Түркістан облысында каналдарды механикалық тазалау жұмыстары қарқынды

Егін шаруашылығымен айналысушы диқан қауымы үшін маңызды кезеңде “Тұран су» ШЖҚ МКК арнайы техникалары тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, мекеме теңгеріміне қарасты Арыс, Ордабасы, Сауран аудандары бойынша жалпы ұзындығы 230 шақырым су арналарын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланса, тиісті меженің бүгінде 82 шақырымы тазартылып үлгерген.

Каналдар мен су арналарын механикалық тазалау ағын тапшылығының алдын алып, егістікке келетін су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріле отырып “Тұран су” кәсіпорны қолда бар мүмкіндігін су арналарын тазартуға жұмылдырып отыр.

Орайы келгенде айта өтейік, Сайрам ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының техникаларымен Құтарыс ауыл округі аумағында орналасқан «Қызылжар» және Қайнарбұлақ ауыл округіндегі «Теспе» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары да жүруде. Нәтижесінде, 500 гектар суармалы жерге су жеткізу қабілеті жақсарады.

Сайрам ауданына қарасты суармалы жерлерді 53 канал ағын сумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 47 коммуналдық меншікте, 6 жеке меншікте. Аудан аумағындағы каналдарды тазалау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудандағы Құтарыс ауыл округінің аумағында орналасқан коммуналдық меншіктегі «Мұсабек», «Қызылжар» және «Оймауыт» каналдарына жоспарға сәйкес механикалық тазалау жұмыстары басталды. Тазалау жұмыстары ұзындығы 15 шақырымды құрайтын бөлігіне жоспарланған. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының техникалары тартылған. Бүгінгі таңда аталған каналдардың 6 шақырымы тазаланып, су өткізу қабілеті жақсарды.

Өткен жылы Сайрам ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» МКК-і меншігіндегі эксковаторлардың күшімен 132 шақырым канал механикалық тазалаудан өтті. 2023 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 25,6 шақырымды құрайтын Көлкент, Манкент, Қайнарбұлақ, Қарамұрт, Құтарыс ауылдарындағы каналдар мен арықтар тазаланды. Сондай-ақ қауіпті бөлігі бар Арыс а/о ұзындығы 4 шақырымды құрайтын «Қалмақтоған» каналын қазу, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы аталған мекеме тарапынан биыл ұзындығы 65 шақырым каналды тазалау жоспарлануда.

Сонымен қатар облыстық бюджеттен 7 каналдың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 105,2 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаржы бөлінген. Қазіргі таңда 13,1 шақырымды құрайтын «Әсіл» және 1,4 шақырымды құрайтын «Жоғарғы Аққала» каналдарына мердігер тарапынан жұмыстар басталды.

Түркістан облысында биыл 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде суармалы жер көлемі – 552 мың гактарды құрайды. Өңірдегі жалпы суармалы жердің 30%-ы облыстың оңтүстік бөлігі Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі.

Облыстағы егіс алқаптарын ағын сумен қамту мәселесіне қатысты кезекті рет жауапты басшылардың басын қосқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруаларды ағын сумен қамтуды жүйелеп, тұрақты бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.

Осы аумақтағы суармалы жерлердің барлығы Өзбекстаннан келетін трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы сумен қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі күні сұранысқа сай шаруаларға қажетті суды жеткізу үшін машиналық канал іске қосылып, қосымша қажетті су жеткізілуде.

Сонымен қатар облыстың Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласындағы 75 мың гектар суармалы жерлерге шаруалардың сұранысына сәйкес «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы 50 м³/сек ағын су босатылуда. Қажеттілік толықтай қамтамасыз етілген. Жалпы облыста жоспарланған 488,6 мың гектар жер жырту және 115 мың гектар сор шаю жұмыстары толығымен аяқталды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатыны туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды.

Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті және тұрақты назарда, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген.

Бүгінгі күні «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде, «Қосқарған» және «Кеңсай-Қосқарған-2» су қоймаларында су жеткілікті. Өңірдегі су тапсышылы мәселесін шешу үшін бірқатар су нысандарының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы салынғанда суару маусымында «Бөген» су қоймасына 68 млн.м³ ағын су қосымша жеткізіледі. «Боралдай» су қоймасы жобасы нәтижесінде суару маусымында «Бөген» су қоймасына 65 млн. м³ ағын су қосымша жеткізіледі. Екі қойманы салу есебінен алдағы жылдары Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру, мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында, облыс әкімінің тапсырмасымен 15 су нысанын күрделі жөндеу, 5 су нысанын ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 63 шақырым канал күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 11,2 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

«Тұран су» ШЖҚ МКК-н өз қаржысы есебінен биыл Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласында 230 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бүгінгі таңда 72 шақырымға тазалау жұмыстары жүргізілді.

Тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Сайрам ауданында төтенше жағдай каупі бар «Ақбай қарасу» каналын күрделі жөндеу, Шардара ауданында каналдарды күрделі жөндеу, Келес ауданында жалпы 75 каналды ағымдағы жөндеу көзделіп отыр.

Сондай ақ 5 ауданда орналасқан 12 су қоймаларды аудандық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылдау шаралары атқарылуда.

«Тұран су» мекемесінің теңгерімінде стратегиялық маңызға ие ірі 12 су нысаны бар. Ал жалпы 5 су қойма, 3 су торабы, 3 магистралды каналы, 1 жасанды көл және 107 ішкі шаруааралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы, 79 арнайы техника мен 15 құрал-жабдық мекеме теңгерімінде тұр.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биыл ақпанның аяғында «Тұран су» мекемесіне арнайы ат басын бұрып, мекеме жұмысымен және алдағы егістік науқанына, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларымен жан-жақты танысқан болатын. Облыс әкімінің орынбасарлары Арман Жетпісбай мен Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен «Қазсушар» РМК өкілдері қатысқан кездесу барысында «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Асылбекұлы мекеменің негізгі міндеттері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Кәсіпорынның негізгі міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту шараларын жүзеге асыру. Сондықтан облыс басшысы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде су мөлшері деңгейінің көтерілуін қадағалау, су тасу қауіпінің алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы вегетациялық кезеңде өңір шаруаларын қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Жауапты науқан басталар тұста яғни көктемгі кезеңге су нысандарының дайындығын бағамдаған облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Мекеме көктемгі егістік науқанына қызу дайындық жасады. Биыл бірқатар канал тазаланады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын теңгеріміндегі шаруааралық каналдарға (жалпы ұзындығы 1120 шақырым) механикалық тазалау жүргізілмек. Сонымен бірге иесіз, құжаты жоқ шаруааралық каналдарға (40) мемлекеттік акт жасап, кәсіпорын теңгеріміне қабылдау жұмыстары да жоспарланып отыр.

Мұның алдында ғана облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Тұран су» ШЖҚ МКК теңгеріміндегі су нысандарында болып, су жүйелерінің бүгінгі жағдайымен жан-жақты танысқан-ды. Кәсіпорынның негізгі міндеті теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту жұмыстарын жүзеге асыру болып табылатындықтан, Ермек Кенжеханұлы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап көктемгі кезеңде жауын-шашынның мол түсуі ықтималдығына байланысты алдын алу шараларын күшейтудің де маңызды екендігін атап өткен. Ал ең бастысы вегетациялық кезеңде шаруашылықтарды қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз ету — негізгі міндет. Сонымен бірге ағын суды үнемді пайдалану жағдайы соңғы жылдары негізгі басым бағыттың бірі болуда. Міне, осындай ауқымды жұмыстар басталар кезең алдында яғни көктемгі маусымға су нысандарының дайындығын бағамдап көрген облыс әкімінің орынбасарына мекеме басшысы Досхан Асылбекұлы атқарылған жұмыстарды баяндаған болатын.

Айта өтейік, биыл қыс мезгілінде «Тұран су» мекемесі табиғи апаттардың алдын алу бойынша су нысандарын бақылауда ұстап отырды. Себебі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды желтоқсан-қаңтар айларында қардың көп түсуін ескере отырып, көктемгі қар еру кезінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін тиісті тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, «Тұран су» мекемесі өз теңгеріміндегі су нысандарында арнайы техникалар көмегімен мұздарды ою, өзен арнасын мұздақтардан тазарту жағаны бекіту секілді жұмыстарды жүзеге асырды. Мекеме тарапынан су нысандарын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы штаб та құрылған-ды. Нәтижесінде судың деңгейі мен мұздың қалыптасу жағдайы мекеме мамандарының тұрақты бақылауында тұрды. Тасқын судың алдын алуда белсенділік танытты.

Кәсіпорын мамандары тасқын судың алдын алу бойынша қауіпті учаскелер анықтап, штаб құрып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. «Тұран су» мекемесінен 15 арнайы техника мен 100-ден астам қызметкер жұмылдырылды.

Су басу болжамы анықталған сәттен бастап негізгі саналатын 3 аймақ бойынша алдын алу жұмыстары шұғыл түрде ұйымдастырылды.

Бірінші. Арыс өзені аумағы. Бұл аумақта Арыс магистралды каналына жанама келген судың артуына байланысты, «Арыс» өзенінен келген 220 м3/сек су көлемі «ҚазСуШар» мекемесімен келісіліп, толықтай «Қараспан» су торабы арқылы «Сырдария» өзеніне тасталды.

Екінші. ТМК ПК 209-дан – ПК 767 аумағы. «Қапшағай», «Арыстанды» су қоймаларынан және қырдан келген 64 м3/сек жанама суларды, Түркістан қаласы аумағына өткізбеу мақсатында «Шаян», «Бестоғай», «Мыңбұлақ», «Икан» су қашыртқылары арқылы «Жетікөл» көлдер жүйесіне тасталып отырды.

Үшінші. Түркістан қаласы аумағы. Қаратау бөктерінен жобамен 20 м3/сек ағын су келіп, «Шаға» көліне баратын автокөлік жолы және осы аумақтағы каналдың бөліктері бұзылып, келген суларды «Түркістан магистралды каналы» мен «Шаға» көліне тастау арқылы қауіптің алды алынды.

Магистралды каналдың су тоспалары мен көпірлерінде мұз кептелісі орын алып, мекеменің арнайы техникаларының көмегімен мұзды жару жұмыстары тәулік бойына атқарылып, тасқын сулар үздіксіз өткізіліп отырды.

Жоғарыда атқарылған іс-шаралар нәтижесінде, аталған аймақтарда орналасқан Түркістан қаласы мен 15 елді мекенді су басу қауіпі орын алған жоқ.

Су нысандарының жағдайы мекеме тарапынан тұрақты бақылауға алынып, вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.