Түркістан облысы: Созақ ауданында бірнеше шаруа қожалық жаңбырлатып суғару әдісіне көшкен

Бүгін Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Созақ ауданында баспасөз-туры өтті.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аймағына аялдады. Аудан әкімінің бастамасымен демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге өткен жылы көктем айында 3500 түп көшет, ал биыл 2 мыңнан аса көшет отырғызылған. Оның ішінде 2500 түп қара тал, 1000 түп гүжім талы. Мұнда бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәулет Құдайбергеновтың айтуынша, «Жасыл белдеу» аумағы 1,8 гектарға артып отыр. Аталған жұмыстар биыл да жалғасады. Алдағы уақытта бұл жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.

Жолсапар барысында журналистер қауымы Жеңістің 78 жылдығы мен Созақ ауданының 95 жылдығына орай, бокстан Созақ ауданы әкімінің жүлдесі үшін өтіп жатқан халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Сайысқа Өзбекстанмен қоса, еліміздің бірнеше өңірінен келген 300-ге тарта спортшы кіл мықтының ішінен кім мықтыны анықтайды. Турнирдің ашылуында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков салауатты өмірді ұстанудың маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан соң БАҚ өкілдері мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқан азаматтардың жұмысымен танысты. Шолаққорғандық Талшын Сатыбалды өткен жылы 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Осы қаржыға массаж салонын ашқан. Онда әйелдер мен балаларға емдік массаж, маникюр қызметтері көрсетіледі. Кәсіпкер мұнда 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қайтарымсыз грант алып, кәсібін өркендетіп отырған жанның бірі — Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін түрлі бөлішке, кекс сынды әртүрлі кондитерлік тағамдар дайындалады. 5 адам еңбек етеді. Кәсібінен береке тапқан еңбекқор жандар болашақта сұранысқа сай бастаған істерін одан әрі кеңейтуді көздейді.

Сапар аясында БАҚ өкілдері С.Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи өлкетану музейінде болды. 2021 жылы ашылған музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттар мен балбал тастар қойылған. Жергілікті күйші, ақын-жазушылар, спортшылар тұтынған құнды дүниелер бар. Мәселен, Төлеген Момбековтің, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел Тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 2800-ге жуық жәдігер сақталған. Алдағы жылдары құнды жәдігердің санын 5000-ға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері музейде 96 экскурсия, 15 лекция, 15 көрме ұйымдастырылды, ал музей қорына жаңадан 55 жәдігер қабылданған.

Журналистер Созаққа жасаған сапарында «КХ-2» Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолының құрылыс жұмыстарын бақылап көрді. Созақ ауданын кесіп өтетін автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары бүгінде қарқын алған. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт салу жұмыстары өткен жылы басталған. Бұл орайда, «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы және «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымы бойынша асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Нысандар 2024 жылға өтпелі.

Созақ ауданында шаруа қожалықтарының жұмысы жанданып келеді. Шолаққорғанда орналасқан «Қанжарбек» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылған. Қожалығының негізгі бағыты — мал басын көбейту (ұсақ мал, жылқы, мүйізді ірі қара). Шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды тиімді пайдалана білген қожалық төрайымы Айгүл Ашетова 2020 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы10 миллион теңге несие алып, 400 бас қой сатып алған. Бүгінде 1130 бас уақ мал, 50 бас мүйізді ірі қара, 75 бас жылқысы бар. Шаруақожалық 2000 гектардан аса жайылымдық жерді пайдаланып отыр. Сондай-ақ, «Инвестициялық салымдар есебінен кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беру» бағдарламасы бойынша құдық қазылып, күн сәулесінен энергия алатын қондырғылар қойылған. Мұнда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы мөлшері — 120-150 мың теңге. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы төмен пайызбен несие алып, мал басын арттыруды көздеп отыр. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, ісін ілгерілетіп отырғандар баршылық дейді салаға жауапты маман.

– Біздің шаруа қожалықтың басым бағыты – мал басын көбейту. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жеңілдіктер болып жатыр. Субсидиялар көптеп бөлінуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында 21 мен 35 жасқа дейінгі азаматтарға 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейін несие беріле бастады. Менің ойымша, бұл – үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта осы бағдарламалар аясында қожалықтың иелігіндегі мал басын тағы да көбейтуді жоспарлап отырмыз, — деді шаруа қожалығы мүшесі Бағлан Қанжарбекұлы.

Айта кету керек, Созақ ауданында жылдан-жылға мал басы саны артып келеді. Мұны мамандар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекпен байланыстырады. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама аясында асыл тұқымды мал өсіруді қолға алған шаруалар көбейген.

Созақ ауданы мал шаруашылығына қолайлы аймақтың біріне жатады. Жайылым жер де жеткілікті. Осы ерекшелікті жергілікті шаруалар тиімді пайдаланып келеді. Еске сала кетсек, жалпы ауданда 330 мыңға тарта ұсақ мал, 15 мыңнан астам түйе, 25 мыңға тарта жылқы, 40 мың бас ірі қара бар. Сала мамандары мемлекеттік қолдаудың көмегімен бұл көрсеткішті арттыра түсу негізгі міндет екенін жеткізді.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында толайым табысқа жетіп жүрген Созақ ауданында бірнеше шаруа қожалық жаңбырлатып суғару әдісіне көшкен. Соның бірі — «Дәмен» шаруа қожалығы. Биыл құны 52 миллион теңге тұратын жобаны іске асырып, 40 гектарға жуық аумақты жаңбырлатып суғару әдісіне көшуді жоспарлап отыр. Шаруа қожалығының мүшесі Талғат Сейдахметұлының айтуынша, жобаның 50 пайызын мемлекет қаржыландырған. Жалпы ауданда азық-түлік, мал азығы белдеуін қалыптастыру, жаңбырлатып суғару әдісін насихаттау бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіліп, нәтижесінде аудан шаруалары жаңа технологияны меңгеріп келеді.

Айта кетсек, былтыр Созақ ауданында өнеркәсіп өнім көлемі 519 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 миллиард теңгеге артты. Инвестиция көлемі 61,2 миллиард теңгені құрады. Алдағы екі жылда 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Тағы бір ескерер мәселе, Созақ ауданының барлық жер көлемі 4 104 940 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 3 519 921 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 13912 гектар, суармалы егістік — 5813 гектар, тәліми — 8099 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 337 гектар, шабындық жерлер — 11773 гектар, жайылымдық — 3 493 899 гектар.

Жер санаттары бойынша:

ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 673 261 гектар;

елді мекендердің жерлері — 261 296 гектар;

өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 54 537 гектар:

ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 799 гектар;

орман қорының жерлері — 1 014 898 гектар;

су қорының жерлері — 3245 гектар.

Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Созақ ауданында 10 ауылдық округ пен 2 кент (Шолаққорған, Жартытөбе, Таукент, Сызған, Қарақұр, Қаратау, Тасты, Шу, Құмкент, Жуантөбе, Қыземшек, Созақ), 35 ауылдық елдімекен орналасқан.

Ауданның ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 3521855 гектар. Оның ішінде егістік жерлер — 13912 гектар, суармалы егістік — 5813 гектар, тәліми — 8099 гектар, көп жылдық екпелер — 337 гектар, шабындық жерлер — 11 773 гектар, жайылымдық — 3 493899 гектар.

Созақ ауданы бойынша ірі қара мал – 39613, қой-ешкі – 278458, жылқы – 24667, түйе — 14448, құс 36750 басқа жетті.

Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: мал дәрігерлік пунктері – 11, ұсақ мал тоғыту орындары — 20, жасанды қашырым пунктері — 14, биотермиялық шұңқырлар — 15.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.