Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов алдын ала бекітілген кесте аясында Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, күрмеуі қиын мәселелерді бірге талқылады.
Аудан әкімі өткен тоқсандағы жүздесуде көтерілген Ақниет, Нұр ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салу, Ақниет ауылынан мектеп салу, округ аумағындағы жекеменшік электр желілерін мемлекет меншігіне алу, Көрікті елді мекеніндегі электр бағаналары мен желілерін ауыстыру, Әден ата ауылындағы электр қуатын ретке келтіру, сонымен қатар Ақниет ауылындағы ауыз су, ішкі ағын су жүйелерін мемлекеттік меншікке өткізу, тік дренаждарды қайта іске қосу, Көрікті ауылы Қоңырат көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, Ынымақ ауылдық округінен мал өлекселерін тастайтын орынға жер телімін бөлу секілді 13 мәселенің орындалу барысымен таныстырды.
Аудан басшысы өз баяндамасында биыл «Кирово» АГТС құрылысын аяқтауға — 305,7 миллион теңге, «Ынтымақ» жалпы орта мектебінің қосымша 100 орындық ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін — 4,3 миллион теңге, Талапты ауылынан мәдениет және кітапхана құрылысына жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге — 10,8 миллион теңге, округ аумағынан бассейн салу жұмыстарын бастауға — 10 миллион теңге, футбол алаңшасының құрылысын аяқтауға — 12,7 миллион теңге, абаттандыру жұмыстарына 8 миллион теңге бөлінгенін айтып, жалпы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 4 көшеге 29,8 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Тұрғындармен өткен кездесуден соң аудан басшысы округ тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Өтініштері мен ұсыныстарын бірге талқылады.
Бұған қоса осы күні Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті кездесуі Жылы су ауылдық округінде өтті.
Аудандық мәслихат депутаттары мен барлық бөлімдердің, құзырлы органдардың басшылары қатысқан жүздесуде аудан басшысы биыл Жылы су ауылдық округінің Әл-Фараби елді мекеніндегі 20 гектарға ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуге — 54,5 миллион теңгенің, фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысының жобалау сметалық құжаттарына — 8,2 миллион теңгенің, С.Сейфуллин елді мекенінен мүгедектер үйі ғимараты құрылысының жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 11,3 миллион теңгенің бөлінгенін, сондай-ақ, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін арық-атыздар қазу жұмыстарын аяқтауға — 1,3 миллион теңге, Жылы су елді мекенінде орналасқан №4 жатақхана шатырын ауыстыру жұмыстарына — 13,3 миллион теңге, Жылы су елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 3 миллион теңге қаржы қаралғанын айтты.
Ал, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сейфуллин, Жылысу, Мырзашоқы елді мекендеріндегі ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын 11 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 158 миллион теңге бөлінген.
Кездесу соңында аудан әкімі округ тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жауапты сала мамандарына заң аясында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, І тоқсанда округ тұрғындарының аудан басшысымен өткен кездесуінде табиғи газ құбыры тартылған Сейфуллин, Әл-Фараби, Байқоныс ауылдарына газ беру, Жылы су, Әл-Фараби, Баққоныс, Байқоныс, Мырзашоқы ауылдарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету, тік дренаждарды іске қосумен қатар Сейфуллин, Әл-Фараби, Баққоныс, Жылы су ауылдарындағы мектепке баратын көшелерді жарықтандыру, аяқ жол салу, Әл-Фараби, Баққоныс ауылдарындағы мектептің ескі ғимаратын тұрғындарға беру мәселелері көтерілген болатын.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.