Түркістан: Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосыновқа пәтер кілті табысталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жаңа жыл мерекесіне орай Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жылдың үздіктерін марапаттады.


Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен «Түркістанды түлеткен» салтанатты жиында өңір басшысы көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жаңарудың жаңа белесіне көтерілген Түркістан тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына күллі Түркі әлемінің рухани орталығы ғана емес, әлем назарын аударған әлеуеті мол шаһар ретінде аяқ басып отыр. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Осы бағытта сіздердің атқарған жұмыстарыңыздың нәтижесін ескере отырып, қалыптасқан дәстүр бойынша облысымызда жыл үздігі номинациясы табысталғалы тұр. Елі үшін, жері үшін еңбек еткен әр адамның еңбегі еленуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауларында еңбек адамының мәртебесін, беделін көтеруге асқақтатуға мән берілген. Бүгінгі берілген марапаттар – сіздердің жыл бойғы жұмыстарыңызға лайықты баға. Осы жылдағы көрсеткіштер жаңа жылда еселене береді деп сенемін. Сіздерді Мәңгілік елді бірге нығайтуға шақырамын. Тәуелсіздіктің туын әрқашан биік ұстайық. Келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді өңір басшысы.

Салтанатты жиында Өмірзақ Шөкеев бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа Түркістан қаласындағы жаңа пәтердің кілтін тапсырды. Сонымен бірге өңір басшысы ел үшін еңбек етіп, құрметке бөленген азаматтарға «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын, бірнеше үздікке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін тапсырды. Облыс әкімінің Грамотасы да өз иесін тапты.

Мәдениет, спорт салалары бойынша жыл үздіктерін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов марапаттады. Ол жуырда ғана республиканың басты сөз додасында топ жарған түркістандық ақын Бекарыс Шойбековке «Алтын домбыраны» ұсынды. Бұл домбыра енді бір жыл бойы Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығының жәдігеріне айналмақ.

Қоғамның сан саласындағы көшбасшыларын Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та марапаттап, еңбек үздіктеріне құрмет көрсетті.

Барлығы 40 аталым бойынша жыл үздіктері марапатталған жиында республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен қазақ эстрадасының жұлдыздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Атап айтсақ, «Жігіттер», «Меломен» топтарымен бірге «Славян базары» фестивалінің гран при иегері Рухия Байдүкенова, Украина жұлдызы Назар Яцишин мен өзге де өнерпаздар Түркістан төрін мерекеге бөледі.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.