Түркістан облысы: Ордабасы ауданының Бөржар ауылында құс шаруашылығын дамыту көзделіп отыр

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Бөржар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыл басынан атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды.

Ауылдық округте жылдың басынан ауыл шаруашылығы саласына 301 миллион теңге инвестиция тартылған. 40-қа жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр.

2023 жылдың тамыз айында Қайнар елді мекеніндегі Төлтай, Дүйсенбин көшелерінің, Ұялыжар елді мекеніндегі Сәтбай, Кемелбеков көшелерінің ауыз су жүйесі толық аяқталады.

Жамбыл, Бірлік елді мекеніндегі газдандыру жұмыстары биыл аяқталады.

Осы жылы Ұялжардағы Т.Бокин көшесі, Ынтымақтағы Б.Шолақ көшесі, Қайнардағы Қажымұқан-2 көшесі, Теспе ауылының ішкі көшелері, Жамбыл ауылындағы Қалбырұлы көшесі, Бірлік ауылындағы Валиев көшесі орташа жөндеуден өткізіледі деп жоспарланған. Ал, Ынтымақ ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына тас төсеу жұмыстары жүргізілмек.

Биыл Қайнар ауылындағы Антеев көшесіне жарықтандыру құралдарын орнату, Ынтымақ ауылындағы Самал көшесіндегі электр желілері ағымдағы жөндеуден өткізу, Ұялыжардағы Төлеби көшесіне балалар алаңшасын орнату жоспарланған.

Ықылас-темір ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) іске қосылады.

Сондай-ақ, алдағы уақытта Бөржар ауылдық округі “Ауыл аманаты” пилоттық жобасына енгізіліп, құс шаруашылығын дамытуға ниет білдірген бөржарлықтарға 2,5% несие беру жоспарланып отыр.

Аудан әкімі Бөржар ауылдық округінде жүзеге асырылатын осы және т.б. жобалар, нысандар туралы толық мағлұмат беріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Кездесудің соңында аудан басшысы бөржарлық бірнеше тұрғынды жеке мәселелерімен қабылдады.

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, жыл басынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Бадам ауылдық округінің Дербес ауылында фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол нысан осы жылы толық аяқталып іске қосылады.

Бадам елді мекенінде осы жылы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Аталған жоба “Ауыл — ел бесігі” бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. 2024 жылы толық бітіп, ел игілігіне табысталмақ.

2024 жылы Бадам елді мекенінің Орда мөлтекауданында “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы шеңберінде 600 орындық мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға берілу көзделуде.

Сондай-ақ биыл Орда мөлтекауданындағы ауруханаға баратын жол орташа жөндеуден өткізіледі. Ордабасы ауылындағы мектепке баратын жолға жарықтандыру құралдары қойылады.

Бадам, Мамыр, Дербес, Ордабасы, Қарабастау, Ақбұлақ елді мекендерін табиғи газбен қамту бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Бадам елді мекеніндегі Төле би, Теңлібай, Байсеитова, Қайрат, Ахметов, Қабылова, Жананов көшелеріне ауыз су жүйесін тарту жұмыстары жүруде. Қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Дербес ауылындағы Дайрабай көшесін ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары жүруде. Тамыз айында аяқтау көзделген. Ордабасы елді мекенінің бірнеше көшесіне ауыз су тартылуда. Жұмыстарды тамыз айында аяқтау жоспарланған.

Бадам ауылдық округінде “Ауыл аманаты” пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылу үстінде.

Бадам ауылдық округінің ауыл шаруашылығы саласына жыл басынан 28 миллион теңге инвестиция тартылған. 11 мың гектардан астам егістік жер игерілген.

Жалпы, аудан басшысы Бадам ауылдық округінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамытуда потенциалы жоғары екенін айтып, тиісті сала мамандарына, ауыл әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер хаттамаға түсіріліп, олар бойынша жұмыс жүргізілетіндігі айтылды.

Кездесудің соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Атап өту керек, тұтастай алғанда Ордабасы ауданының жер көлемі 265 561 гектарды құраса, оның 218 234 гектары — ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер.

Ауданда егістік жерлердің көлемі 87 348 гектар болса, жайылымдық жерлердің көлемі -111 196 гектар. Ал, көп жылдық қондырғылар 1 805 гектарға жеткен. 8 522 гектары — су қоры жерлері.

Аудан диқандары ағымдағы жылы 70 400 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егіс көлемі 847 гектарға ұлғайған. Атап айтар болсақ, бидайдың егістік көлемі – 23 894 гектар, арпа – 2 465 гектар, майлы дақылдар – 5412 гектар, оның ішінде күнбағыс – 500 гектар, мақсары – 4912 гектар, ашық топырақта өсірілген көкөністер – 3 082 гектар, картоп – 636 гектар, бақша дақылдары – 1 747 гектар, дәндік жүгері – 7 011 гектар. Көп жылдық мал азықтық дақылдар – 19 518 гектар. Мақта 6 634 гектарды құрады.

Сонымен қатар, егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасы қолға алынды. Осы мақсатта ағымдағы жылы 408 гектар жерге 141 шаруа қожалығы өнімдерін егіп отыр.

Бүгінгі таңда ерте пісетін көкөніс дақылдарынан алғашқы өнімдер жиналуда. Мысалы, қырыққабат – 181 тонна, картоп – 36 тонна, мал азығы 136 630 тонна жиналды.

Бұл ретте ордабасылық азаматтардың «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп бастап жатқандығын да тілге тиек еткен артық болмас.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты — ауыл тұрғындарының табысын арттыру, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу. Осы тұрғыда Ордабасы ауданында жоба аясында скрининг жұмыстары жүргізіліп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының І кезеңіне Бадам және Шұбар ауылдық округтері енгізілді.

Бүгінгі таңда, облыстық «Ырыс» МҚҰ-на 109 жеке кәсіпкердің құжаты жолданып, оның 38-і комиссияның қарауына енгізіліп, мақұлданды. Жоба құны – 153,4 миллион теңгені құрады. Олар: Бадам ауылдық округінде — 24 жоба, құны — 101 миллион теңге. Шұбар ауылдық округінде — 14 жоба, құны – 52,4 миллион теңге.

Бүгінгі күнге, Бадам ауыл округінен 1 азаматқа 7 миллион теңге,Шұбар ауыл округінен  2 азаматқа 11 миллион теңге 2,5 пайызбен несие берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.