Ағымдағы жылы Ш.Ділдәбеков ауылдық округі бойынша Күрішті елді мекенінен газ өткізгіш құрылысына жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 1,8 миллион теңге, Қызылтаң елді мекеніндегі Балдаурен, Ырысты көшелеріне орта жөндеуді бастауға 5 миллион теңге, Күрішті елді мекеніндегі көпірді жөндеу жұмыстарына 12,5 миллион теңге бөлінсе, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сұлубұлақ елді мекеніндегі ұзындығы 4 шақырымды құрайтын 6 көшеге 99,6 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуінде осы және өзге де күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Аудан әкімінің бекітілген кестеге сәйкес І тоқсанда өткен кездесуінде Ш.Ділдәбеков ауылдық округі тұрғындары тарапынан Алпамыс, Бірлік елді мекендеріндегі тік дренаждарды іске қосу, А-15 автожолы бойындағы К-28 ағын су құбырын төмендету, Достық елді мекеніне кіреберістегі көпірді жаңартуды, Қызылтаң елді мекеніндегі Балдаурен көшесін күрделі жөндеуден өткізу, сонымен қатар, Қызылтаң, Достық елді мекендерінен 300 орындық мектеп салу, Достық елді мекеніндегі тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, Алпамыс елді мекенінің Ақниет көшесін жарықтаныдыру және КТП орнату, Қ.Дәрімбаев атындағы жалпы орта мектебінің тұсына «Сергек» камерасын қою секілді 10 мәселе көтерілген болатын.
Сондай-ақ, аудан басшысы аудан тұрғындары арасында жұмыссыздық деңгейін төмендете отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында кәсіпкерлердің жеке инвестициялық қаржылары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 миллион теңгеге 10 мың тонналық «Мақта шикізатын өңдеу зауыты», Жаңа ауыл ауылдық округіндегі құны 350 миллион теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі», Мақталы ауылдық округінен құны 790 миллион теңге болатын «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 миллион теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылыс монтаж жұмыстары басталғанын жеткізді.
Одан бөлек, Жетісай қаласынан құны 200 миллион теңге болатын аяқ киім өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.
Жағымды жаңалықтарымен бөлісіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берген Серік Үсенұлы есептік кездесуден кейін тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.
Айта кету керек, дәл осы күні Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы аудан тұрғындарына да жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізді. Жеке қабылдауға аудан басшысымен қатар бірқатар дербес бөлім басшылары мен қала әкімі, тиісті сала мамандары қатысты. Жеке қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу және оның кезегі, атаулы әлеуметтік көмек алу, табиғи газ, электр жарығы, жол, ауыз су, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша өтініштерін айтты.
Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған атаулы әлеуметтік көмек алу өтініштері бойынша заң аясында кеңестер беріп, мәселені шешу жолдарын ұсынды. Тұрғын үй алу және оның кезегі заңға сәйкес жылжып, кезегімен берілетіні түсіндірілді. Жұмысқа орналасу үшін Жетісай ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына барып «Жұмыспен қамту» кіші ақпараттық жүйесіне жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, жұмыссыздық мәртебесін алғаннан соң бос жұмыс орындарына жолдануға мүмкіндік бар екендігі сөз болды.
Ал, тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтып, ескі электр бағаналары мен кабельдерді ауыстыру, жол жөндеу жұмыстары мен сапалы ауыз сумен қамту ісі бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүргізілетіні айтылды. Аудан басшысы жауапты сала мамандарына тұрғындардың өтініштерін заң аясында қанағаттандыруды тапсырды.
Жеке қабылдауға келген азаматтар көтерген мәселелер белгіленген уақыт шеңберінде оң шешім табатындығына сенім білдірді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.