Шымкентте су ресурстарын тиімді пайдалану мен экологиялық қауіпсіздікке бағытталған ғылыми орталық ашылды

Loading

Шымкентте ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға, соның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге бағытталған жаңа Форсайт орталығы ашылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен құрылған орталық М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің базасында жұмыс істейді.

Жаңа орталықтың негізгі мақсаты – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, қаланың өзекті мәселелеріне ғылыми негізделген шешімдер әзірлеу және зерттеу нәтижелерін нақты өндірістік үдерістерге енгізу. Бұл бастама өңірдің ғылыми әлеуетін арттырумен қатар, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелерін зерттеуге де мүмкіндік береді.

Орталықтың ашылуына орай ұйымдастырылған форсайт сессиясына Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен өндіріс мамандары қатысты. Басқосу барысында Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында белгіленген өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және жасанды интеллектіні дамыту міндеттері талқыланды.

Әсіресе, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі ерекше назарға алынды. Қазіргі жағдайда табиғи ресурстарды сақтау, су қорын тиімді басқару және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі саналады. Осы тұрғыда ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды өндірістік тәжірибеге енгізу өзекті болып отыр.

Форсайт сессиясында экологиялық қауіп-қатерді бағалау, көмірді терең өңдеу, өндірістік қалдықтан инелі кокс алу бағытындағы жобалар да таныстырылды. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және медицинада жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қарастырылды. Ұсынылған жобалар ғылыми ізденістерді нақты қажеттіліктермен ұштастыруға бағытталған.

Жаңа орталық Шымкенттегі кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдардың өзара ынтымақтастығын арттырып, өндіріс сұранысына сәйкес зерттеулер жүргізуге жол ашады. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға, технологиялық жаңашылдықтарды енгізуге және экологиялық мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделеуге негіз болады.

Бұдан бөлек, университет жанынан “AUEZOV AI MEDIA STUDIO” интерактивті білім беру медиастудиясы іске қосылды. Мұнда жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы бейнесабақтар мен цифрлық оқу материалдарын әзірлеуге қажетті жағдай жасалған.

Аталған бастамалар ғылым, білім және өндіріс салаларының ықпалдастығын күшейтіп қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалану мен экологиялық қауіпсіздікке қатысты ғылыми шешімдерді әзірлеуге де мүмкіндік береді.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You