Аудан әкімі Арман Абдуллаев Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешенінің мемлекеттік инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Исаметұлымен бірге Дарбаза және Әлімтау ауылдық округтеріне арнайы барып, ауыл шаруашылығы үшін аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының барысын бақылады.
Бақылау барысына республикалық болжам орталығының басшысы Н.Кашкенов, облыстық аумақтық инспекциясының басшысы И.Бегасилов, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қатысты.
Жұмыстардың барысымен танысқан Қаныш Исаметұлы:
— Бұл өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізудің маңыздылығы орасан зор. Қажет болған жағдайда химиялық өңдеуге қажетті жаңа препараттар жеткізілетін болады. Жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажет – деді.
Айта кетсек, аудан бойынша биыл аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы қарсы 23 мың 620 гектар жерді химиялық өңдеу жоспарланған. Аталған фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында инспекция тарапынан ауданға 11 техника, 1 АН-2 ұшағы және 22 адам жұмылдырылған.
Бұған қоса бір күн алдын шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары пысықталды. Дарбаза ауылдық округінің аумағында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен ауыл шаруашылығы үшін аса қауіпті морокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары бойынша штаб отырысы өтті. Жиынға республикалық болжам орталығының басшысы Н.Кашкенов, облыстық аумақтық инспекциясының басшысы И.Бегасилов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Т.Оспанов, аудан әкімі А.Абдуллаев, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы мен ауылдық округі әкімдері қатысты. Аталған жиын барысында облыс әкімінің орынбасары:
— Экономикалық басымдық ауыл шаруашылығына берілген Сарыағаш ауданында зиянкестермен күрес шарасына немқұрайлы қарауға болмайды. Әсіресе шегірткелер егістік аумақтарына зиян келтіруін алдын алуымыз маңызды. Осыған орай бір апта мерзімде химиялық өңдеу жұмыстарын күшейту қажет – деді.
Сонымен қатар, штаб жиынында зиянкестермен күрес жолдары жан-жақты талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
Штаб отырысынан кейін химиялық өңдеу заттары сақталған қоймаға арнайы барып, зиянкестерге қарсы күреске қажетті қорымен танысты.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.