Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында 33 мың гектар жерге мақта егілді

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде диқандар 32794 гектар жерге мақта, 15432,5 гектарға бақша, 1587 гектарға дәнді жүгері, 1045 гектарға көкөніс, 805 гектарға жаңа жоңышқа, 233,5 гектарға картоп және гектар жерге көпжылдық екпелер егіп үлгерген.

Сәуір айында ауа-райының қолайлы болуы шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын жылдағыға қарағанда ертерек жүргізуіне бастама болды. 2023 жылы Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағада 5655 тонна жанар-жағармай отыны бөлініп, бүгінгі таңға 1 литрі 206 теңгеден босатылуда. Бүгінгі таңда 3690 тонна жанар-жағармай отыны шаруаларға берілді.

Биыл мақта егу үшін аудан аумағындағы тұқым шаруашылықтары 1200 тонна мақта шитін дайындап, алыс жақын шет мемлекеттерден (Түркия, Өзбекстан, Қытай) қосымша R-1 мақта шитінің тұқымдары алынды. Сонымен қатар көршілес Өзбекстан мемлекетінің «Наманган – 77» тұқымдық шиті аудан аумағында сынама ретінде 30 гектар алқапқа егілуде.

Көктемгі дала жұмыстарына барлығы 954 ауыл шаруашылығы тракторы, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары жұмылдырылды. Биыл шаруаларға көмек беру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 374,1 миллион теңге және «Жетісай несие» ЖШС тарапынан 116 миллион теңгеден аса несие берілген.

Айта кетейік, былтыр 40,4 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, аудан бойынша 106 мың тоннадан астам өнім жиналды. Орташа өнімділік 27 центнерге жеткен болатын. Биыл диқандар 35,7 мың гектар алқапқа мақта дақылын егуді жоспарлап отыр.

Мақта дегеннен шығады, мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі — «Global textile» компаниясы биылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті. Қазіргі таңда аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға тарату, ол үшін заң аясында қажетті келісімшарттар жасасу жұмыстарын жүргізуде.

Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 2-3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.

Естеріңізде болса, сәуір айының 11-інде «Ақ алтын» мәдениет үйінде «Global textile» компаниясы мен мақтааралдық шаруалар кездесу өткізіп, өзара пікір алмасты.

Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров ауданның негізгі шаруашылығы саналатын мақта саласын дамыту және мақта талшығының бағасын тұрақтандыру үшін аудан басшылығы тарапынан инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының және аудан басшылығының қолдауымен Мақтаарал ауданына келген инвесторлардың бірі — осы «Global textile» компаниясы екенін айтты. Сондай-ақ, ауданға инвестиция тарту бойынша жұмыстар өз жалғасын табатынын еске салды. 

Іс-шарада компанияның өкілі Дәулет Тұрсынбаев арнайы презентация жасап, «Global textile» компаниясының тарихы, қазіргі жағдайы және алдағы жоспарлары туралы кеңінен мәлімдеме жасады.

«Global textile» компаниясы мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитынын, қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорындарында жалпы саны 5 мыңнан астам жұмысшы жұмыс істейтінін компания өкілі атап өтті.

«Кәсіпорынның ендігі мақсаты — Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындадық. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата боя фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады» — деді компания өкілі.

Жиын соңында шаруалар тарапынан компания өкілдеріне сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілген болатын. Демек, Мақтаарал ауданының «ақ алтынды» көкке көтеріп, ауданның ғана емес, облыстың, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі зор болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.