
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қала аумағындағы 6 сектор бойынша кезекті халықпен кездесуі Яссы секторынан басталды.
Кездесу барысында қала әкімі сектор аумағында атқарылған жұмыстар мен 2024 жылы көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы баяндама жасап, алдағы кезеңге жоспарланған жобалармен таныстырды.
Жергілікті тұрғындар кәріз желілері мен жол сапасы, қоғамдық көлік қатынасы, жарықтандыру және интернет қолжетімділігі секілді өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Шаһар басшысы барлық сұрақтарға заң аясында нақты жауап беріп, кейбір мәселені орнында шешіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы, Яссы секторында тұрғындар тарапынан 20 мәселе көтеріліп, олардың 7-і нақты шешімін тауып, қалған 13 мәселе қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірілді.
Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде Түркістан қаласының даму динамикасына тоқталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалармен таныстырып, тұрғындардың белсенділігі мен ұсыныс-пікірлерінің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, тұрғындарды қаланың тазалығы мен қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз етуге шақырды.
Кездесу соңында қала басшысы бастаған сала басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.
Ал Бірлік секторының тұрғындарымен кездесу барысында шаһар басшысы 2024-2025 жылдары тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысы мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жергілікті тұрғындар тарапынан инфрақұрылым жүйелерін дамыту және жол мәселелері көтерілді.
Бірлік секторы бойынша алдыңғы кездесуде 21 мәселе тіркеліп, оның 12-сі шешімін тапса, 9 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сектордың инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауыз су, кәріз, электр және газ жүйелерін жетілдіруге арналған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мәселен, электр жарығымен қамту бойынша 2704 абонентті қамтитын жоба шеңберінде 14 дана трансформатор орнатылып, құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, табиғи газ желісімен қамту мақсатында қосымша 1500 абонентке арналған жоба әзірленуде, оның ішінде 326 абонент Бірлік секторынан енгізілген.
Жол және жарықтандыру саласында 141,7 шақырымдық 179 көшенің 96%-ы жарықпен қамтылған, қалған бөлігінде жұмыстар биылғы жылдың тамызына дейін аяқталады деп күтіліп отыр.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды қоғамдық тәртіп пен қалалық тазалықты сақтау шараларына белсенді қатысуға шақырып, көтерілген барлық мәселелер кезең-кезеңімен заң аясында шешілетінін жеткізді. Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, салалық бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, қала әкімінің халықпен кездесуі 28 мамыр күні сағат 10:00-де — 1-ші мөлтекауданында орналасқан №4 мектепте, 15:00-де — Сандыбаев көшесіндегі №18 мектепте, 29 мамыр күні сағат 10:00-де — Мәдени рухани орталықта орналасқан «Ұлы-дала орталығы» кешенінде, 15:00-де — ӘІО-ғы 9-шы көше бойында орналасқан №33 мектепте өтеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
