Қыркүйек айында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны дүркіреп өтті. Бұл жарысқа әлемнің 89-дан астам елінен спортшылар қатысты. Жалпыкомандалық есепте біздің ұлттық құрамамыз 43 алтын, 32 күміс және 37 қола медаль жеңіп алып, бірінші орынға ие болды.
Бұл естен кетпес , дүниежүзілік ойындарында жеңіске жетуге Шымкент спортшылары да өз үлесін қосты. Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жеңімпаздармен кездесіп, ұлттық құрама сапында лайықты өнер көрсеткен спортшыларды құттықтады . Арнайы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табыстады. Бұл туралы қала басшысы желі парақшасында жазды. Аталған ойында Шымкент атынан 18 спортшы қатысқан.
«Бүгін жеңімпаздармен кездесіп, ұлттық құрама сапында лайықты өнер көрсеткен спортшыларды құттықтадым. Арнайы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табыстадым. Біздің 18 спортшымыз 10 спорт түрі бойынша бақ сынап, құраманың қоржынына 7 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль салды. Кездесу барысында спорттың дамуына қосқан үлестері үшін қатысушыларға және жоғары нәтижеге жету жолында аянбай еңбек еткен жаттықтырушыларына алғысымды білдірдім. Сондай-ақ, спортшыларды жаңа жетістікке жету жолында жан-жақты қолдауымызды жалғастыратынымызды атап өттім»,-деп жазды Ғабит Сыздықбеков.
Кездесу барысында әкім спорттың дамуына қосқан үлестері үшін қатысушыларға және жоғары нәтижеге жету жолында аянбай еңбек еткен жаттықтырушыларына алғысын білдірді. Әкім жаңа жетістікке жету жолында жан-жақты қолдауды жалғастыра беретінін жеткізді.
Айта кетейік, дүбірлі додаға Шымкенттен 18 спортшы 10 спорт түрі бойынша бақ сынап, құраманың қоржынына 7 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль салды.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтті . Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтті.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтті. «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 10 мың көрерменді қабылдады.
Дүбірлі доданының шымылдығы «Астана-Арена» стадионында түріліп, салтанатты шараны мыңдаған көрермен тамашалады. Шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен келген бірнеше елдің президенті мен беделді ұйымдардың басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы байрақты бәсекенің ашылу салтанатын тамашалауға келген Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Саха Республикаларының басшыларына осылай ілтитап білдірді. Сондай-ақ Көшпенділер ойындары бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
«Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті.
Салтанатты шараға сондай-ақ Дүнижүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, ЮНЕСКО, БҰҰ, ТҮРКСОЙ сынды біршама беделді ұйым өкілдері қатысты. Ұлы дала дүбірі дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын әлемнің 19 телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Олардың арасында «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Қызспорт», Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік арналары бар.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында 2014, 2016 және 2018 жылдары өтті. Төртінші Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды.
«ANYQ.KZ-ақпарат»