ШЫМКЕНТ: ЖАСТАР АРАСЫНДА ЭЛЕКТРОНДЫ ШЫЛЫМ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ

Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Ал Қазақстанда шылымның кесірінен жылына 18 мың адам көз жұмады.

31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. Осыған орай қаламыздағы Психикалық денсаулық орталығында Ашық есік күні өтті. Орталықтың нарколог-дәрігерлері темекінің, вэйптар мен кальянның зияндылығы туралы баяндамалар оқып, «жастар арасында профилактикалық жұмыстарға қалай көбірек көңіл бөлу керек» деген тақырыпта пікірталасты.

Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер оған күреске барынша күшін салып келеді. Қазірде студенттер, жастар, тіпті оқушылар кальянды сәнге айналдырған. Ол кез келген қыдыру мен демалыстың сәніне айналды десек артық айтқандық емес. Ол аздай вэйп тарту белең алды. Тіпті оны зиянды әдет санамайтындар, баласының, қызының ерте құмар болғанына көңіл бөлмейтіндер де бар, – дейді орталық дәрігері Раушан Асанқызы.

Сонымен бірге дәрігер темекі шегетіндерді көптеген аурулар мазалап, әсіресе олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, бала туу қабілетінің төмендеуі, жатырдан тыс жүктілік қаупінің жоғарылауына әкеліп соғады. «Ал жүктілік кезінде темекі шегу әртүрлі дәрежедегі ұрықтың гипоксиясына, құрсақішілік инфекцияға, иммун тапшылығына, нәрестенің өліміне әкеледі екен.

Қазіргі уақытта нашақорлық пен шылымқорлық қоғамдағы маңызды мәселе болып тұр. Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алудың бір жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Біздің мекеме мамандары мен қаладағы наркологиялық орталықтар, дәрігерлер үнемі тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. 26 мамыр мен 26 маусым аралығы – нашақорлықпен күрес айлығы. Осы айлық аясында жастар арасында түрлі челлендждер, спартакиадалар, тимбилдингтер өткізу жоспарда бар. Мақсатымыз жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру,-дейді Шымкент қаласының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қарбеков.

Жиынға «Ренессанс Шымкент» наркологиялық орталығынан да маман келіп қатысып, шылымқорлықпен күрестің бірден-бір жолы темекіні тұтынуға қатысты заңнаманы қатаңдату деді.

Бұрынғыдай «Темекі шегу зиян!» деп қана ұрандатпай, халыққа, әсіресе мектеп оқушыларының ата-анасына шылым шегудің зияны туралы ақпараттық тұрғыдан әсер ету керек. Медицина қызметкерлері темекі шегушілермен үнемі жұмыс істеп, әрбір кездесуде темекіні тастау қажеттілігі туралы айтуы керек. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, темекіні тастауға көмектесетін қаншалықты тамаша технологиялар болса да, ең бастысы – мотивация, шылым шегетін адамның темекіні тастауға деген ұмтылысы болмаса, олар – тиімсіз. Сондықтан жастар көп пайдаланатын әлеуметтік желілерге сапалы видеолар, рилстар түсіру арқылы саналарына әсер ету керек,– деп түйіндеді маман.

Жалпы темекінің зияны мен салдары жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, мамандар темекі шегетіндер қатарының көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, жастар арасында кең таралған электронды темекіні тұтынушылар көп. Сондықтан да оның алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде жүйелі шаралар қабылдануы қажет.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.