
Расы керек, биыл заң жүзінде ерекше мәртебеге ие болған Түркістан шаһары мемлекет деңгейіндегі күрделі мәселелер шешімін табатын құтты мекенге айналып келеді. Соның бір дәлелі, бүгін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы (ОСО КП) туралы Ережеге қол қою рәсімі өтті.
Іс-шараға ТМҰ мүше мемлекеттер – Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және ТМҰ-ға бақылаушы мемлекет – Мажарстанның орталық сайлау органдарының, сондай-ақ 4 беделді халықаралық ұйым – ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі академиясының басшылары, сондай-ақ ТМҰ елдерінің ғалымдары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері, облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен ТМҰ-ның X мерейтойлық саммитінде ұсынған болатын. ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасын құру туралы шешім барлық түркі мемлекеттер басшылары тарапынан бірауыздан қолдау тауып, 2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ-ның XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.
Маңызды басқосуда ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқыды. Президент өз хатында ТМҰ-ның X саммитінде ұсынған консультативтік платформаны құру туралы бастаманы қолдаған бауырлас елдердің әріптестеріне алғыс білдіріп, бұл бастама ұйымның мүше мемлекеттерінің сайлау жүйелерін жетілдіруге ықпал ететіне сенім білдірді.
«Бүкіл Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында консультативтік платформаның ережесіне қол қойылады. Мұның символдық мәні зор. Сондай-ақ мәселенің маңыздылығын ескере отырып, мен «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу туралы бастаманы қолдаймын. Бұл шаралар тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдердің қарым-қатынасын одан әрі тереңдете түсері сөзсіз», – деп Мемлекет басшысы өз хатында ден қойып, консультативтік платформаға нәтижелі жұмыс тіледі. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов өз құттықтауларын жолдады.
Іс-шара барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы ашық деректерге сәйкес, ТМҰ мүше мемлекеттерде 96,5 миллионнан астам сайлаушы бар екенін, соңғы екі жылда осы елдерде түрлі деңгейдегі 15 сайлау өткенін атап өтті. Сонымен қатар, ол: «Біз бүгін бүкіл түркі халқының рухани астанасы – Түркістанда жиналып, ТМҰ елдерінің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ережеге қол қойып отырмыз. Мұндай диалог алаңын құру сайлау процестерінің сапасы, тиімділігі мен инклюзивтілігін арттыруға ықпал етеді», — деді.
Алқалы жиында ТМҰ-ға мүше-мемлекеттер орталық сайлау органдарының басшылары – Әзірбайжаннан Мазахир Панахов, Қырғызстаннан Тынчтык Шайназаров, Түркиядан Ахмет Йенер, Өзбекстаннан Зайниддин Низамходжаев сөз сөйлеп, Мажарстанның Ұлттық сайлау бюросының басшысы Аттила Надьтың құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының (A-WEB) Бас хатшысы Ин-Шик Чжанг, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев сөз сөйледі.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары қол қойған ОСО КП Ережесінде ТМҰ елдерінің орталық сайлау органдары арасында жүйелі ынтымақтастық орнату өзара түсіністікті нығайтуға және сайлау процестерінің тиімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілген. Сонымен қатар, құжат ТМҰ мүше мемлекеттерді сайлау және референдумдар кезінде халықаралық байқау миссияларын ұйымдастыру арқылы көпжақты ынтымақтастық пен үйлестіруді дамытуға ынталандырады. ОСО КП мүшелері Ережеде мынадай шешімдер қабылдады:
сайлау рәсімдері бойынша диалог, ақпарат, үздік тәжірибелермен алмасу үшін платформа құрады;
сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытады;
сайлау процестеріне инновациялық тәсілдер мен технологияларды енгізеді;
электоралды іс-шараларды ұйымдастыруда ТМҰ елдерінің ОСО қызметін үйлестіреді;
сайлау органдары арасында сарапшылармен және оқу-әдістемелік материалдармен алмасуға жәрдемдеседі;
сайлау байқауына қатысып, тәжірибе жинақтауға және сайлау жүйесін дамытуға ықпал етеді және т.б.
Іс-шара аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан елдерінің әріптестерімен, сондай-ақ ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар сайлау науқандарын ұйымдастыру тәжірибесімен алмасу және ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. ТМҰ орталық сайлау органдары арасында тұрақты кеңестер және ынтымақтастықты қамтамасыз етуге арналған ортақ платформа құру электоралды процестерді дамытуға ықпал ететінін тараптар тағы да атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да өтті. Конференцияға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі, Парламенті депутаттары, Қазақстан Республикасының Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы, Түркі Мемлекеттері ұйымының төрағасы, Әзірбайжан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Қырғызстан Республикасы Орталық сайлау және референдум өткізу жөніндегі комиссиясының төрағасы, Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Түркия Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, сондай-ақ шет елдік және отандық ғалым-сарапшылар қатысты.
«Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысының барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров халықаралық электоралды ынтымақтастығын нығайтудың, түркі әлемі бірлігінің символы ретінде Түркістан қаласының тарихи және рухани маңыздылығын атап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен конституциялық реформа контекстінде Қазақстанның сайлау жүйесінің трансформациялануы туралы ақпаратты ұсынды.
Конференцияда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, сондай-ақ Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының басшылары құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер тәжірибе алмасудың және сайлау жүйелерінің дәстүрлі негіздерін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Конференцияда түркі мемлекеттеріндегі кәсіби диалог, сайлау жүйелерін дамыту тәжірибесімен сындарлы және нәтижелі алмасу өтті, ал конференция нәтижелері ТМҰ мүше мемлекеттердің сайлау жүйелерін дамытудың заңнамалық негіздері мен практикасын одан әрі жетілдіруге септігін тигізеді.
Аталған іс-шарада Түркі халықтарының мемлекеттігі қалыптасқаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі сайлау процессі және оның мемлекеттегі ролі туралы терең зерттеулер баяндалды. Конференция түркі елдерінің сайлау жүйелерінің тарихи және заманауи тәжірибесіне арналған екі секциямен жалғасты.
1-секция: «Түркі қауымдастығындағы сайлау дәстүрлері»
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, тарих ғылымдарының докторы, философия докторы, профессор Дархан Қыдырәлі секцияда модератор болды. Түркі мемлекеттерінде билікті қалыптастырудың тарихи аспектілері талқыланды. Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия ғалымдары қаған сайлауы, билердің сот өндірісі, Алтын Орданың дала демократиясы, Түркиядағы саяси реформалар мен сайлау процестері, Еуразия кеңістігіндегі көшпелі мемлекеттердегі ғасырлар бойғы сайлау дәстүрлері мен ерекшеліктері туралы баяндамалар ұсынды.
2-секция: «Түркі мемлекеттерінің сайлау жүйелерін талдау: жетістіктері мен болашағы»
Секцияны академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков модерациялады. Ғалымдар түркі елдеріндегі сайлау процестерінің жай-күйі мен даму перспективалары туралы өз баяндамаларын ұсынды. Халық еркі институттарының трансформациясы мен сабақтастығы, сайлау құқығындағы қазіргі заманғы үрдістер, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету тетіктері, үгіттеудегі жаңа трендтер және басқа да көптеген мәселелер талқыланды.
Конференция жұмысының қорытындысы бойынша қабылданған Түркістан қарарында қатысушылар демократиялық институттар мен сайлау процестерін одан әрі нығайтуға деген жалпы бейімділігін баса көрсете отырып, конференция барлық ТМҰ мүше мемлекеттердің ғалымдары мен сарапшыларын сайлау жүйелерін жетілдірудің және оларға азаматтардың сенімін арттырудың өзекті мәселелерін талқылауға тартуға және олардың кеңінен қатысуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар ТМҰ мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарға сайлау процестері саласында бірлескен ғылыми зерттеулер мен ғылыми-практикалық конференциялар өткізуге қолдау көрсетуді ұсынды.
Конференция материалдары қазақ және ағылшын тілдерінде жинақ түрінде жарияланбақ.
Конференцияда Түркі мемлекеттерінің сайлау жүйелеріне байланысты консультативтік кеңес құрылғандығы баяндалды. Бұл кеңестің құрылуы — түркі мемлекеттерінің сайлау жүйесі қызметтерінде өзара ынтымақтастықтығын қамтамасыз ететін және сайлау жүйесінде қажетті дамуға қол жеткізуді мақсат тұтады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
