
Түркістан облыстық балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметі арқылы 9 айлық сәби шұғыл түрде жеткізілді.
Белгілі болғандай, сәби абайсызда ине жұтып қойған. Тез арада аурухана мамандары — хирург Мұхағали Темірбеков және эндоскопист Бабыр Ырысқұлов эндоскопиялық әдісті қолдана отырып, рентгенологиялық тексеру жүргізді. Нәтижесінде бөгде заттың нақты орналасқан орнын анықтап, өңеште тұрып қалған бөгде затты сәтті түрде алып шықты. Медициналық көмек жедел әрі кәсіби көрсетілуінің нәтижесінде ықтимал асқынулардың алдын алу жұмыстары сәтті аяқталды.
Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Сәби дәрігерлердің бақылауында болып, үйіне шығарылды. Дәрігерлер осы орайда ата-аналарға балалардың қолы жететін жерде ұсақ әрі өткір заттарды қалдырмауды ескертеді.
Сонымен қатар Түркістан облысында облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері онкологиялық дерттің IV сатысындағы науқасқа жоғары технологиялық күрделі операцияны сәтті жасады. 43 жастағы науқасқа «тік ішектің аденокарциномасы, бауырға метастаздар» диагнозы қойылып, бұған дейін ҚазНИИОиР базасында 6 курс химиотерапия алған.
Дәрігерлер кешенді тексеруден кейін тік ішек пен бауырға бір мезгілде симультанды ота жасауға шешім қабылдады. Операция барысында тік ішекке резекция жасалып, колостома қалыптастырылды. Сонымен қатар бауырдың бірнеше сегментіне резекция жүргізіліп, метастаздар толық алынды. Ісік бауырдың шамамен 70%-ын қамтыған.
Мұндай күрделі оталар сирек жасалады. Соған қарамастан, дәрігерлер ісікті толық алып тастауға қол жеткізді. Отадан кейін науқастың жағдайы тұрақтанып, қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылды. Жоғары технологиялық емдеу әдістерінің өңірде қолжетімді болуы тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік әрі денсаулық сақтау саласындағы маңызды жетістік деп есептейміз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
