Келес ауданының диқандары астық оруды бастап кетті. Агротехникалық талаптарды тиянақты атқарған Ақтөбе ауылдық округіндегі «Дәуірбек» шаруа қожалығы қазір егістіктің әр гектарынан 23-25 центнерге дейін өнім жинап жатыр. Соның нәтижесінде биыл қамбаға мол дән құйылмақ.
Аталған шаруа қожалығы 423 гектар аумаққа бидай еккен. Шаруашылықта жер жырту, тұқым себу және жерді өңдеу секілді жұмыстар дер уақтылы істелген. Соның арқасында қазір қырманға мол астық тасылып жатыр. «Дәуірбек» шаруа қожалығы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазір 2 комбайн, 5 камаз, 1 трактор бидай алқабында тынымсыз қимыл-қозғалыста.
Айта кетейік, биыл Келес ауданында 8 397 гектар аумаққа астық дақылдары егілсе, оның 1 830 гектары бидай, 5 138 гектары дәндік жүгері дақылдары себілген. Одан бөлек 407 гектар аумаққа бұршақты дақылдар егілді.
Осы ретте бүгінгі жақсы жаңалықтан құлағдар ете кетейік. Астана халықаралық форумы шеңберінде панельдік сессияға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев былтыр Қазақстан шет елдерге қандай тауарлар экспорттағанын айтты.
«Былтыр ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлеріне экспорттық шектеу қойылды. Дегенмен ол біздің дамуымызға кері әсер еткен жоқ. Мәселен, 2022 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттаудан түскен пайда 5,6 млрд доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 46% көп. Атап айтқанда, шетелдік нарықтарға бидайды шығару – 34,7%, майлы дақылдарды жөнелту 66% артты», — деп мәлім етті Ербол Қарашөкеев.
Ведомство басшысының сөзіне сенсек, бұл ретте экспортқа дайын өнімдер көп шығарылған. Бүгінде Қазақстан әлемнің 67 елінің нарығына 531 ауыл шаруашылығы өнімін шығарады.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 миллиард доллар инвестиция тартылған. Сондай-ақ азық-түлік тауарларының өндірісі 4% артып, 6,5 миллиард долларға жетті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.