Отырар ауданында ағын су мәселесі талқыланған қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Аралбай Асанның жетекшілік етуімен өткен аталмыш кеңестің бүгінгі кезекті отырысының күн тәртібіне тұтас еліміз, оның ішінде ауданымыз үшін өте өткір де өзекті деген екі мәселе енгізілді.


Оның біріншісі қазіргі таңда егістіктерге аса қажетті ағын су мәселесі болса, екіншісі 25 шілде күні өткізілгелі отырған ауыл әкімдерінің сайлауын жоғары дәрежедегі саналылықпен айқай-шусыз, дау-жанжалсыз, өкпе-ренішсіз ойдағыдай өткізіп алудың жай күйі жиынның басты тақырыптары болды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық есепті хабарлама жасап, аудан көлеміндегі қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Қазіргі кезде ең өзекті болып отырған бұл мәселеге байланысты Сағындық Қыдыр, Мәрия Белгібай, Жұмажан Айнабеков сияқты белсенді кеңес мүшелері өздерінің сұрақтарын қойып, көкейлеріндегі ұсыныс-пікірлерін іркіп қалмады. Шешендер тарапынан айтылған талап-тілектер мен ұсыныс-пікірлердің орынды екендігін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.

Отырыстың күн тәртібіндегі қос мәселенің де өте өзекті әрі күрмеуі оңайлықпен шешіле қоюы қиын да күрделі екендігін ескерген аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов сөз алып, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңес мүшелеріне кең көлемде жан-жақты әңгіме өрбітіп, көптеген мағлұматтар бере білді. Аудан басшысы қай кезде де ағын су мәселесінің қиын болғандығын, оның тапшылығы әсіресе биыл қатты сезіліп отырғандығын, сондықтан қаншама ілкімді іс-әрекеттер арқылы келіп жатқан суды барынша тиімді пайдалану, тамшылатып суару секілді әдіс-тәсілдерді өмір өзегіне тұрақты айналдыру қажет екендігін еске салды. Ауыл әкімдерінің алдағы сайлауы туралы да сөз еткен Ә.Жүнісов оны киелі де қастерлі өлкенің перзенттеріне тән парасаттылық қасиет танытып өз дәрежесінде өткізуге тиіспіз деген ой-ниетін ортаға салды.

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Төрәділ Тұрабаев пен Оңалбек Тоқбергеновтер күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өз ойларын өрбітсе, бұл азаматтарға да аудан басшысы тарапынан тұщымды жауаптар қайтарылды. Отырыс барысында көкейлеріне көп жайларды түйген кеңес мүшелері ауылдарына біраз аманат пен жауапкершілік жүгін арқалап қайтты десек қателесе қоймаспыз.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.