Түркістанда білім беру нысандарының қысқы дайындығы мен қауіпсіздігі — басты назарда

Loading

Түркістан қаласында жаңа оқу жылының ұйымдастырылуы және білім беру ұйымдарының алдағы қысқы жылыту маусымына дайындығы қатар пысықталуда. Басты міндет – білім алушылар үшін жыл бойы қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыру.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар білім беру нысандарын аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Қала басшысы С. Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатына, М. Пошанов атындағы №21 жалпы білім беретін мектебіне, Ө. Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейіне және Р. Исетов атындағы №20 жалпы білім беретін мектебіне барды. Аралау барысында мектептердің жалпы жағдайы, оқу кабинеттері мен асханалардың дайындығы, сондай-ақ ғимараттардағы жылу қазандықтарының қысқы маусымға әзірлігі тексерілді. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылының қалыпты өтуімен қатар, жылыту кезеңінде ықтимал мәселелердің алдын ала анықталып, дер кезінде шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала әкімі мектеп және балабақша басшыларымен көшпелі кездесу өткізіп, білім беру ұйымдарындағы өзекті мәселелерді тыңдады. Әсіресе, қысқы маусымға дайындықты қазірден толық пысықтап, анықталған кемшіліктерді уақыт созбай реттеу қажеттігін атап өтті.

– Басты талап – балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасап, оқу орындарында қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету. Қысқы маусымға дайындықты қазірден пысықтап, анықталған кемшіліктерді уақыт созбай реттеу қажет. Әр нысанның жағдайы тұрақты бақылауымызда болуы тиіс, – деді қала әкімі.

Жауапты сала мамандарына анықталған мәселелерді жедел шешу, білім беру нысандарының материалдық жағдайын тиісті деңгейде ұстау және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар жылу жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті дайындық шараларын сапалы аяқтау міндеттелді.

Бүгінде Түркістан қаласында 245 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 79 мектеп, 160 мектепке дейінгі ұйым және 6 мектептен тыс мекеме бар. Бұл нысандарда мыңдаған бала білім алып, тәрбиеленеді. Сондықтан олардың қауіпсіздігі, жайлылығы және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі — қала әкімдігінің тұрақты назарында. Жаңа оқу жылының басталуымен білім сапасын арттыру міндеті қауіпсіздік пен қолайлы орта қалыптастыру жұмыстарымен сабақтасып отыр. Ал қысқы жылыту маусымына алдын ала дайындалу – білім беру ұйымдарындағы тұрақты оқу-тәрбие үдерісін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You