Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының әкімі жайылым жер мәселесі бойынша ауыл тұрғындары және жер иелерімен кездесті

Дарбаза ауылдық округіне қарасты Тасқұдық, Құрсай, Сарысу елді мекендеріндегі жер иеленушілерге жалға берілген тәлімі егістік жерлерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысында ауыл тұрғындары жер жырту жұмыстарына кедергі келтіріп, жер жырту жұмыстарын тоқтатқан болатын.

Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев өзекті мәселеге айналған жайылым жер мәселесі бойынша орын алған жағдайды бақылауға алу үшін Дарбаза ауылдық округіне арнайы барып, ауыл тұрғындары және жер иелерімен кездесіп, мәселенің мән-жайын талқылады. Кездесуге аудан прокуроры Н.Алдабергенов, аудандық полиция бөлімі басшысы А.Бурханов, облыстық жер инспекциясының өкілі, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Кукеев қатысты.

Аудан басшысы ауыл тұрғындарының шағымдары бойынша жер иеленушілеріне шығарылған қаулылар бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде барлығы заңға сәйкес екенін айтып өтті.

— Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына жайылым жер жетіспейді. Өкінішке қарай, бұл ең өзекті мәселеге айналған. Бұл мәселені облыс инспекциясымен біргелікте шешу жолдары қарастырылуда. Жайылым жер тапшы болғанымен, мен сіздерге біреудің жерін заңсыз тартып алып бере алмаймын, — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ауыл маңындағы жерлерді жер иелерімен меморандум түзу арқылы егін егу маусымына дейін жайылымға беру, жер иеленушілер тарапынан жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету мәселелері де сөз болды.

Осы тұста назар аударар жайт, Сарыағаш ауданы Түркістан облысының оңтүстік аумағында орналасқан және территориялық аймақ бойынша шығысында Қазығұрт ауданымен, солтүстігінде Арыс ауданымен, батысында Шардара және Келес аудандарымен, Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Аудан 12 ауылдық округі, 1 қала және 1 кенттен құралған, жалпы аудан аумағында 71 елді мекен орналасқан. Аудан орталығы — Сарыағаш қаласы.

Сарыағаш ауданының барлық жер көлемі 418 117 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 392 927 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 87 609 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 24 015 гектар, көп жылдық екпе ағаштары — 2 586 гектар, шабындық жерлер — 1 550 гектар және жайылымдық — 294 579 гектар.

Жер санаттары бойынша:

— ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 329 528 гектар;

— елді мекендердің жерлері – 53 728 гектар;

— өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер – 5 067 гектар;

— ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 68 гектар.

— су қорының жерлері — 889 гектар.

Аудан жерінің басым бөлігі төбелер мен тау етегі жазықтығынан құралған. Ауданның батысын бойлай Сырдария, оңтүстік-шығысынан Келес, Құркелес өзендері ағып өтеді.

Сарыағаш ауданының климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, қуаң. Атмосфералық жауын-шашындардың орташа жылдық мөлшері 80-300 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашынның көбі көктем айларына тиесілі. Ауаның жылдық температурасы қаңтарда 2-3 С, шілдеде +24+28 С болады. Кейде құмды шөлді аймақтарда +40+45 С дейін барады. Аудан аумағы табиғи ауа райына байланысты шөлейтті және тауалды аймағында орналасқан. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарынан бидай, картоп, жүзім және бау-бақша өсіріледі.

Ауданның су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Сарыағаш ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны 329 дана, ұзындығы 2232,7 шақырым, оның ішінде каналдар — 168 бірлік, ұзындығы 1401,7 шақырым және қашыртқылар — 161 бірлік, ұзындығы 831 шақырым. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 27,6 мың гектар көлеміндегі суармалы жерлер сумен қамтамасыз етіледі. Сарыағаш ауданы арқылы 3 ірі және кіші (Сырдария, Келес және Құркелес) өзендері ағып өтеді. Келес өзенінің ұзындығы 241 шақырымды құрайды, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары келіп құйылады.

 Сарыағаш ауданы бойынша 89 бас түйе, 18 641 бас жылқы, 69 838 бас ірі қара мал, 555 738 бас ұсақ мал бар.

Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар-14, ұсақ малдарды шомылдыру орындары-31, жасанды ұрықтандыру пунктері-8, биотермиялық шұңқырлар саны-13.

Сарыағаш ауданында жалпы жайылымдық жер көлемі 294 579 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 673 636 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды.

Аудан бойынша барлығы 644 217 бас (69 838 ірі қара, 18 641 жылқы, 555 738 уақ мал, 89 түйе) көлемі 294 579 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 49 384 бас (7 022 ірі қара, 3 355 жылқы, 39 006 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Сарыағаш ауданында жалпы жайылым қажет ететін 584 833 бас малға көлемі 1 379 304 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады.

Сарыағаш ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.