Түркістан облысы: Жетісай ауданында ағын судың көлемі артып келеді

Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің суғару жұмыстарын жүргізу үшін ағын суға деген сұранысы 29,5 текше метр/секунд болса, бүгінде халықаралық «Достық» магистралды каналы арқылы 16 текше метр/секунд ағын су келуде. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қажетті ағын су мөлшерін жеткізіп беру мақстанда ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су тарту каналының 3 насосы іске қосылып, қосымша 12 текше метр/секунд жеткізілуде.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қажеттілігіне сәйкес ағын су берілуі аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен мамандар тарапынан тұрақты бақылауға алынып, қосымша тағы бір насосты іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жетісай ауданның су қоры жер үсті мен жер асты суларынан тұрады. Жетісай ауданы аумағындағы су жүйелерінің каналдардың жалпы саны 778 дана, ұзындығы 1533,1 шақырым, арықтар 179 бірлік (ұзындығы 511,4 шақырым). Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 86337 гектар көлеміндегі суармалы жерлер жоғарыда аталған каналдардың бойында іргелес жатуына байланысты сумен қамтамасыз етіледі.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы Сырдария өзенінен бастау алып, Ш.Ділдабеков, Ынтымақ, Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм, Атамекен, Мақталы, Жылы су және Қазыбек би ауылдық округтерінің егістік жерлерін суландырылады.

Жетісай ауданы аумағындағы бірнеше ауылдық округтерін қиып өтіп су қашыртқылары Сырдария өзеніне құяды.

Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алатын Достық каналынан таратылған каналдар арқылы ауданның суармалы егістік жерлері ағын сумен қамтылады.

Сондай-ақ бұл каналдардан басқа К-24-1-1-1, К-25, К-25-9, К-26, К-28, К-30, К-30а, К-30-ІІ, К-30-ІV және К-34 сияқты ірі каналдары бар. Осы каналдар арқылы ауданның толық суармалы егістік жерлері сумен қамтылады.

Шыны керек, сала мамандарының айтуынша, соңғы жылдары суармалы егіншілік дамыған еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Осы жылдың вегетациялық кезеңін тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстары басталды. Үкімет деңгейінде 2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді, оның шеңберінде қазіргі уақытта келесі бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Бұл іс-шаралар келесі бағыттарды қамтиды.

  • диқандарды егіндік сумен және жоғарғы ағыста орналасқан су қоймалардан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс;
  • гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;
  • суару жүйесінің магистралдық және шаруашылықаралық каналдарын тазалау;
  • су үнемдеу технологияларын ендіру.

Бірінші бағыт бойынша, 10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық үйлестіруші Су шаруашылығы комиссиясының 84-ші отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді, соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 миллиард текше метрді құрауы тиіс, «Достық» каналы бойынша 920 миллион текше метр көлемінде су беру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмай келеді, осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша контр-серіктестермен жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар 22 маусымда Қазақстан – Тәжікстан – Өзбекстан үшжақты форматта осы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасы жұмыс режимінің кестесі бекітіледі деп күтіліп отыр. Оның шеңберінде вегетация шыңына «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне қосымша 490,8 миллион текше метр су түседі деп күтіліп отыр.

Шу және Талас өзендерінің бассейіндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының су беру кестелері бекітілді. Мәселен, 2023 жылдың вегетациялық кезеңінде Шу өзені бойынша жалпы келетін судың көлемі – 153,95 миллион текше метрді, Талас өзені бойынша 178,42 миллион текше метрді құрап отыр.

Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келуде. Осы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 миллиард текше метр су түседі деп күтілген (МҮСК болжамды кестесіне сәйкес), бірақ іс жүзінде 1,291 миллиард текше метр (58%) су түсті.

Сондай-ақ, Қазгидромет пен Узгидрометтің болжамы бойынша вегетациялық кезеңге Сырдария бассейні өзендеріндегі су көлемі нормадан төмен және нормаға жуық болады деп күтілді. Осыған байланысты Сырдария өзенінен тұрақты суаруға су пайдалану лимиті Бассейндік инспекция арқылы қысқартылды. Түркістан облысының әкімдігіне ылғал сүйгіш дақылдарды қысқартуды, сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш екпеу туралы ұсыныстар берілді.

Осыған қарамастан, биыл Түркістан облысы бойынша күріш егу алаңы 2022 жылмен салыстырғанда 2,35 мың гектарға, яғни 1,5 мың гектардан 3,853 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, Жетісай ауданында күріш алқабы 5,5 есе, Мақтаарал ауданында 15 есеге ұлғайды.

Сонымен қатар мақта егістігі бастапқыда жоспарланғаннан 5,29 мың гектарға, яғни 79,7 мың гектардан 84,990 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ облыста су шаю және сумен ылғалдау жұмыстары су тасқыны азайғаннан соң бір айдан кейін басталды, бұл наурыз айында Шардара су қоймасынан машиналық су беру каналын қосу қажеттілігіне әкелді. Ылғал сүйгіш дақылдар алқаптарының ұлғаю себебінен суға деген қажеттіліктің артуына байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамыр айында егістік суының тапшылығы шиелінісін төмендету мақсатында машиналық каналды қайта қосуға мәжбүр болды.

Сонымен қатар Министрліктің ұсынымын орындамау салдарынан, «Тұран Су» коммуналдық кәсіпорнымен Арыс өзенінің ағын режимін дұрыс реттемеу себебінен Отырар ауданын егістік суымен қамтамасыз ету мәселесі өткір көтерілді. Қазіргі уақытта ЭТРМ судың барынша жетіспеушілігін болдырмау үшін Бадам су қоймасынан санитарлық су жіберуге мәжбүр, әйтсе де тәжірибе бойынша одан су жіберу шілде мен тамыз айларында жүзеге асырылуы керек болатын.

Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан облыс әкімдіктері қосымша келесі шараларды қабылдауы қажеттігі  айтылып отыр:

  1. қалыптасқан жағдай және қабылданып жатқан шаралар бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет;
  2. «Қазсушар» РМК филиалдарымен бірлесіп, су берудің онкүндік жедел кестелерін құра және сақтай отырып, жоспарлы тәулік бойы су пайдалануды, коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалануды ұйымдастыру қажет;
  3. «Қазсушар» РМК-мен келісілген гидротехникалық құрылыстардың жұмыс режимін қамтамасыз етуге және Министрліктің ұсынымдарын қатаң сақтау қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігі оңтүстік облыстардың суармалы жерлерінде су үнемдеу технологияларын енгізуді ұлғайту жөніндегі жұмысты жандандыру және суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйіне мониторингті күшейту қажет.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биылғы көктемгі егіс жұмыстары барлық өңірлерде оңтайлы агромерзімде сәтті аяқталды. Суармалы егіншілікті дамытуға ерекше назар аударылады, өйткені ол су тапшылығы циклінің жалғасуы және жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы өндірісінде маңызды рөл атқарады.

Мәселен, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша биыл 1,58 миллион гектар суармалы жер өңделеді. Былтырғы алынған су көлеміне сүйенетін болсақ, 1,58 миллион гектар жерді суару үшін 11,4 миллиард текше метр су қажет болса, оның негізгі үлесі күріш және азықтық дақылдарды суаруға пайдаланылады. Сондай-ақ 1 миллион 126 мың гектар немесе жерлердің 71%-ы жерүсті әдісімен суарылады, 97,9 мың гектары – күріш алқаптарын су жаю арқылы, 278,6 мың гектар алаңда немесе 17,6%-ында заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады.

«Суды көп қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. Мәселен, биыл өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алаңы 14,8 мың гектарға азайды. Сонымен қатар күріш егістері бойынша күрт төмендеу әлі байқалған жоқ. Негізгі себеп – дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысында топырақтың тұздануы», — дейді Е. Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрі су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталды.

Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.

Екіншіден, ҚР-да жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, израилдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр.

Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді.

Мемлекет басшысы өз жолдауларында әрқашан су ресурстарының есебіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты және Су кодексінің талаптарына сәйкес Сумен жабдықтауды субсидиялау қағидаларына су көлемін есепке алу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде диқандарға жеткізілген судың көлемін айқындау бөлігінде өзгеріс енгізілді.

Бұдан басқа, Аудиторлық палатаның нұсқамасына сәйкес суару әдістеріне байланысты су беру бойынша субсидияларды саралау жұмысы жүргізілуде, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады. Бұйрықтың тиісті жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.

«Сонымен қатар фермерлердің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 80%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Мүдделі тараптармен келісілгеннен кейін аталған өзгерістер заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялық субсидиялау қағидаларына енгізілетін болады. Осыған байланысты, су беру, сондай-ақ суды есепке алу бойынша қызметтер көрсету мәселелері Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бекітілгенін ескере отырып, оларға облыс әкімдіктерімен бірлесіп фермерлер арасында есепке алу аспаптарын немесе өлшеу аспаптары мен қондырғыларын таңдау және орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз», — дейді Е. Қарашөкеев.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша соңғы 5 жылда орта есеппен 1,2 миллион гектар суарылып келеді. Сумен жабдықтаудың болмауы нәтижесінде жыл сайын шамамен 300 мың гектар суарусыз пайдаланылады, яғни суды арналар арқылы тасымалдау кезінде нормативтен тыс үлкен шығындар орын алады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес суды ұтымды пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда, бүгінгі таңда су шаруашылығы ұйымдарын суды ұтымсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы бірде-бір факт жоқ.

Сонымен қатар қазіргі уақытта жекелеген өңірлердегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл негізінен мемлекетаралық бірлескен су шаруашылығы нысандарынан судың тұрақсыз жеткізілуіне байланысты.

Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, желіні жабуға көше отырып шаруашылықаралық және шаруашылық ішіндегі арналарды қайта құру жөніндегі арнайы бюджеттік бағдарламаны әзірлеу жөніндегі жұмысты жеделдету қажет.

Су ресурстарын басқару мәселелері Экология министрлігінің құзыретіне өткеніне қарамастан, Министрліктің атына шаруалардан хаттар мен өтініштер келіп түсіп жатыр. Егістік суын беру бойынша қызметтер көрсету рәсімдерінің қолжетімділігін, ашықтығын және оңайлатылуын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Экология министрлігіне облыстар әкімдіктерімен бірлесіп:

  • диқандарға су беру қағидаларын бекітуді;
  • диқандарға су беру процесін автоматтандыруды;
  • коммуналдық және жеке су шаруашылығы ұйымдарын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды;
  • суару тәсілдері бойынша тарифті бекіту, яғни су үнемдеу технологияларын пайдаланушылар үшін бір тариф, жер үсті суару әдісі үшін басқа тариф қарастыруды ұсынады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп суару мақсаттары үшін жер асты суларына геологиялық зерттеу жүргізуді қамтамасыз етуі қажет.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, биыл 860 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның 489 мың гектары — суармалы жер. Облыстың басым бөлігінде вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ететін Бөгенсу қоймасында 173 миллион текше метр су бар. Ал, Өзбекстаннан бастау алатын «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы секундына 65 текше метр ағын су жоспарға сәйкес жеткізіліп отыр.

Бұл ретте, облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ететін «Достық» мемлекетаралық магистралды каналынан ағын су жыл сайын бекітілген лимиттен кем алынып келеді. Нәтижесінде, Мақтаарал, Жетісай аудандарында суармалы жерлерде ағын су тапшылығы орын алып отыр. Аталған аудандар «Достық» каналына тікелей тәуелді.

Жыл басынан бері 603 миллион текше метр ағын су алу жоспарланса, нақты алынғаны 434 миллион текше метрді құрайды немесе 28%-ға аз босатылған.

Осы мәселені шешу үшін Шардара су қоймасынан Машиналық канал арқылы «Достық» магистралды каналына қосымша 40 миллион текше метр ағын су тасталынды.

Сондай-ақ биыл 22 маусымда Қазақстан-Өзбекстан-Тәжікстан арасында үкіметаралық келісөздердің нәтижесінде, «Бахри-Точик» («Қайрақұм») су қоймасынан «Достық» магистралды каналына вегетациялық кезеңде 491 млн текше метр су босату жөнінде үш жақты келісім жасалып, кесте бекітіледі деп күтіліп отыр.

«Облыстың оңтүстік аймақтарын ағын сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, облыстағы су нысандарының 75%-ының тозығы жетіп, су шығыны 40%-ды құрап отыр. Бұл мәселені шешу үшін су нысандарын кезең-кезеңмен бетонмен қаптап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», — дейді Д. Сатыбалды.

Оның мәліметінше, Машиналық каналды күтіп ұстау шығыстарына осы жылға 464 миллион теңге қаржы қаралған, дегенмен, бұл қаржы вегетациялық маусымды оңтайлы өткізу үшін жеткіліксіз болып тұр.

Ол өз кезегінде облыстағы су нысандарының басым бөлігі республикалық меншікте екенін ескере отырып, салалық Министрлікке аталған мәселелерді бақылауға алу бойынша тиісті тапсырма беруді сұрады. 

Сонымен қатар облыстағы вегетациялық маусымды қалыпты деңгейде өткізу үшін әкімдік тарапынан барлық қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.