатысушылар ала алады.

Оқуды аяқтау туралы сертификат үш жылға жарамды.

Оқу неге мүмкіндік береді?

  • Өз ісін жүргізудің негізгі дағдыларын алу;
  • Он екі айға дейінгі мерзімге бизнес-жобаны іске асыруда сүйемелдеу;
  • Бизнес-идеяны қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізу.

Грантқа кімдер үміткер бола алады?

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан кейін төмендегі санаттарға жататын қатысушылар Жұмыспен қамту орталығынан берілетін 400 АЕК мөлшеріндегі грантқа үміткер бола алады:

  • Жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар;
  • бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатарынан);
  • жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан кем);
  • жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар.

Бұл ретте грантқа үміткерлер төмендегі санаттардан болуы тиіс:

  • Жастар (29 жасқа дейін),
  • аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар,
  • көпбалалы отбасылар — көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар,
  • қандастар, қоныс аударғандар,
  • мүгедектігі бар адамдар,
  • мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Атап өту қажет!

  • Жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын өткен жылдардағы жобаға қатысушылар гранттық қаражатқа үміткер бола алмайды;
  • Грантқа үміткерлер жұмыспен қамтудың басқа да қолдау шараларына қатыспауы тиіс;
  • Грант бір рет қана беріледі, бұрын алған қатысушылар қатыса алмайды;
  • Грант қаражатын тек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту барысында әзірленген бизнес-жоспарға сәйкес пайдалануға болады.

Грантқа қалай өтініш беруге болады?

Оқуды аяқтаған және сертификат алған «Бастау Бизнес» жобасының түлектері Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталындағы «Грант» бөлімінде өтініш бере алады.

Микроқаржыландыруға кім үміткер бола алады?

Бизнес-жобасын қорғаған «Бастау Бизнес» жобасының тыңдаушылары, оның ішінде 2017-2021 жылдардың қатысушылары кәсіпкерлік қызметтін дамытуға «Атамекен» микроқаржы ұйымдарынан жылдық 6%-бен жеңілдетілген несие алуға өтінім бере алады.

Шағын несие алуға өтінімді қалай беруге болады?

Өтінім беру үшін сізге облыстық  және аудандық «Атамекеннің» Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгіну қажет. Сілтеме бойынша мекенжайлар: https://atameken.kz/kk/pages/1331-novaya-volna-instrumentov-finansirovaniya-malogo-predprinimatel-stva.

Сөздің реті келгенде, Ақмарал Пернебекқызы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға биыл жартыжылдықта республика бойынша 284 мың адам қатысып, 233,3 мың азамат жұмысқа орналасқанын да атап өтті. «Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 5,6 мың адам жіберілді. Сондай-ақ өз кәсібін бастауға ниеттенген 1,5 мың адамға мемлекеттік грант берілді. Субсидияланатын жұмыс орындарына 102 мың адам орналасты. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен — 12,1 мың, жастар практикасымен — 9,7 мың, қоғамдық жұмыстармен — 77,7 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында — 1,4 мың, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында — 182 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 816 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 34 мыңнан астам адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті» — дейді орталық директоры.

ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ПАЙДАСЫ БАР МА?

«Атап өтер жайт, бүгінгі таңда «2021 — 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады» — дейді Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулаева. Бұл жөнінде де бізді біраз мағлұматпен қанықтырды.

Біріншісі – «Жастар практикасы». Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады. Он екі (12) айға дейінгі мерзімге «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа тұруға болады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер «Жастар практикасына» қатысушылар ретінде белгіленеді.

«Жастар практикасына» арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.

Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

«Жастар практикасына» қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгіну» тиіс. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат.
  2. Еңбек кітапшасы (бар болса).
  3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.

Екіншісі – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы.

Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге (оның ішінде ЖОО түлектеріне), жұмыс іздеушілерге, жұмыссыздарға, жұмыспен қамту орталығына тіркелгеніне қарамастан, жиырма тоғыз жастан асқан жастар, оның ішінде NEET санаттары, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады.

Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектердің «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасу кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал жұмыспен қамту орталығы жалақыны 1 жылға субсидиялайды.

Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат.
  2. Білім туралы құжат (бар болса).

Үшіншісі – «Ұрпақтар келісімі» жобасы.

Жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды, оның ішінде білім беру ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қосымша шараларды іске асыру шеңберінде жұмыс берушілердің өтініштері бойынша Ұлттық жобаға қатысушыларды кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Бұл ретте зейнеткерлік жасқа жеткен белсенді қызметкерге де еңбек етуге мүмкіндік қарастырылған.

«Ұрпақтар келісімі» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады, ал жұмыспен қамту орталығы субсидиялайды. Нақтырақ айтсақ, 6 айлық жұмыс үшін жалақы төлейді.

Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.

«Ұрпақтар келісімі» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат.
  2. Білім туралы құжат (бар болса).
  3. Еңбек кітапшасы (бар болса).

ЕЛДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫН ХАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУЫМЕН БАҒАМДАУҒА БОЛАДЫ

Елдегі әлеуметтік жағдайдың жай-жапсарын отандастарымыздың жұмыспен қамтылуымен, халықтың табысымен бағамдауға болады. Алайда статистикалық мәліметтер мен мемлекеттік органдар ұсынатын деректерге қарап тон пішу шынайы жағдайды айқындай алмасы анық. Мемлекет басшысы айтып өткендей, «цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді». Жалпының жай-күйі жақсы болғанымен, жалқының, яғни әрбір жеке адамның әлеуметтік әл-ауқатына Қазақстанда қаншалықты мән беріледі? Жұмыссыздық пен жоқшылық, кедейшілік жұртымызды қос бүйірден қысып тұрған жоқ па?

Әуелгі басымдық берілетін еліміздегі әлеуметтік мәселе тығырыққа тірелмесе де тұйыққа тап болғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында осы олқылықтардың орнын толтырып, тұйықтан шығудың жолы мен жаңа Қазақ­станды құрудың қадамдарын айқын­дап берді. Ел Президенті, ең алдымен, халықтың тұрмысын түзейтін, жағдайын жақсартатын бағыттарды бағдар етіп, тиісті тапсырмалар жүктеді.

«Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеу­меттік көңіл күйі мемлекеттің басты на­зар­ында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көп­теген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жа­тыр. Бұл əлеуметтік-еңбек саласын са­палы жаңартуды қажет етеді. Осы мақ­сатпен мынадай шараларды қабыл­даған жөн. Халықтың табысын арт­тыру бағ­дар­ламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақ­ты əрі əрбір азаматқа бағдарлан­ған болуы керек. Бас­қарудың əр дең­гейінде кедейлікті төмен­детудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, əлеуметтік-еңбек саласы сапалы жаңартуды қажет етеді. Бұл үшін қандай қадам­дарға барған жөн? Жұмыс­сыздықты қайтсек жеңе аламыз? Бұл ретте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статисти­ка бюросының халықты жұмыс­пен қамтудың іріктемелі зерт­теуінің қорытындысына тоқ­талған жөн болар еді. Соған сәйкес 2022 жылғы II тоқсанда елімізде жұмыссыздар саны 450,7 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Соның ішінде ер-азаматтардың үлесі 45,3% (204 мың адам), әйелдердің үлесі – 54,7% (246,7 мың адамды) болып отыр. Ал 15-28 жастағы жұмыссыз жас­тардың үлесі 17,2% немесе 77,5 мың адамға тең болса, олардың жұмыссыздық деңгейі – 3,7%.

«Жұмыссыздық – кез келген мемлекеттің алдында тұрған маңызды мәселе. Ұлт­тық статистика бюросының мәлі­метіне сәйкес, еліміздегі жұ­мыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрап отыр. Алайда көп кате­гориядағы адамдар бұл көр­сет­кішке ілікпей қалуы ықти­мал. Өмір шындығында бұл көрсеткіш әлдеқайда жо­ға­ры болуы мүмкін. Себебі ста­­тис­тика ресми түрде жұмыс­сыз ретінде тіркелген азамат­тарды ғана есепке алады. Ал тіркелмей жүргендері қан­шама? Біріншіден, осы жұмыс­сыздықтың салдарынан қоғамда маргиналдардың саны артады. Өмірлік құндылықтарын, бағдарын жоғалтып алған жас­тар, қоғам мүшелері көбейе­ді. Екіншіден, жұмыссыздық отан­дастарымызды ішімдікке, нашақорлыққа салыну сынды девиантты әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Жұмыссыз қалған халықтың бір бөлігі уақытын дұрыс ұйымдастыра алмай қалады. Басқа түскен ауыртпашылықтан шығудың жолын зиянды әрекеттерден іздейді. Кейін бұл әрекеттер созылмалы мәселеге де айналып шыға келеді. Үшіншіден, жұмыссыздық адамдарды заң­нан аттауға, қылмыстық әре­кеттер жасауға итермелейді. Төр­тін­шіден, бұл жағдай кедейлікт­ің артуына, прекариаттар табының көбеюіне жол ашуы мүмкін. Прекариаттар дегеніміз – ереуілге, көтеріліске шығуға мейлінше құлықты, өзге күш­тердің манипуляциясына тез еріп кететін, тұрақсыз тап саналады», — дейді сарапшы мамандар.

Олардың айтуынша, жұмыс­сыз­дықты уақытша және ұзақ мер­зімді деп екіге бөліп қарас­тыру қажет. Алғашқысы оқуын енді тәмамдаған жоғары оқу орны түлегіне, бір қызметтен екінші қызметке ауысып жат­қан азаматтарға қатысты. Бұл жағдай күрделі мәселеге айналмайтыны анық. Алайда ұзақ уақыт тұрақты жұмыстың, әлеуметтік пакеттің болмауына бейімделіп кететін тұлғалар да бар. Олар бір немесе бірер ай емес, жылдап жұмыссыз жүруі мүмкін.

«Сонымен қатар жұмыс­сыз­дықты қаладағы және ауыл­дағы деп бөліп қарастыр­ған да жөн. Қаладағы жұмыссыздық қаншалықты маңызды мәселе көрінсе де, дәл ауылдағы жұ­мыс­сыздықтай күрделі болмауы мүмкін. Қаладағы жұмыс­сыздық көп жағдайда қысқа мерзімді сипатқа ие. Себебі шаһарларда жұмыссыз өмір сүру мүмкін емес дер едім. Қоғам мүшелері, индивидтер 1-2 ай жұмыссыз қалғаннан кейін қайтсе де бір істің басын ұстауға тырысады. Тұрақты табыс көзінсіз тіршілік ету қиын екенін түсінеді. Алай­да қа­ладағы жұмыссыз адам мар­­гиналдардың, қылмыс­кер­лердің, прекариаттардың қатарына жылдам қосылып кетуі ықтимал. Ал ауылдық жерлерде жұмыс орындарының шектеулі болуына байланыс­ты «екі қолға — бір күрек» табу мәселесі аса маңызды. Көбіне-көп мектеп, әкімдік, аурухана сынды әлеуметтік, мемлекеттік мекемелерде ғана орын табылып жатады. Сондықтан ауыл жастары арасында жұмыссыз қалу қаупі жоғары. Соның салдарынан девиантты мінез-құлық пен әрекеттер арта бас­тайды», — дейді сала жауаптылары.

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылғы II тоқсанда еліміздегі 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,3 млн. адамды құрап отыр­ғанын мәлімдеді. 8,8 млн. адам жұмыспен қамтылып, 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққанда жұмыспен қамту деңгейі 66,1%-ды құрады.

Жұмыспен қамтылған­дар­дың жалпы санынан 6,7 млн адамды немесе 75,9%-ды  жалдамалы  қызметкерлер, 1,6 млн адамды – жеке кәсіпкерлер, 4,3 мың адамды – жеке практикамен айналысатын адамдар, 10,8 мың адамды – шаруашылық серіктестіктерінің құрылтай­шылары (қатысушылары) және акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары, акционер­лері (қатысушылары), сондай-ақ өндірістік кооперативтер­дің мүшелері саналатын жеке тұлғалар, 546,8 мың адамды тәуелсіз жұмыскерлер құрады. 41,1 мың адам қашықтан жұмыс істеп, 93,1% еңбек процесінде жеке коммуникациялық (байланыс) құралдар пайдаланылды.

Жұмыспен қамтылған­дардың көп бөлігі сауда (16,6%), ауыл шаруашылығы (13,4%), білім беру (12,7%), өндіріс (12,4%) сынды экономикалық қызмет түрлерінде жұмыс істеді. Жоғары және орта кә­сіп­­тік (арнаулы) білімі барлар 7,4 млн адамды құрады. Бұл – жұмыспен қамтылған халық­тың 84,2%-ы. Жұмыспен қам­тылған ерлердің үлесімен салыс­тырғандағы жоғары және орта кәсіптік білімі бар жұ­мыспен қамтылған әйелдер­дің үлесі 4,4 пайыздық пунктке жоғары. Олардың негізгі үлесін – 64,9% (5,7 млн адам) 29-54 жастағы адамдар құрады.

«Жастардың жұмыссыз­дығы күрделі мәселе екені анық. Бұл жайт ең алдымен олардың әлеуметтік жағдайын қиындатады. Елімізде соңғы уақытта орын алып жат­қан оқиғалар да осыны дәлел­деп отыр. Себебі алаңға шыққан­дар­дың басым көпшілігі осы жас­тар қауымы. Осыдан он шақты жыл бұрын елімізде көтерілген Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қадам жасау туралы идея өзектілігін жойған жоқ. Еңбек ету үшін өмір сү­ретін ұрпақты қалыптастыру аса маңызды. Жалақының төмен болуы оларды күн көру үшін еңбек етуге мәжбүрлейді. Сапалы білім алуға әлеуеті де, қаражаты да жеткілікті жастар жағы шетелге кетіп білім алуға асықса, ондай мүмкіндіктері жоқ жастар ол жаққа жұмыс істеп, көбірек қаражат та­уып келу үшін барғысы келеді. Өз елін құрметтейтін, ұнаған еңбек түрімен айналысатын, еңбек етуді мақсат ететін саналы ұрпақты қалыптастыру қажет. Сондықтан жастарға сапалы білім алуға жағдай жасау, жұмыссыздық деңгейін төмендету, қала және ауыл жас­тары үшін тең мүмкіндіктер жасау, жалақыны көтеру мәсе­лелері қажеттілігі туындайды. Қазіргі нарық қоғамы жағ­дайында жастардың еңбек құн­дылықтарын дұрыс қалып­тастыру, оларды адал еңбек етуге, шығармашылыққа, кәсі­билікке ынталандыру, мораль­ды-этикалық талаптарды бас­шылыққа алуға бағыттап отыру қажет. Қаңтар қырғыны кезінде орын алған ұрлау, тонау жағдайлары — жауапсыздықтың, басқаның мүлкіне қол сұғуға арланбау, моральдық азғындықтың көрі­нісі. Біздің болашағымыз жас­тар, сондықтан оларды дұрыс тәр­биелеуге, өз елінде сапалы білім алуына, жұмыспен қам­та­масыз етілуіне жағдай жаса­луы керек. Ал жалақыны жоға­ры­лату мәселесін мемлекет бірте-бірте ретке келтіретініне сенім­діміз», — дейді әлеуметтанушы ғалымдар.

Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Мәжілістің отырысында берген тапсырмалары қалай іске асырылатыны туралы айтып берді. Ведомство алға қойған мін­деттерді іске асыруға кірісті. Соның алғашқы қадамы Әлеуметтік кодексті уақтылы қабылдау болмақ.

«Қазіргі уақытта Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу жүргізілуде. Оны 2022 жылғы жел­­тоқ­санда Парламент Мә­жілі­сінің қарауына енгізу жос­парланып отыр. Әлеумет­тік кодексті қабылдау азамат­тар­дың әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін бір жүйеге кел­тіруге; мемлекеттің, жұ­мыс берушілер мен қызмет­кер­лердің әлеуметтік сала­дағы міндеттемелері мен жауапкершілігін нақтылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодексті қабылдау халықтың мемлекет жүргізіп отырған әділ әлеуметтік саясатты түсінуін жақсартады және біздің аза­мат­тарымыздың өмір сүру дең­гейінің сапасын арттырады деп болжануда», — дейді министр.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, екі ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдауды да тапсырған болатын. «Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша бірқатар ұсыныс бар. Бірінші кезекте бұл жалпы табыс пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бастамалар. Жеке қолдау шараларын: мамандық таңдауға, оқуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін халықтың әлеуметтік осал топтары мен NEET санатындағы жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізу көзделіп отыр. Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Жұмысқа орналасуда жастарға, әсіресе NEET санатына басымдық беріледі. Екіншіден, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, әр ауылдың ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлікке оқыту, өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сатуға қолдау көрсету және жеңілдетілген кредиттер мен гранттарды бөлу шаралары қарастырылады», — деді ведомство басшысы.

Ең бастысы, министр жас­тар­дың жұмыспен қамты­луы­на ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. «Қазіргі уақытта министрлік жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда. Бұл – «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Аталған жоба­ларды күшейту үшін жас­тар­дың қатысу мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады», деді Серік Шәпкенов. Ол тұрақ­ты жұмыс орындарын құру шарттарының бірі – кәсіп­кер­лікті дамыту саналатынын атап өтті. «Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасы бойын­ша жеке ісін дамытуға арналған грант мөлшері 200-ден 400 ай­лық есептік көрсеткішке де­йін (612,6 мыңнан 1,2 млн. тең­геге дейін) ұлғайтылады, бұл орай­да грант берілетін бизнес жоба­лар­дың тиімділігін баға­лау кү­шей­тіледі», — деді министр.

Жас болсын, жасамыс болсын, тіршілік үшін тырмысады. «Жан бақсам, отбасы, бала-шаға асырасам» — дейді. Алайда жұмыссыздық мәселесі талай адамның тауын шағып, жігерін мұқады. Өкініштісі сол, осындай тапшылыққа тап болған отандастарымыздың нақты санын әлі де айқындай алмаған секілдіміз. Ендігі мақсат – осы жұмыссыздықты түбегейлі жою. Үкіметтің алдында осындай үлкен міндет тұр.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ МӘСЕЛЕСІНЕ ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛСЕК…

Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Экономикалық әдебиеттерде кез келген қоғамдағы жұмыссыздық құбылыстары сипатына байланысты жіктеледі. Мәселен, құрылымдық жұмыссыздық – елдегі тұтыну тауарларына сұранымның құрылымында және өндіріс технологиясында болатын өзгерістер салдарынан пайда болатын құбылыс. Бұл жағдайда қызметкер не өзінің кәсібіне (мамандығына) сұранымның жоқтығы салдарынан‚ не жұмыс алу үшін жеткілікті біліктілігінің жоқтығы салдарынан жұмыссыз қалады.

Кез келген қоғамдағы экономикалық даму барысында тұтыну тауарларының сұранымы құрылымында және өндіріс технологиясында маңызды өзгерістер болады. Бұл өзгерістер өз кезегінде жұмыс күшіне жалпы сұранымның құрылымын да өзгертеді. Осындай өзгерістерге байланысты кәсіптердің кейбір түрлері азаяды не қысқарады‚ ал басқа бір түрлері көбейеді. Қоғамдағы жұмыссыздықтың пайда болу себебі жұмыс күшінің осы өзгерістерге баяу ыңғайланатындығына және оның құрылымының нақты жұмыс орнына сай келмейтіндігіне байланысты болады. Фрикциялық жұмыссыздық пен құрылымдық жұмыссыздық арасындағы елеулі ерекшелік мынада: бірінші жағдайда жұмыссыздарда еңбек нарығында ұсынуына болатын дағды‚ машық бар‚ ал екінші жағдайда олар қайта даярланбайынша‚ қосымша оқып біліктілігін арттырмайынша‚ тіпті тұрғылықты жерін ауыстырмайынша жұмыс таба алмайды. Фрикциялық жұмыссыздық неғұрлым қысқа мерзімді сипатта болады‚ ал құрылымдық жұмыссыздық неғұрлым ұзақ мерзімді сипатта болады‚ сондықтан ол қоғамдағы неғұрлым елеулі жұмыссыздық болып табылады. Циклдік жұмыссыздық – елдегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жиынтық сұранымның күрт азаюы салдарынан болатын құбылыс. Осы себептен оны кейде сұранымның тапшылығына байланысты жұмыссыздық деп те атайды. Циклдік жұмыссыздық – кез келген қоғам үшін экономикалық және әлеуметтік дағдарыс болып саналады. Экономикалық дағдарыс (экономикалық дамудың құлдырауы‚ тоқырау) елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың елеулі бөлігінің бостан босқа уақыт өткізуіне әкеліп соғады‚ ал мұндай жағдай олардың біліктілігінің жоғалуына‚ адамгершілік қадір-қасиеттің азғындауына‚ әлеуметтік және саяси жанжалдарға апарып соқтырады. Жұмыссыздық – барлық қоғамда болып тұратын құбылыс. Нарықтық экономикасы дамыған елдерде‚ мысалы‚ АҚШ-та‚ еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы жұмыссыздық мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Фрикциялық және құрылымдық жұмыссыздық болмай қоймайды деп есептеледі. Демек, елдегі тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы – ол елде циклдік жұмыссыздықтың жоқтығын білдіреді. Жұмыспен толық қамтылу кезіндегі жұмыссыздық деңгейі оның табиғи деңгейі болып саналады. Мұндай жағдай елдегі жұмыс күшінің рыноктары теңдестірілгенде, яғни жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орындарының санына тең болғанда пайда болады. Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі қоғамдағы оң құбылыс болып есептеледі. Өйткені “фрикциялық” жұмыссыздарға бос жұмыс орнын табу үшін әрқашан уақыт керек‚ “құрылымдық” жұмыссыздарға да біліктілігін жетілдіру, жаңа мамандық алу үшін немесе жұмыс табу мақсатымен басқа жерге көшу үшін уақыт керек. Егер жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орнынан асып түссе‚ онда жұмыс күші рыногінің тең болмағаны. Екінші жағынан‚ жиынтық сұраным молайған жағдайда жұмыс күшінің “жетіспеушілігі” сезіледі‚ яғни бос жұмыс орындарының саны жұмысқа мұқтаждардың санынан асып түседі. Қазақстанда нарықтық экономикаға өту кезеңінде бұрынғы тиімсіз кәсіпорындар мен ауыл шаруашылық мекемелерінің жұмысын уақытша тоқтатып, жабылуына, банкротқа ұшырауына, жекешелендіріліп, қайта құрылуына байланысты құрылымдық жұмыссыздық құбылысы байқалды. 2000 жылы елдегі жұмыссыздар саны 1997 жылғы деңгеймен салыстырғанда біршама (0,2%-ке) төмендеді. Елдегі түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформалар барысында жаңа жұмыс орындары ашылуына, ішкі, сыртқы инвестициялар көмегімен, бірқатар өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылығының жандануына орай, ауылды қайта өркендетудің 3 жылдық бағдарламасына байланысты жұмыссыздық деңгейі де біртіндеп табиғи деңгейге түсе бастады.

Жұмыс күші дегеніміз — ел халқының жұмыс істеп жүрген, жұмыс іздеп жүрген, бірақ таба алмай жүрген еңбекке жарамды жастағы бөлігінің жалпы мөлшері. Жұмыссыздық деңгейін анықтау үшін жұмыссыздардың жұмыс күші мөлшеріне пайыздық қатынасын есептеп шығару керек.

Жұмыссыздық деңгейі = Жұмыссыздардың саны ÷ Жұмыс күшінің мөлшері.

Жұмыссыздық проблемасы тіпті дамыған елдердің өзінде өткір, зәру тұрады, мысалы мына елдерде 1985 жылдан 1990жылға дейінгі аралықта жұмыссыздық деңгейі былайша түзілген: АҚШ-та 5,3-тен 7,2%-ға дейін Канадада 7,5-тен 10,5%-ға дейін Жапонияда 2,1-ден 2,9%-ға дейін Францияда 9,4-тен 10,7%-ға дейін Ұлыбританияда 6,4-тен 11,2%-ға дейін.

Жұмыссыздықпен күрес жолдары

  • тапсырма биржалары мен жұмыспен қамту қызметтерінің басқа да түрлерін құру
  • жаңа жұмыс орындарын ашу
  • оқыту және жұмыссыздарды оқыту үшін мүмкіндіктер жасау
  • қылмысқа қарсы күрес
  • мінез-құлық тұрақтандыру саясаты
  • мемлекет үшін қосымша жұмыс орындарын құру
  • мұндай журналистер, экономистер, дизайнерлер, құрылысшылар және басқа сарапшылар кейбір профильдер, табу үшін арнайы орындарын құру

Жұмыссыздық салдары

Жұмыссыздықтың салдары қандай болады және ол қоғамға несімен қауіпті:

  • Адам еңбегі дегеніміз капитал сияқты жинап қоюға, қордалауға келмейтін айрықша ресурс. Жоғалған жұмыс уақытын орынына келтіру мүмкін емес, сондықтан жұмыссыздық салдарынан шығарылмаған және көрсетілмеген тауар мен қызметтің орыны өтелмейді.
  • Егер адам жұмысынан айырылса, сөйтіп жалақысыз қалса ол қалайда күнкөріс көзін іздейді. Бұл жағдайда мемлекет жұмыссызға жағдай жасауды өз моынына алады. Алайда жқмыссыздығы үшін берілетін жәрдемақы тауар шығарғаны, қызмет көрсеткені үшін берілген сыйақы бола алмайды, себебі жұмыссыз адам ешнәрсе шығармайды, демек елдің әл-ауқаты да жоғарыламайды.
  • Жұмыссыздар санының көбеюі тауар мен қызметке сұранымды азайтады. Халықтың табысының азаюы сұраныстың азаюының бір себебі екендігін ілгеріде көрдік. Тауаоға сұраныстың азаюы өз кезегінде өндірістің кемуіне және жұмыссыздықтың одан әрі өршуіне жол ашады, себебі өндірістің кемуі жұмыс орындарының қысқарып, жалақының кемуіне әкелетін жолдың басы. Сөйтіп қоғам өзі құрған тұзаққа өзі түседі.
  • Елде жұмыссыздықты саяси жағдайдың шиленісуі өршітіп жібере алады, себебі әбден ашынған халық жұмыстың, ақшаның жоқтығы діңкелеткен адамдар үкімет өзгерсе жағдайымыз жақсара ма деген үмітпен қандай да бір ереуілге, шеруге, төңкеріске қатысуға даяр тұрады.
  • Жұмыссыздық қылмыс, әсіресе жастар арасында қылмыс тамырланатын ұя, себебі күнкөріс көзін таба алмаған кісі оның басқа жолдарын, көбінесе қылмыспен пайда табу жолдарын іздестіруге көшеді.

Жұмыссыздықтың түрлері:

° Уақытша жұмыссыздық. Бұл жұмыссыздық уақытша болдады, ол адамдардың жұмыс орнын ауыстыра бергісі келгеннен туады. Алайда бір жұмыс орнынан екіншісіне көшу белгілі бір уақытты керек етеді, әсіресе жаңа жұмыс орны елдің басқа бір аймағында болса. Осы аралықта адамдар жұмыс істемейтін уақыт уақытша (фрикциялық) жұмыссыздыққа жатады.

° Құрылымдық жұмыссыздық. Жұмыссыздықтың бұл түрінің пайда болуына техникалық прогресс себепші, өйткені бұл процестің нәтижесінде кейбір мамандыөтар өшіп, олардың орнына жаңа мамандықтар дүниеге келеді. Әсіресе біздің елімізде соңғы он жылда құрылымдық жұмыссыздық айқын қылаң берді. Әміршіл экономиканың нарықтық экономикаға көшу барысы бір мамандыққа сұранымның азайып, екінші мамандыққа өсуімен қатар жүрді. Мұндай жағдайда жұмыссыз қалған адамдардың жаңа жағдайға бейімделе білуі, еңбек нарғында сол сәтте сұранымға ие жаңа мамандық алуға құлшыныс таныта білуі маңызды.

° Маусымдық жұмыссыздық. Маусымдық жұмыссыздық қызметі белгілі бір маусым кезінде жүретін жекелеген салаларға тән. Бұл әсіресе қысы мен жазы климат жағдайы бойынша күрт өзгеше болып келетін елдерге қатысты.

° Циклдік жұмыссыздық. Жұмыссыздықтың бұл түрі елдегі экономикалық құлдырау кезінде бой көрсетеді. Құлдырауға барлық дерлік тауар және қызмет көрсетулерге сатып алушылар сұранысының төмендеуі, өндірістің қысқаруы, демек жұмыс орындарының қысқарып, жұмыссыздар санының көбеюі тән болып келеді.

ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК — ЕЛДІҢ ӘЛЕУЕТТІ ТІРЕГІ

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр, бірақ бұл туралы халықтың көбі білмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге назар аударды. «Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Еңбекке жарамды халықтың үштен бірі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын күшейту қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, бұл туралы халықтың көбі білмей жатады. Сондықтан, ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет», — деді Президент.

Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жуланованың айтуынша, осыған орай еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде Түркістан қаласында кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы, сондай-ақ жаңа бизнес идеяларды дамытуға бағытталған мемлекеттік гранттардың ұсынылуы өзін-өзі еңбекпен қамтығандар мен кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірушілердің арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Ұсынылатын мемлекеттік гранттар бастапқы кәсіпкерлікті өркендетуге арналған  ең тиімді тетіктердің бірі болып саналады. Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында – 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 225 200 теңге ) ұсынылады.

«Гранттар грант алуға өтініш бергенге дейін кемінде үш жыл бұрын дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер және атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар сияқты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын адамдарға беріледі. Ағымдағы жылы жаңа-бизнес идеяларды іске асыру үшін гранттар беру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 14 шілдедегі №263 бұйрығымен бекітілген Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен реттеліп, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде беріледі. Осы Қағидада грантты беру тәртібі, жобаларға мониторинг жасау, есептілігін жүргізу ережелері нақтыланған. Грантты халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткердің бизнес-жоспарын қарау кезінде Комиссия мүшелері оны бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты өлшемшарттар бойынша бағалауы тиіс. Грант алуға өтініш бергенге дейін кемінде үш жыл бұрын дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер және атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар сияқты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын адамдар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан кем болатын дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш бергенге дейін тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлем төленген жағдайда грант алуға үміткер бола алады. Жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарына сәйкес келетін адамдар кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жіберіледі. Ол үшін адамдар business.enbek.kz порталында тіркеліп, автоматты режимде жоғарыда көрсетілген санаттарға сәйкестігі тексеріледі, одан кейін skills.enbek.kz тұғырнамасында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсына қолжетімділік беріледі. Онлайн оқыту курсының ұзақтығы оқу курсы басталған сәттен бастап 14 күнтізбелік күннен аспайды және өтеусіз негізде ұсынылады. Оқыту жеке тәртіппен, оқу материалдарын өз бетінше игеру жолымен жүргізіледі, одан кейін қорытынды тестілеу жүргізіледі. Тестілеу қорытындысы бойынша сұрақтардың жалпы санының 70 (жетпіс) пайызынан астамын дұрыс жауап алған тұлғаға платформада жеке кабинетте көрсетілетін бірегей нөмір бере отырып, оқуды аяқтау туралы электрондық сертификат беріледі» — дейді орталық басшысы. 

Грант алуға үміткер business.enbek.kz порталында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық өтініш береді және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуды аяқтағаны туралы сертификаттың болуына және талап етілетін шарттарға сәйкестігіне автоматты режимде тексеруден өтеді. Бұдан басқа, Порталда бизнес-жобаның шаблоны орналастырылған, үміткер оны толтырып, жеке кабинетке тіркейді.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар нысаналы мақсаты бойынша қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілердің аумағында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу сияқты мақсаттар үшін беріледі.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несиелік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіру үшін берілмейді.  

Грант алушы гранттық қаражаттың нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылғанын немесе пайдаланылмағанын растай алмаған жағдайда шарт жасалған күннен бастап 3 ай ішінде Портал арқылы қаражатты ерікті түрде толық қайтару үшін өтінім береді.

Жобаларды қарау жөніндегі комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және Комиссия мүшелерінен тұрады, оның құрамына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдері, бизнестің, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, салалық сарапшылар кіреді.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражаты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылса, тиісінше тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді.

Ақмарал Пернебекқызының сөзіне сенсек, жалпы бұл бағытта Түркістан қаласында жылдың 6 айында 9 азаматтың бизнес идеяларына қайтарымсыз қаржылай қолдау шаралары көрсетіліпті.

Дайындаған: Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.