Жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асырудың тиімді жолы – жаңаша бағытта жүргізілген үздіксіз еңбек

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Болашақта өркениеті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған елдердің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім» дей келе, ол үшін «Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» — деп, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан  болатын. Мен басшылық және ұстаздық ететін №90 жалпы орта білім беретін мектебі осы жүйені жүзеге асыруда деп санаймын.

Әрбір ұстаз үшін шәкіртінің бойында ізгі қасиеттерді қалыптастырып, өмірден орнын табуға көмектесе білсе, одан асқан бақыт жоқ. Өзімнің ұстаздық жолымда сан түрлі қиындықтар да, естен кетпес қызықты оқиғалар да орын алды. Ұстаздық етіп жатқаныма 23 жылдай уақыт болыпты. Қазіргі уақытта мектеп басшысы болсам да, шәкірт тәрбиелеуден алыстап кеткен жоқпын, тарих, зайырлылық негіздері және дінтану пәндерінен сабақ беремін, оқушымен күнделікті бетпе-бет жүздесіп, жұмыс жүргіземін.

2012 жылы қыркүйек айында ашылған, 8 жылдай тарихы бар №90 жалпы орта білім беретін мектебі бүгінгі таңда қала көлемінде ғана емес, республика көлеміндегі танымал мектептің бірі екендігіне ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймын. Әрине, көпшіліктің ойлауынша, «мектептің аз уақыттың ішінде осындай танымалдылыққа ие болуының айрықша құпиясы, өзіндік әдіс-тәсілдері бар» деген жаңсақ түсінік бар екені де – шындық. Оның құпиясы 8 жылдық тарихы бар мектептің осы күнгі жетістікке жеткенге дейін басынан кешірген қиындықтарға берілмей, үнемі ізденіп, тек алға жылжуында жатыр дегім келеді.

Кез келген ұстаз күнделікті өз тәжірибесінде қиындықтармен кездесіп отырады. Себебі, адамды адам етіп шығару қиынның қиыны екені – ақиқат. Менің тәжірибемде кездескен қиындықтың бірі: мектептің қала орталығынан шалғай орналасқандығынан, оқушылардың негізгі пәндерден қосымша дайындық курстарына баруы қиындық туғызады, өйткені, қоғамдық көлік сирек жүреді. Осы қиындықтан шығу үшін, мен тарих пәнінен қосымша сабақтарды сабақтан тыс уақытта тегін өткіземін. Қиындықтың тағы бірі, көршілес Өзбекстан Республикасынан, Түркиядан, Қытай Халық Республикасынан көшіп келген қандастарымыз екеніне тағы да тоқтала кеткім келеді. Себебі, оқушылардың басым көпшілігі өз ана тілін дұрыс меңгермеген. Тарих пәнінен базалық білімі қалыптаспаған. Балаларға тіл үйретумен қатар, тарихты қоса үйретіп, одан үлкен нәтижеге жетіп, жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша менің оқушыларым «Тарих» пәнінен 100% білім сапасын көрсетуі. №90 жалпы орта білім беретін мектебінің де басты мақсаты – шәкірттердің  бойына білім мен ғылымды теңдей сіңіріп, бәсекеге қабілетті оқушыларды дайындау.  Сондықтан мен ең алдымен өзімді басшы емес, педагог, пән мұғалімі ретінде көрсетіп, өзім жетістіктерге жету арқылы басқа мұғалімдерге үлгі болып, олармен тығыз жұмыс істеуім өз нәтижесін беруде. Тарих пәнінен үздік көрсеткіштерімізбен басқа пән мұғалімдеріне қозғау салудамыз. Мектепте үш тілділік пен жаңартылған білім беру жүйесін қолдануға ерекше басымдық берілген.

Ұйымшыл ұжым арқасында мектебіміз жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтар болсам, мектеп оқушылары бірнеше жылдан бері ҰБТ-дан ең үздік нәтиже көрсетіп, қала мектептерінің арасында алғашқы орындардан көрінуде. 7 жылдың ішінде мектеп түлектерінің 512-і грант, 28-сы үздік аттестатты иеленсе, 46 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған.

Қазіргі таңда жаңартылған білім бағдарламасы аясында білім беру өзекті мәселе екені аян. Менің ойымша, сабағыңның сәтті шығуы бағдарлама аясында қысқа мерзімді сабақ жоспарын нақты, қолжетімді, шынайы және жүйелі етіп жоспарлауға байланысты. Осыған күнделікті қатты мән беремін. Әр күнгі сабағымның оқу мақсатына сай сабақ мақсаттары мен күтілетін нәтижеге жету үшін әдіс-тәсілдерді, қалыптастырушы бағалау түрлерін дұрыс таңдау да сабақтың маңызды факторлары екені шындық. Мұғалім оқушыларының өзі күткен нәтижеге қолын жеткізу үшін өзіндік әдіс-тәсілдерді, өз әдіснамасын қолдануы – заңдылық. Менің де өз тәжірибемде қолданатын әдіс-тәсілдерім жетерлік. Ең алдымен оқушыны сыни тұрғыдан ойландырып, білім алуға, оқуға деген қызығушылықтарын арттыруды мақсат етіп қоямын. Мен «Тарих» пәні бойынша «Болжау», «Сұраққа жетіп ал», «Галереяны шарлау», «Джиксо», «INSERT», «Кластер», «Ойлан, жұптас, бөліс», «Кейс-стади», «Зерттеушілік конференциясы», «Ыстық орындық», «Бір минуттық әңгіме», «Кинометафора», «Қара жәшік ішіндегі жұмыс», «Сұрақ ілмегі», «Буклет әдісі», «Шеринг», «Эйлер шеңбері», «Жасырын сөздер», т.б. көптеген әдіс-тәсілдерді қолданамын. Осы әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқыту барысында, өзім бағыт-бағдар беріп, оқушылардың сабақ тақырыбына сай көрсетілген бейнеролик, не түрлі-түсті сурет, т.б. бойынша болжату, өздеріне ой тастай отырып, тақырып бойынша көзқарасын анықтау, тақырып бойынша мәтінмен, мәлімет, ақпараттармен де Блум таксономиясы арқылы жұмыстар жүргіземін. Мысалы, тақырып барысында деректі, көркем фильмдерден үзінділер көрсете отырып, тақырыпты талқылату, фрагменттерді естеріне түсіріп, қайталатып отыру. Және сабақтан тыс уақытта да түрлі сыныптан тыс іс-шаралар, сайыстар өткізуді қолға алып, жүйелі жолға қойғанмын, биыл да басшы ретінде қыруар шаруалардың барына қарамастан, оқушылармен оқу жылы басталғаннан бері түрлі сайыстар өткізіп келемін. Бұл оқушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп, олардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырып қоймай, түрлі қабілеттерін ашып, әр түрлі қырларынан тұлға ретінде танылуына үлкен ықпалы тигізуде. Менің осы жұмыстарым да мектеп ұстаздарына үлгі болып, олардың да сыныптан тыс іс-шаралар, сайыстар, байқаулар өткізуіне түрткі болды.

Мен өз тәжірибемде пәнді оқушыларыма тереңірек оқыту, білім сапасын көтеру мақсатында, осы сала бойынша ғалымдармен, ЖОО-ның оқытушыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргіземін. Оларды оқушыларымның бос уақыттарында арнайы тегін қосымша дәріс беруге шақырамын. Олармен бірлесіп, кіріктірілген сабақтар өтіп, оқушыларға жан-жақты білім беруге тырысамыз. Бұдан бөлек оқушыларымды ғылым жолына да баулудамын. Бұрын да оқушыларым қалалық, облыстық және республикалық, халықаралық деңгейде түрлі олимпиада, байқау, ғылыми жоба конкурстарында жүлделі орындарға ие болып келген болса, қазір де мектеп басшысы болсам да, осы үдерісті жалғастырудамын.  Мектеп ұстаздарына осы бағытта да ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіп, үйретіп отырамын. Олар да осы үдеріске өз үлестерін қосуда. Мектепте оқушылардың ғылыми жоба жұмыстарымен айналысуы үшін мол мүмкіндіктері бар. Ол үшін арнайы «Ақиқат» оқушылар ғылыми қоғамы құрылған. Онда шәкірттер түрлі пән секциялары бойынша, ізденіп, ғылыми зерттеулер жасайды. Оқушыларымыз қалалық, республикалық, тіпті, халықаралық байқау, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Мектеп оқушылары осы кезге дейін 40-тан астам ғылыми жобаны қорғап, республика көлемінде де бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Осы ақпан айының 11-14 күндері Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсында менің шәкіртім Үсен Мелдеханов жүлделі 3-орынды иеленіп қайтты. Алдыңғы оқу жылдарында да шәкірттерім осы конкурстарда  жүлделі 1, 2-орындардан көрінген болатын.

Мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмысты жолға қою үшін өзім үлгі ретінде бұрыннан алып жазып келе жатқан әдістемелік оқу құралдарын, көмекші құралдар, бағдарламалар жазу, құрастыру сияқты жұмыстарымды жалғастырып, ұстаздар қауымына әдістемелік көмек бере отырып, қазіргі таңда 80-ге жуық әдістемелік оқу құралы мен көмекші құралдары жарық көрді және толықтырылуда.

Жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Мамандығым тарихшы болғандықтан және қазіргі таңда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты саяси мақаласында көтерген рухани жаңғыру мәселесіне айрықша назар аударылып отырғандықтан, осы мақаланың басты идеясын жүзеге асыруға ұстаз ретінде де, басшы ретінде қатты көңіл бөлудемін. №90 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылардың ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне ерекше мән берілген. Мектеп ғимаратында халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін бейнелейтін көптеген дүниелерді кездестіруге болады. Сондай бастамамның бірі – ұлтымыздың заңғар ойшылы, ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттау және тәрбиелік мәнін бойына сіңіру мақсатында мектепте оқушыларға аптасына бір рет Абайдың қарасөздерін талдату. Талдау барысында қарасөздердің мағынасына сай роликтер көрсетіліп, сахналық көріністер қойылады. Бұл Абайдың ұлағатты сөздерін оқушылардың жылдам түсініп, жадында сақтауына септігін тигізеді. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері арасында да Абайдың даналығын, даралығын насихаттау жолға қойылған. Мұғалімдердің қалауымен, мен өзім де М.Әуезовтің «Абай жолы» романын жазғы демалыс кезінде оқып, эссе жазудан конкурс өткізу де дәстүрге айналған. Елбасымыз Н.Назарбаевтың көтерген ұлттық кодымызды сақтау үшін Абайды танудың ықпалы орасан екені сөзсіз.

Ұстаздың тағы бір шеберлігі – өз пәнін тек оқулық арқылы берумен ғана тоқтап қалмай, жаңартылған білім бағдарламасының талап етіп отырғанындай, білім беру ресурстарын үнемі іздеп, балаға жан-жақты білім беру, баланың алған білімін өмірде қолдана алу жолдарын ұсынуы. Осы орайда мен тарихты оқушылар кітаптан ғана оқып қоймай, тарихи деректер мен оқиғаларды өздері сезіне алуы үшін тарихи жәдігерлерді жасауға өздерін де қатыстырудамын. Мектеп дәлізінде менің идеяммен және технология пәнінің мұғалімдері мен оқушылардың бірлесіп жасаған тарихымыздан сыр шертетін ғажайып туындыларын да көруге болады. Орта ғасырдағы ағаш арба, велосипед, зеңбірек, шахмат тақтасы, т.б. Ағаштан жасалған бұйымдардың арасындағы ең құндысы әрі маңыздысы, ол – Алтын адам мен Тайқазанның макеттері. Ал қоңырау орнына ойналатын ұлттық күйлер оқушылардың бойындағы патриоттық сезімдерін оятып, ұлтымызға деген сүйіспеншіліктерін нығайта түседі.

Жасөспірімдерді озық та заманауи технологияларға жақын етіп тәрбиелеуге ерекше мән беріп отырамын. Осы бағытта менің идеяммен жасалған тағы атап кетерлік дүние, жер шарының үлгісі – алып глобус. Бұл қазіргі таңда көлемі жөнінен Орта Азия мектептеріндегі ең үлкен глобус болып саналады. Диаметрі – 6,5 метр, биіктігі – 3,5 метр болатын глобусты жасау үшін гипсакортон материалы қолданылған. Оны жасауға технология мұғалімдері мен оқушылардың 6 айға жуық уақыттары кетті. Мектеп дәлізіне ілінген алып карта да көрген жанды бейжай қалдырмайды. Дүние жүзінің географиялық картасы өзінің үлкен көлемімен ерекшеленеді. Ұзындығы 3 метр, ені 5 метрлік карта оқушылардың географияға деген қызығушылығын арттырып, оқушылардың дүние жүзін тануына үлкен ықпалын тигізуде. Өзім де осында тарих пәнінен сабақтарымды өткіземін, бастауыш сынып мұғалімдері дүниетану пәні, ал орта және жоғары буын мұғалімдері география пәні бойынша экскурсия сабақтарын карта мен глобус жанында өткізуді үрдіске айналдырған.

Мектебімізде әлемде білім жүйесі озық саналатын Жапония, Финляндия, Сингапур, т.б. сияқты мемлекеттердің озық технологиялары мен әдіс-тәсілдерін өз тәжірбиесіне енгізіп, оқушылардың заман талабына сай білім алуына мүмкіндік жасап келеді. Мысалы, Жапонияда балалар миының қабілетін толыққанды дамыту үшін жүргізілетін «сол қолмен жазу» әдісі де менің ұсынысыммен оқу-тәрбие үдерісіне енгізілген. Яғни бастауыш сыныптың 1-сыныбынан бастап екі қолмен де сурет салуды, 5-сыныптан бастап барлық сынып оқушылары тәрбие сағатында 10 минут сол қолмен жазуды дәстүрге айналдырған. Бұл ерекше тәсіл миды жаттықтырып, оқушылардың логикалық ойлауын арттырып, түрлі қабілеттерін ашуға көмектеседі. Оқушылардың білім мен біліктілік дағдысын тереңдету және білім сапасын көтеру мақсатында, мектепте бақылау жұмыстарынан бөлек, тоқсан сайын «дидактикалық тест» сынағы алынады. Өзге мектептерде жоқ ерекше жүйені енгізу де менің идеям болатын, осы арқылы оқушылардың білім деңгейлерін анықтап, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жол ашып отырмыз. Және дидактикалық тест тапсырмалары жаңартылған білім мазмұны аясында тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларының спецификациясына негізделіп жасалып, жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асырудың бір элементі болып табылады. Дидактикалық тесттің ерекшелігі, сынақ кезінде білім деңгейі бірдей оқушылар бірге отырғызылады. Яғни тест барысында оқушылар бір-бірнен көшіре алмайды. Бұл оқушылардың өзіне деген сенімділігін арттырады және оқушылар өздерінің білім алу барысында жіберген қателіктерін өздері көріп, мұғалім көмегімен талдау жүргізіп, олқылықтардың орнын толтыра алады.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады» — дейді. Оның жарқын үлгісін менің сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған тәжірибемнен көре алдыңыздар деп ойлаймын. Ал 2019 жылы республика бойынша 10 үздік мұғалімнің қатарынан көрініп, жылдың «Үздік педагогы» атағын иеленіп, «Әлем ұстазы – 2020» халықаралық байқауында бақ сынауға жолдама алуымды өзімнің ұстаз ретіндегі атқарған еңбегімнің ғана арқасы емес, басқарып отырған ұжымымның жетістігі деп санаймын.

Арман ОРЫНБЕКОВ,

№90 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры.

Шымкент қаласы.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.