ШЫМКЕНТТІКТЕР ОРТАЛЫҚ МЕШІТ АУМАҒЫН ТАЗАЛАДЫ

Бес аптаға жоспарланған «Таза Қазақстан» республикалық акциясының бүгінде екінші аптасы жалғасуда. «Киелі мекен» науқанына бұл жолы қала мешіттері де қосылды. Бүгін қаламыздың бас мешітіндегі тазалық жұмыстарына имамдар, медресе шәкірттері, мешіт жамағаты ат салысты.

— Мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» республикалық акциясын Шымкент қаласындағы мешіттер ұжымы да қолдап, аптасына 3 рет тазалық жұмыстарын өткізіп жатыр. Пайғамбарымыздың (оған Аллахтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы» деген сөзі бар. Сондықтан тазалықты ең бірінші өзімізден, отбасымыздан, тұратын үйімізден, ауламыздан бастауымыз керек. Айналамызда тазалық сақтау діннің жартысын орындағандай болып есептелінеді. Сондықтан барша қала тұрғындарын осы акцияға ат салысуға, жалпы өмірімізде тазалыққа ұмтылуға шақырамын,—деді қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.

Айта кетейік, бас имамының айтуы бойынша қаладағы 92 мешіттің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырған болатын. Шымкенттіктер өз қалаларын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кіріскенін атап өткен дұрыс.

Бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin