Түркістан облысы: Дархан Сатыбалды Отырар ауданындағы «Қызылту» сорғы станциясының мәселесімен танысты

Шәуілдір ауылындағы «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу керек. Денсаулық сақтау нысанының жай-күйі облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Отырар ауданындағы жұмыс сапарында аталған нысанға арнайы барған өңір басшысы жауаптыларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды.

Ғимарат 2016 жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалық сараптама жасалған, сметалық құжаттар әзірленуде.

– Тұрғындардың денсаулығын жақсарту өте маңызды. Сондықтан бұл нысанның мәселесі қадағалауға алынады. Заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Д.Сатыбалды.

Одан кейін өңір басшысы Қоғам ауыл округіндегі «Қызылту» сорғы станциясына барды. Арыс өзенінен ағын су көтеруге арналған сорғы станциясының мәселесімен танысты. ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК 1972 жылы құрылған. Қоғам, Қарғалы, Талапты ауыл округіндегі 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суландырады.

Бұл станцияға да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Аудандағы суармалы егістіктің су тапшылығын шешу мақсатында су тарту станциясын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ дайындалды. 2018 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «Қазсушарға» өткізілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өткен. Сондықтан жобаға қайта түзету енгізу талап етілуде.

Өңір басшысы осы уақытқа дейін осы нысанның құжатын, құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды тапсырды.

Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық бұл өңірдегі шаруа жайын, құрғақшылықпен күрес мәселесін, су тапшылығының алдын алуды былай түсіндіріп берді: «Отырар ауданында Арыс өзенінен бастау алатын, ұзындығы 42 шақырымға созылып жатқан Алтынбеков ­каналы бар. Канал бойында 13 мың гектар егістік жатыр. Қызылту насос стансасынан алты насосты Сырдария өзенінен кері тепкісіне қойдық, одан Алтынбеков каналына қосымша су айдалып жатыр. Оған қосымша Арыс өзеніне Қарааспан су бөгетінен бес куб, Бадамнан үш текше метр су келуі керек. Ол бізге жетем дегенше жолшыбай бірнеше ауданды аралып, 4,5 текше метр су келеді.

Жалпы бізде су тапшы екені рас, бірақ ­кезекке қойып, шаруаларға түсіндіріп, жағдайды реттеуге бар күшімізді салып отырмыз. Қазір, Құдайға шүкір, су тапшылығы мәселесін ішінара шешіп отырмыз деуге болады.

Көктем туа Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен ақылдасамыз, «Қазгидрометтен» биылғы жауын-шашын мөлшері туралы болжам келеді. Барлық шаруаларды, ірі-ірі шаруа қожалықтары басшыларын жинап сөйлесеміз, болжамды жеткіземіз. Мүмкіндігінше суды үнемдеу керегін айтамыз. Алтынбеков каналының ең соңғы бөлігіне суды жеткізу қиындау. Алтынбеков каналының соңғы жағында Қарғалы ауылдық округы, Талапты ауылы бар. Биылғы болжамды қарап, каналдың соңғы бөлігіндегі шаруаларға мүмкін болса биыл егін екпей қоя тұруын өтіндік. Әрине, тіршілік ету әркімге де керек. Оларға ол жердің орнына каналға жақын маңнан жер тауып беруге тырыстық.

Отырар ауданы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатындықтан, диқандар мал азығын егеді. Ол жүгері, жоңышқа. Биыл 11 200 гектар жерге жүгері егілді 11 500 гектар жерде жоңышқамыз бар. Биылғы аптап ыстық шаруаға кедергісін келтіргені рас, бірақ оның мәселесін шешу үшін алдын ала қам жасап келеміз. Ауданымызда 500 мыңнан аса ұсақ мал, 7-8 мың түйе бар, 18 мыңдай жылқы, 50 мың сиыр бар. Соларға 259 мың тонна жем-шөпті мал қыстату науқанына жинау жоспарын белгіледік. Ауыл шаруашылығы маманы болсақ та, назарға алмаймыз, қариялар айтып жүр. Құрғақшылық жылдары жантақ жақсы өсетін көрінеді. Себебі су көп болса, басқа шөп биіктеп, жантақ кішкене қалпында қалып қояды екен. Биыл жантақ бізде қалың әрі биік өсті. Оны 120 мың тоннадай жинаймыз деп отырмыз. Тамыздың ортасынан ары қарай жантақ піседі, сол кезде оруға кірісеміз. Одан бөлек, жылқы мен түйеге 87 мың тоннадай жоңышқа жинамақпыз. Мал азығы жағынан ауданда мәселе болмайды деп отырмыз» — дейді ол. 

Соңғы жылдары таулы аудандардағы жауын-шашын мен мұз деңгейінің төмендігінен отырарлық шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету күрделі мәселелерге айналып келеді. Әсіресе, шілде, тамыз айлары аралығында ағын су деңгейінің шамадан тыс төмендеуі шаруалардың мол өнім алуына кедергі келтіруде. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ағын су жетіспеушілігін жою мақсатында «Қызыл ту» насос станциясындағы су айдайтын насостарды күрделі жөндеуден өткізіп, шаруаларды қажетті мерзімде ағын сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай аудан басшысы тапсырмаларының орындалу барысымен және ағын су арналарының өткізгіштік қабілетімен танысып, «Қызыл ту» насос станциясының жұмысын көрді.

 «Қызыл ту» станциясында орналасқан 4 дана СНП-500 маркалы насостарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілген. Бүгінгі таңда Д.Алтынбеков каналы арқылы 6,5 м/с су босатылса, Арыс өзеніндегі Сырдария өзенінің кері тепкісінен насос станциясы арқылы каналға қосымша 2 м/с су тасталуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Талапты ауылының Сегіз там тұсындағы егін алқаптары толығымен суғарылып, Қоғам ауыл округі шаруаларының мәселесі шешімін тапты.

Ендігі кезекте Қарғалы ауыл округінің Отырар елдімекені аумағындағы егіс алқаптарына су жеткізу басты назарға алынып отыр. Аудан әкімдігі тарапынан шаруаларға қажетті су жеткізу үшін күнделікті кезекшілер қойып, қатаң бақылауда ұстау назарға алынған.

Жалпы алғанда, Отырар ауданында туризм, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде де жұмысты күшейту керек. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау жөніндегі көшпелі мәжілісте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралады. Аудан әкімі мен жауапты басшыларға селқостықтан арылып, белсенді жұмыс істеуді тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту жөніндегі кеңесте маңызды міндеттер жүктеді. Жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қойылып отыр. Тұрғындардың мәселелерін созбалаңға салмай шешіп, елмен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек. Ауданда экономикалық, әлеуметтік салалар, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы төмен деңгейде. Бұл – тек аудан әкімі емес, оның орынбасарларына, аппарат басшысына, бөлім басшыларына да қатысты. Өз саласы бойынша жиі кемшілік жіберген, міндетін дұрыс атқара алмайтын басшыларға қатысты шара қолданылады. Ауданда басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеу қажет. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау шарт. Аудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтар, қоқыстар мерзімінде тазаланбайды деп наразылық білдіруде. Елді мекендерді абаттандыру үшін тиісті шараларды қабылдауды, ішкі, сыртқы көшелердің келбеттерін 1-ші маусымға дейін ретке келтіруді тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды әлеуметтік сала, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерге де тоқталды.

Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов зерделеу жұмыстары нәтижесін жариялады. Ондағы деректер бойынша аудандағы проблемалар ашық айтылып, талқыға түсті.

2021 жылмен салыстырғанда былтыр жергілікті бюджеттің кірістер бөлігіне 1 млн. 660 мың теңгеге кем түсім түскен. Ет өндірісі 2,4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 19,4 пайызға, ешкі басы 10,2 пайызға, құс саны 6,3 пайызға кеміген.

Отырар ауданының білім саласында педагогтардың жұмысқа конкурссыз қабылдаудың 4 фактісі, 6 білім ұясының мемлекеттік білім беру талаптарына сай келмеуі деректері анықталған. Қазіргі уақытта мектептердегі конкурссыз жұмысқа қабылданған қызметкерлердің құжаттары заңға сәйкестендірілген. Жауаптыларға жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, қылмыстардың алдын алу жөнінде тапсырма берілді.

Отырар ауданында 2 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пунктер санитариялық-техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Аудан бойынша 5 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде, Ызакөл, Жанкел, Бестам елді мекендеріне 2023 жылы ауыз сумен қамтамасыз етуге қаржы қаралып отыр.

Мәжілісте осы және өзге мәселелер талқыланып, шешу жолдары қаралды. Тапсырмаларды сапалы атқаруға уақыт берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.