ТҮРКІСТАН: 34 423 бала БЦЖ ревакцинациясын алды

Аса қауіпті жұқпалы туберкулез ауруынан сақтану, оның алдын-алу өте маңызды. Азаматтар арасында көбіне дене қызуы жоғарылап, жөтелі асқынғанша медицина қызметіне жүгінбей, салғырттықпен дертін асқындырып алатындар жиі кездеседі. Сондықтан ауруды ерте анықтау үшін жылына кемінде 1 рет флюорографиялық тексеруден өту керек. Ал жас балалар арасында туберкулез ауруының алдын-алу үшін жаңа туған сәбилерге БЦЖ екпесі салынады. Одан соң бала 6 жасқа толып, қыркүйек айында мектеп табылдырығын аттаған кезеңде Манту сынамасы қойылып, БЦЖ екпесі қайта салынады. Биыл өңірде 34 423 (98,4%) 1-сынып оқушылары БЦЖ ревакцинациясын алды.

Түркістан облысында 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жалпы туберкулездің алғашқы анықталған 429 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 жағдайға төмендеген. Өңірде жасөспірімдер арасындағы туберкулез жағдайы да біршама азайып отыр. Жыл басынан бері 12 жағдай есепке алынып, былтырғы жылмен салыстырғанда 8 жағдайға төмендеген. Туберкулез ауруы көбінесе өкпеде дамиды. Адамнан-адамға жөтелгенде, түшкіргенде, қарым-қатынас жасағанда жұғады. Аса қауіпті жұқпалы туберкулез ауруының алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі сапалы тамақтану керек. Қоғамдық орындарда қақырынып, түкірінбеуге шақырамыз. Себебі туберкулезбен ауыратын адам өзінің ауырғанын білмей көпшілік арасында түкірік немесе ауыз қуысынан өзге де сұйықтық шығарса, туберкулез бактериясы таралып кетуі әбден мүмкін.

Ad Widget

Recommended For You