Түркістан облысы: Сарыағаш ауданы әкімінің кезекті жеке қабылдауында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау, жайылым жер мәселелері сөз болды

Бүгін аудан басшысы Арман Айдарұлы Абдуллаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудан әкімінің жеке қабылдауына алдын ала жазылған 21 тұрғынның өтініштері қаралды.

Қабылдауға келген тұрғындар кәсіп ашу мақсатында қаржылай қолдау, жайылым жер, демеушілер тарапынан баспана беру, ағын су, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мешіттің жерін құжаттандыру, су қоймасын салу, асфальт төсеу, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, күл-қоқыс тастайтын алаңдарды қоршау, тұрғын үй кезегі, коммуналдық арендалық жатақханадан пәтер беру және жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.

Аудан басшысы қабылдау барысында тұрғындар көтерген сұрақтарға жіті тоқталып, заң аясында нақты жауап берді. Сондай-ақ, тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты дербес бөлім басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Ал кеше аудан әкімі Арман Абдуллаев және Сарыағаш қаласының әкімі Мұхит Доспулов қаланы дамыту жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына арнайы барып, аралап көрді. Аудан басшысы тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасаудың маңызын айтып, қала аумағында гүлдер отырғызу, қураған ағаш бұталарды ретке келтіру, жол жиегіндегі ағаш қоршауларды ауыстыру, бордюрлерді жаңарту, жарықшам жүйелерін күтіп ұстау, көшеттерге суғару жүйелерін тарту жұмыстарымен танысты.

Аралау барысында аудан әкімі М.Доспуловқа қала тазалығын үнемі бақылауда ұстауды және ағымдағы жылы қала аумағындағы орталық көшелердегі істен шыққан жарықшамдарды толығымен жаңартып, өзге де ішкі көшелердегі жарықшам жүйесінде орын алған ақаулықтарды ретке келтіруді ескертті. Сонымен қатар, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларына жұмыстарды сапалы түрде белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырып, қала әкіміне жұмысты ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.

— Қала аумағында жыл өткен сайын тұрғын үйлер саны көбейіп, құрылыс жұмыстары да қала тазалығына өз әсерін тигізіп отырғаны рас. Дегенмен біз қала тұрғындарының таза әрі әдемі табиғат аясында демалысын тиімді өткізулері үшін бар жағдайды жасауымыз қажет. Ол үшін көше бойларын абаттандыру керек. Қала тұрғындары мен сырттан келетін қонақтардың түнгі мезгілде де қауіпсіз жүруі үшін көше шамдарын уақтылы ауыстырып отыру керек. Қала тазалығын сақтау — тұрғындардың ортақ міндеті, — деді аудан басшысы.

Жайылым жер демекші, Сарыағаш ауданы Түркістан облысының оңтүстік аумағында орналасқан және территориялық аймақ бойынша шығысында Қазығұрт ауданымен, солтүстігінде Арыс ауданымен, батысында Шардара және Келес аудандарымен, Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Аудан 12 ауылдық округі, 1 қала және 1 кенттен құралған, жалпы аудан аумағында 71 елді мекен орналасқан. Аудан орталығы — Сарыағаш қаласы.

Сарыағаш ауданының барлық жер көлемі 418 117 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 392 927 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 87 609 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 24 015 гектар, көп жылдық екпе ағаштары — 2 586 гектар, шабындық жерлер — 1 550 гектар және жайылымдық — 294 579 гектар.

Жер санаттары бойынша:

— ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 329 528 гектар;

— елді мекендердің жерлері – 53 728 гектар;

— өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер – 5 067 гектар;

— ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 68 гектар.

— су қорының жерлері — 889 гектар.

Аудан жерінің басым бөлігі төбелер мен тау етегі жазықтығынан құралған. Ауданның батысын бойлай Сырдария, оңтүстік-шығысынан Келес, Құркелес өзендері ағып өтеді.

Сарыағаш ауданының климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, қуаң. Атмосфералық жауын-шашындардың орташа жылдық мөлшері 80-300 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашынның көбі көктем айларына тиесілі. Ауаның жылдық температурасы қаңтарда 2-3 С, шілдеде +24+28 С болады. Кейде құмды шөлді аймақтарда +40+45 С дейін барады. Аудан аумағы табиғи ауа райына байланысты шөлейтті және тауалды аймағында орналасқан. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарынан бидай, картоп, жүзім және бау-бақша өсіріледі.

Ауданның су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Сарыағаш ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны 329 дана, ұзындығы 2232,7 шақырым, оның ішінде каналдар — 168 бірлік, ұзындығы 1401,7 шақырым және қашыртқылар — 161 бірлік, ұзындығы 831 шақырым. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 27,6 мың гектар көлеміндегі суармалы жерлер сумен қамтамасыз етіледі. Сарыағаш ауданы арқылы 3 ірі және кіші (Сырдария, Келес және Құркелес) өзендері ағып өтеді. Келес өзенінің ұзындығы 241 шақырымды құрайды, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары келіп құйылады.

 Сарыағаш ауданы бойынша 89 бас түйе, 18 641 бас жылқы, 69 838 бас ірі қара мал, 555 738 бас ұсақ мал бар.

Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар-14, ұсақ малдарды шомылдыру орындары-31, жасанды ұрықтандыру пунктері-8, биотермиялық шұңқырлар саны-13.

Сарыағаш ауданында жалпы жайылымдық жер көлемі 294 579 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 673 636 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды.

Аудан бойынша барлығы 644 217 бас (69 838 ірі қара, 18 641 жылқы, 555 738 уақ мал, 89 түйе) көлемі 294 579 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 49 384 бас (7 022 ірі қара, 3 355 жылқы, 39 006 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Сарыағаш ауданында жалпы жайылым қажет ететін 584 833 бас малға көлемі 1 379 304 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады.

Сарыағаш ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

Аудан әкімі Арман Айдарұлы Жарты төбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінен Көктерек кентіне өткен егістік жерлерді ортақ жайылымға ауыстырып беру жөніндегі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жер иелерімен кездесу өткізді. Кездесуге ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Кукеев, Көктерек кентінің әкімі Ү.Тұржанова және Жарты төбе ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.

Мәселенің жәй-жапсарымен танысқан аудан әкімі:

— Жайылым жер бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі екенін өздеріңізде жақсы білесіздер. Осыған орай елді мекеннің ортақ мал жайылымның үлесін арттыру маңызды. Бүгінгі кездесуде мен тек бір тарапты тыңдадым, алдағы уақытта ауыл тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдап, ортақ шешімге келуіміз қажет, — деді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.