Шымкентте туберкулезбен күрес айлығы өтуде

Шымкентте 24 ақпан24 наурыз аралығында туберкулездің алдын алу бойынша айлық өтуде. Биыл дертпен күрес «Біз туберкулезді жеңеміз!» деген ұранмен өтіп жатыр. Осыған орай, бүгін Шымкент қалалық №13 емхана дәрігерлері мен Абай аудандық санитариялық эпидемиялогиялық бақылау басқармасы мамандары бірлесіп, профилактикалық шара ұйымдастырды.

Шара аясында салаға жауапты мамандар емхана пациенттері мен қала тұрғындарына туберкулез жайында кеңінен түсіндіріп, профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті. Абай аудандық санитариялық эпидемиялогиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Сәрсенбаевтың айтуынша, шаһарда туберкулез дертіне шалдыққандар саны азайған.

Еске салсақ, ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін флюорографиялық зерттеулер мен манту сынамасы жүргізіледі. Ауруды кеш анықтаған кезде аурудың асқынған түрі қоғам үшін қауіпті болуы мүмкін. Емхананың бөлім меңгерушісі Жібек Тіленованың айтуынша, аурудың алдын алу немесе ертерек анықтау үшін мектепте балаларға манту сынамасы салынады. Әлі күнге дейін мұны тұрғындар «туберкулезге қарсы екпе» деп есептейді. Бірақ бұл – баланың туберкулезге шалдыққан-шалдықпағанын анықтайтын тәсіл ғана. Жаңа туған нәрестелерге перзентханадан шықпай жатып БЦЖ деп аталатын екпе егіледі. Жалпы туберкулезге қарсы БЦЖ-ны қайта егу – 7 және 14 жаста жүргізіледі. Жыл сайын флюорографиялық скрининг (ересектер жылына бір рет), дәрігердің тағайындауы бойынша өкпені рентгенге түсіру, терапевтке қаралып, профилактикалық тексеруден өту маңызды. Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді.

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.