ҚР Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Шымкент қаласында көшпелі отырыс өткізді. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында сенаторлар еліміздің қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.
Жиынға Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ішкі істер министрлігі өкілдері және басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.
Көшпелі отырыста қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру, азаматтардың құқығын қорғау, проблемалық мәселелер талқыға түсіп және оларды шешу жолдары айтылды. Комитет төрағасы Владимир Волков заңнаманы жетілдіру мәселелері еліміздің азаматтарының конституциялық құқықтарына тікелей қатысты екенін атап өтті.
– Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру аясында жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту туралы, жеке адам мен меншікке қарсы қылмыстар және басқа да ауыр қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заңдар қабылданды. Ендігі ретте жергілікті мәслихаттар Сенатпен бірлесе тығыз байланыста жұмыс істеуі керек, – деді В.Волков.
В.Волков Сенаттың сот жүйесін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, оның қорытындысы бойынша тиісті заң жобалары әзірленетінін мәлімдеді.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшелі отырысты үшінші мегаполисте өткізудің маңыздылығына тоқталып, талқылау мәжілісі нәтижелі болатынына сенім білдірді. Шыңғыс Жұмабекұлы Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау бойынша шаһарда кешенді жоспар әзірленгенін, қала әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесе азаматтардың лайықты өмір сүруі үшін тиісті жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.
Іс-шара барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев Бас прокруратураның қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөнінде жұмысының қорытындысы және әзірленген заң жобасы туралы айтып берді.
Сондай-ақ, сенаторлар қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, Жолдауды іске асыру мәселелерін талқылады. Комитет төрағасы 25 қазан – Республика күніне орай мәслихат депутаттарын Алғыс хатпен марапаттады.