Ауыл шаруашылығы министрі түркістандық жас диқанға галстугін сыйлады

Түркістан облысында ұйымдастырылған республикалық семинар-кеңесте «Егістен сөреге дейін» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жолдары талқыланды.


Сонымен бірге Түркістан өңірінің диқандары мен кәсіпкерлері республиканың түкпін-түкпірінен келген әріптестеріне егістікті әртараптандыру, мол өнім алу тәсілдері, тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологиялары, топырақты өңдеу, жерді тыңайту жөнінде білгендерін үйретіп, кеңестерін берген болатын.

Семинар-кеңеске қатысушыларды әсіресе, Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан үйіргелік шаруашылықты дамыту жобасы қызықтырды. Осы жұмыс қалай жүзеге асырылғанын көру үшін семинарға қатысушылар Сайрам ауданындағы 2 шаруаның үйінде болып, шаруашылығымен танысты. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен өңірлерден келген кәсіпкерлер, әкім орынбасарлары да арнайы барды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл бастама арқылы жұмыссыздар саны азаятынын, отандық азық-түліктің көлемі артатынын және елдің әлеуеті көтерілетінін жеткізді. Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков аудан көлемінде ауыл шаруашылығын негізгі кәсіпке айналдырған отбасылар көп екенін айтты.

Семинар қатысушылары шаруаларға сұрақтарын қойып, тиісті кеңестерін алды. Түркістан облысының диқандары мен кәсіпкерлерінің еңбегіне тәнті болған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жас диқанға өзінің галстугін тарту етті.

Түркістан облысында жеке қосалқы үй шаруашылықтарын дамыту, яғни, үйіргелік шаруашылығы жақсы дамып келеді. Бұл жобада тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Жобаға «Еңбек» бағдарламасымен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мемлекеттік гранты есебінен қолдау көрсетілуде. 2021 жылдың өзінде жаңадан 525 бірлік отбасылық шаруашылық құрылды, оның ішінде 162 бірлік үй шаруашылықтарына гранттық қолдаулар көрсетілген. Өңірде 257 мыңнан астам үй шаруашылығы бар. Жыл сайын қосалқы үй шаруашылықтарында 310 мың тоннаға жуық өнім өндіріледі. Бұл – жалпы көкөніс өнімінің 30%-ы.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.