ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын одан әрі дамыту шаралары қаралды. Мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазіргі уақытта республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі екенін баяндады. Талдау нәтижелері саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Малдың барлық түрі тұрақты өсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс саны 4%-ға өсті.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылған сүт мөлшері 4,7%-ға, сондай-ақ сойылған қой салмағы 8,6%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өсті. Жалпы 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға, ал осы жылдың 5 айында 3,6%-ға ұлғайды.
Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылы инвестиция көлемі 67%-ға артып, 117,5 млрд теңгеге жеткен. Барлығы 102 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, инвестициялардың ең көп көлемі тауарлы-сүт фермаларының құрылысына салынған. Мәселен, 2022 жылы қуаты 52,4 мың тоннаны құрайтын 36 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Сонымен қатар жалпы қуаты жылына 41,9 мың тонна құс етін құрайтын 7 құс фабрикасы пайдалануға берілді.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланып отыр, бұл республиканың импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулері назарға алынып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Сонымен қатар ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізілуде.
Өңірлерде мал шаруашылығын дамыту туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.
Премьер-Министр мал шаруашылығы Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының негізгі және дәстүрлі салаларының бірі екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет тарапынан салаға елеулі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.
«Бұл шаралар мал басы мен құс санының өсуіне, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне оң әсерін тигізеді. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша осы салаға құйылған инвестициялар көлемі 67%-ға өсті», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, мал шаруашылығы саласының әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімі бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендеді. Мәселен, импорт сүт өндірісі бойынша 45%-дан 39%-ға дейін, құс етінің өндірісі бойынша 51%-дан 32%-ға дейін төмендеді.
Оған қоса мал шаруашылығы өніміндегі отандық өндірістің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар проблемалық мәселені шешу қажет. Мысалы, жемшөп өндірісі бойынша.
Үкімет басшысының айтуынша, ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлердегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейту жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Сондай-ақ Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының желісі бойынша Қазақстан ұзақ уақыт бойы аусылдан таза мәртебесін ала алмай жүр.
«Бұл жұмысты биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ол уақытылы жүргізілмеді. Сондықтан халықаралық ұйымнан мақұлдау алынған жоқ. Бұл отандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу географиясын кеңейтуге, оны өндіруді ынталандыруға мүмкіндік бермейді», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің сөзінше, бұл – ветеринарлық қызметтің әлсіз жұмысының дәлелі.
«Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, оның қызметін қайта қарау қажет», — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, сала көрсеткіштерін қалыптастыру әдістемесі бойынша да сұрақтар бар. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20%-ға алшақтық бар.
«Дәл осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы санағы жүргізілуі керек», — деді Әлихан Смайылов.
Одан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстанда жүн мен былғары өңдеу саласын дамытуда айтарлықтай әлеует бар, сол үшін жоғары қайта өңделген өнімдерді шығаруды кеңейту керек.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейтуді қамтамасыз етуді, халықаралық тәжірибені және цифрландыруды ескере отырып, Ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.
Оған қоса Әлихан Смайылов отандық мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі шаралар кешенін және алгоритмді әзірлеу, сондай-ақ осы жылдың соңына дейін аусылдан таза мәртебесін алу қажеттігін айтты.
Министр Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің негізгі салаларының бірі. Оның үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40%-ы тиесілі. Жалпы саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын талдау көрсетіп отыр. Малдың барлық түрінің саны тұрақты өсуде. Өткен 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс 4%-ға өсті.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылатын сүт орта есеппен 4,7%-ға ұлғайды, сондай-ақ сойылған ет салмағы 8,6%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өскен. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға ұлғайды, ал осы жылдың 5 айында өсім 3,6%-құрады.
Айта кету керек, пандемияға дейін 2019 жылы аусыл бойынша мәртебе жақсы болған кезеңде ет экспорты 9,7 мың тоннаны құрады, оның ішінде Қытайға 3,6 мың тонна, Ресейге 2,1 мың тонна және Иранға 2,3 мың тонна ет экспортталды.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша солтүстік-батыс өңірлерде аусыл бойынша саламатты мәртебенің болмағанына қарамастан, біз Өзбекстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Қырғызстанға экспортты қайта бағдарлай алдық және экспорт көлемін 2,9 есеге арттырдық. Нәтижесінде өткен жылы ет экспорты 28,7 мың тоннаны құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бұл үрдіс биыл да сақталып отыр», — деді ауыл шаруашлығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Бұл ретте Өзбекстанға шығарылған ет экспорты 134 есе, ал Біріккен Араб Әмірліктеріне шығарылған ет экспорты 8 есе өсті.
Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласына инвестицияның тартылуын сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылы мал шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 67%-ға артып, 117,5 млрд теңгеге жетті. Барлығы 102 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл ретте инвестициялардың ең үлкен көлемі тауарлы-сүт фермаларының құрылысына тиесілі. 2022 жылы қуаты 52,4 мың тонна сүт болатын 36 тауарлы-сүт фермасы енгізілді. Сондай-ақ жылына 41,9 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикаларын салу бойынша 7 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.
Министрдің айтуынша, биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлінді, бұл елдің импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Соңғы 10 жылда мал шаруашылығының генетикалық әлеуеті артты. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен малдың барлық түрі бойынша асыл тұқымды малдың үлес салмағы өсті. Мысалы, асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы жалпы ірі қара мал басына шаққанда 7%-дан 13,5%-ға дейін өсті», — деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ селекциялық және асыл тұқым бойынша жұмыс процесіне және тұқымдық түрлендіруге тартылған фермерлік шаруашылықтардың саны 2022 жылы 6 мыңнан 22 мыңға дейін артты.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулерін назарға ала отырып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде елдегі эпизоотиялық ахуал тұрақтандырылды. Өткен жылы жұқпалы аурулар бойынша саламатсыз пункттер саны 13,5%-ға, ал осы жылдың 5 айында 2 еседен астам қысқарды.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізілуде. Тәжірибелік ветеринариялық қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 35%-ға өсті, жалақыға қосымша ақы төлеу және сауықтыруға жәрдемақы беру есебінен оларды әлеуметтік қорғау шаралары күшейтілді», — деді министр.
Ветеринариялық заңнамаға орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасындағы функциялардың қайталануын болдырмауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар дайындалды. Ветеринария жүйесін цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мал шаруашылығы өнімдерін импорттаушы елдердің тізіліміне отандық кәсіпорындарды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. 2020 жылдан бері олардың саны 2 484-тен 3 357-ге дейін 35%-ға өсті.
Елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық биологиялық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі іс-шаралар шеңберінде әлемдік көшбасшы – «Берингер Ингельхайммен» жаңа OTARBIOPHARM зауытында аусылға қарсы отандық вакцина өндіру бойынша технологиялар трансферті бойынша жұмыс жүргізілуде, өндірісті 2024 жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын мынадай бағыттарда дамыту бойынша жұмыс жүргізуде:
- Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын одан әрі кеңейту. Ол үшін министрлік бірқатар нақты шара қабылдауда.
Аусылға қарсы іс-шаралар кешені іске асырылуда және солтүстік-батыс өңірлерде вакциналау жүргізе отырып, аусыл бойынша саламатты мәртебені қайта орнату бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымымен жұмыс жүргізілуде.
Эпизоотиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелерінде аймақтандыру қағидатын өзара тану арқылы Қытай, Ресей, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экспорттық нарықтарын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұдан басқа ветеринариялық қызметтер арасында қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтар негізінде тірі малды және мал шаруашылығы өнімдерін Өзбекстанның, араб елдерінің және басқа да бірқатар елдің нарықтарына жеткізу жалғасуда. Ведомствоаралық комиссияның шешімімен бұқашықтар мен еркек тоқтыларды елден шығаруға экспорттық квоталар осы жылдың 24 желтоқсанына дейін ұзартылды.
- Мал шаруашылығының жанама өнімдерін, ең алдымен, былғары шикізаты мен жүнді өткізуге ынталандыру. Былғары шикізатының экспортын тежейтін фактор 1 тонна үшін 200 еуро мөлшеріндегі экспорттық баж болып отыр. Қазіргі уақытта ұсақ мал бойынша экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді.
Бұған қоса инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүн өңдейтін қуаттарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізіледі.
«Жалпы республика бойынша желатин, азық қоспаларын өндіру үшін жануарлардың терісін қайта өңдеу жөніндегі 3 жобаны және құрылыс материалдарын өндіру үшін жүнді қайта өңдеу жөніндегі 1 жобаны іске асыру жоспарлануда», — деді Ербол Қарашөкеев.
- Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты, ең алдымен, геномдық талдау және математикалық модельдеу қағидаттарына негізделген жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалаудың заманауи әдістерін өндіріске енгізу бөлігінде жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оны іске асыруға биыл асыл тұқымды жануарларды индекстік және геномдық бағалауды енгізуді, асыл тұқымды малдың шығу тегі туралы нақты ақпарат беруге мүмкіндік беретін молекулалық-генетикалық сараптама жүргізу тәртібін регламенттеуді көздейтін 16 нормативтік-құқықтық акт қабылданды.
- Азық өндіруді одан әрі дамыту. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінде ірі азықпен қамтамасыз ету 80%, шырынды азықпен қамтамасыз ету 60%, құнарландырылған азықпен қамтамасыз ету 50%-ды құрайды, дегенмен мал шаруашылығының тұрақты дамуы үшін толық қамтамасыз етуден басқа, азықтың сақтандыру қоры да болуы керек екені белгілі.
Осы мәселені шешу үшін қабылданған Азық өндіру саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы жергілікті жерлерде тиісті деңгейде іске асырылмайды. Жергілікті атқарушы органдар ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлерде азықтық дақылдар үлесін кеңейту, жерді жалға алу шарттары аясында жер пайдаланушыларға қойылатын талаптарды қатаңдату есебінен жайылымдық алқаптарды үстірт және түбегейлі жақсарту және жайылымдар айналымын енгізу жолымен жайылымдық алқаптардың өнімділігін арттыру бойынша бар мүмкіндіктерді толық көлемде пайдаланбайды.
Екінші жағынан, жергілікті атқарушы органдардың билігіндегі қазіргі қолданыстағы азық шығындарының құнын субсидиялаудың нормасы оны қолданысқа енгізудің нақты тетіктері болмағандықтан, фермерлерді азық өндірумен айналысуға ынталандырудың орнына олардың тәуелділігін тудырады.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, мал шаруашылығының азық базасы проблемаларын шешу үшін Ауыл шаруашлығы министрлігі мынадай шараларды қабылдайды:
- Азық өндірісін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына қосымша шаралар енгізе отырып, оны кеңейту бойынша жұмыс басталды.
- Субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасында ғылыми ұсыным негізінде осы норманы қолданысқа енгізу тетігін неғұрлым нақты реттеу мақсатында азық шығындарының құнын субсидиялауға қатысты нормалар нақтыланды.
Әрі қарай тақырып бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
«1 маусымдағы жағдай бойынша мал шаруашылығы саласында 181,6 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өсім 102,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны 8 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 4%-ға артты», — деді Д. Сатыбалды.
Облыста етті экспорттау қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысымен 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортталды. Осы жылдың қазіргі көрсеткіштері ірі қара мал еті бойынша 5 мың тоннаға, қой еті бойынша 2,6 мың тоннаға жетті. Жалпы облыста мал шаруашылығы көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткенімен, жайылымдық жерлердің тапшылығы орын алып отыр.
Жыл басында жалпы жайылымдық жер тапшылығы 2 миллион 122 мың га болды. Осы орайда ортақ жайылым көлемін биыл 1 миллион 15 мың гектарға ұлғайту жоспарланды. Оның ішінде жыл қорытындысы бойынша 333 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылады, қалған 682 мың гектарға елді мекендердегі жайылым жүктемесін төмендету арқылу қол жеткізу жоспарлануда.
«Есепті кезеңде 102 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл қорытындысы бойынша жоспар толығымен орындалады», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында басымдық мал бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларын ашуға берілуде. Бұл бағыттарда биыл бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарының саны артады. Биыл 8 миллиард теңгеге сыйымдылығы 37 мың 350 басты құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 13 миллиард теңгеге 2 мың 380 басқа арналған тауарлы-сүт фермалары салынып, 139 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарланған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал бордақылау бағыты бойынша 695 миллион теңгеге 157 жоба, тауарлы-сүт фермалары бағыты бойынша 788 миллион теңгеге 170 жоба мақұлданды.
«Мал шаруашылығын дамыту үшін барлық шара қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы мәселелер – тұрақты бақылауда», — деді өңір басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
Thank you for any other wonderful post. The place
else may just anybody get that type of information in such
an ideal method of writing? I have a presentation next week, and I’m at the look for such information.