Түркістан облысы: Жетісайлық диқандар қырыққабаттың алғашқы өнімін экспорттап жатыр

Жетісай ауданы — негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласы құрайтын аграрлы аймақ. Ерте көктемнен бастап тыныс-тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын өңірде шаруалар үшін еткен бейнеті ақталып, қырманның берекелі болуы — бірінші орында. Аудандағы Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Дауылбай ата» шаруа қожалығы қырыққабаттың алғашқы өнімдерін көршілес Ресей еліне экспорттады.

«Шаруа қожалығымызға тиесілі 3 гектар жердің 1,5 гектарына ақпан айында қырыққабаттың ерте пісетін «Магнус» сортын ектік. 48-50 күнде пісетін пекинка қырыққабаты бүгін алғашқы өнімін беруде. 1,5 гектарға егілген 60 мың түп көшеттен өндірілген өнім көлемі 60 тоннаны құрап отыр. Бұл кеткен шығындарымыз мен төккен теріміздің толықтай ақталғанын білдіреді. Артылған қырыққабат Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласына жөнелтілетін болады» — дейді «Дауылбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Момынжан Раджапов.

Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбековтың айтуынша, Жетісай ауданында биыл 1162 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 50 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Егілген өнімнің басым бөлігі «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Ринда», «Заказ» сорттары. Былтыр аудан диқандары 981,3 гектар жерге қырыққабат дақылын егіп, 31 919,5 тонна өнімін өндірген. Негізінен ерте пісетін қырыққабат өнімінің басым бөлігі Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспортталады.

Айта кетейік, биыл ауданда 79,2 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады. Оның ішінде 44 мың гектарға мақта, 19 мың гектар алқапқа бақша, 3,3 мың гектар жерге көкөніс, 6 мың гектарға дәндік жүгері, 727 гектарға күріш пен 6 мың гектарға мал азықтық дақылдарын егу жоспарлануда.

Жалпы, Түркістан облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар — тұрақты бақылауда. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл ерте пісетін көкөністер 20 мың гектарға жуық алқапқа егілді. Атап айтқанда, 9 мың гектар жерге ерте пісетін картоп, 7,5 мың гектарға қырыққабат, пияз 2 мың гектарға, сәбіз 1,3 мың гектарға орналастырылды. Егіс алқаптарынан 460 мың тоннаға жуық көктемгі өнім жинау жоспарлануда.

Сәуір айында 8 мың тонна қырыққабат жиналып, жоспар 40 пайызға артық орындалады деген болжам бар. Алдағы үш айда 450 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланған. Нәтижесінде маусымаралық кезеңде республикалық қажеттілік қырыққабат бойынша 95 пайызға қамтамасыз етіледі. Егілген сәбіз, пияз және картоп көлемі де артты.

Түркістан облысында өзге облыстармен ерте пісетін өнімдерге форвардтық келісімшарттар жасалып, 6,5 мың тонна өнімдерді тауар өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды. Маңызды мәселе — Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспарына сәйкес ағымдағы жылы 860 мың гектар жерге дақылдар егіледі.

Түркістан облысында әртараптандыру арқылы жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасын тапты. Атап айтқанда, көкөніс 2,3 мың гектарға артып 45 мың гектарға егілді, бақша 8,7 мың гектарға артып, 69 мың гектарға егілді. Малазықтық дақылдардың көлемі 6,7 мың гектарға артып, 228 мың гектарға орналастырылды. Сәйкесінше, мақта дақылы 14,4 мың гектарға қысқартылып, 111 мың гектарға егілді. Тұзданған және сорланған алқаптарда тұзға тұрақты жүгері, бұршақты дақылды (маш) егуді қолға алынды. Сонымен бірге биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 500 гектарға бұршақты дақыл егілді.

Өнімдерді сақтау қоймаларын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қаймасы бар. 2023-2025 жылдарға жалпы құны 21 млрд. теңгеге сыйымдылығы 86 мың тонна арналған 15 бірлік заманауи үлгідегі жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 22 мың тоннаға арналған 8 қойма бойынша жобалар биыл жүзеге асырылады.

Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы «1 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту» жобалары шығынын 25 пайызын өтеуге бюджеттен тиісті қолдаулар көрсетіледі.

Негізінде Түркістан облысының дихандары еліміздің барлық аумағын ауыл шаруашылығы дақылдарымен, көкөністермен толық қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Ерте көктемнен егіске кетпен салған диқандар бүгінде көкөністі пісіріп, сатылымға шығарып үлгерді. Бұдан да ертелеу көкөністерді жинар ма еді, биылғы күн райы сан құбылып күнгейліктер үшін салқынқабақ танытты. Дегенмен диқандар бүгінде өнімдерін тек еліміздің түкпір түкпіріне ғана емес, Ресейге де жөнелтуде. Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының диқандары 6,7 мың тонна көлемде өнім жинап үлгерді. Жетісай өңірінде ерте пісетін орамжапырақ өсіру үшін 1200 гектар жер бөлінген болатын. Оны өсірумен барлық дерлік ауылдар айналысады. Қазірдің өзінде 200 гектардан өнім жиналып үлгерді. Ерте піскен қырыққабатқа қазір сұраныс артып тұр. Күнгейліктер үшін бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Еліміздің өзге өңірлерінен күнгейлік қырыққабатқа деген сұраныс күннен күнге арта түсуде. Көтерме бағамен алатындар суықтау өңірлерге әрине біршама қымбаттау бағамен сататыны анық. Еліміздің бас қаласында бүгінде жетісайлық қырыққабаттар 450 теңгеден сатылып жатыр. Жақын аймақтағы базарларға көтерме жеткізілімдердің бір келісі 180 теңге тұрады. Қазір жаппай піскен өнім көп болған соң, бағасы 130-140 теңгеге дейін түсті. Өңірдегі көкөніс өсіретін шаруа қожалықтарына көтерме сатып алушылар көптеп келуде. Бұл дегеніңіз жетісайлық шаруалардың еккен өнімі жерде қалмайды деген сөз. Жазы аптап ыстық болғандықтан, Жетісайда кешірек пісетін қырыққабат отырғызылмайды. Оның орнына өзге өнімдер өсіріледі. Шаруаның көзін тапқан жетісайлық диқандар енді екінші өнімді егуге дайындалып жатыр. Күзге дейін бір жерден екі-үш өнім алып үлгереді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.