Түркістан қаласында «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС-і израильдік «LR Group» компаниясымен бірлесіп, 1 200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салу жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бүгін аталған компанияның вице-президенті Yotam Raz мырзамен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы арнайы кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Жобаның құны шамамен 8,5 миллиард теңгені құрап отыр. Заманауи технологиялық жабдықтар мен күніне 30 литрден астам сүт беретін сауын сиырларды шетелден жеткізу арқылы ішкі нарықтағы сүтпен қамтамасыз ету көлемін ұлғайту тиімді екені сөз болды.
Компания өз тарапынан жобаның нәтижелі іске асуына агрономиялық, ветеринариялық қолдау және жергілікті мамандарды Израильде біліктілігін арттыруға қолдау көрсететін болады.
«LR Group» компаниясы 1985 жылдан бастап ауыл шаруашылығында ауылдық аймақтарды дамыту және аймақтарды жандандыру үшін жан-жақты шешімдерді ұсынып келеді. Негізгі бағыттары: ауыл шаруашылығы, су, энергия және қуат, телекоммуникация, денсаулық, құрылыс, әлеуетті арттыру салаларында жұмыс атқарады. Сонымен қатар, жобаларға техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу, қаржыландыруға жәрдемдесу, пайдалануда техникалық қызмет көрсетеді.
Атап өтерлік жайт, аталмыш компания әлемдік деңгейде Ресей, Өзбекстан, Қытай, АҚШ, Беларусь, Оңтүстік Америка, Африка және тағы басқа елдерде табысты жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондықтан Түркістанда сүт өнімдерін өндіру бойынша компанияның тәжірибесін қолдану артықтық етпейді.
Қытай демекші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екендігін атап өткен болатын. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Берілген тапсырма аясында өңірдегі 5 ауданның әкімі, басқарма өкілдері, кәсіпкерлер бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Бұл орайда сапардың негізгі мақсаты — экономикалық дамуы бойынша халықаралық тәжірибе жинақтап, Түркістан өңірінде енгізу, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Делегация құрамында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, сондай-ақ облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және өңір кәсіпкерлері бар.
Сапар аясында облыс делегациясы Үрімші қаласындағы ең ірі зауыт-фабрикаларын аралап көрді. Үрімші қаласы – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының саяси, экономикалық және мәдени орталығы. Халық саны 4 миллионнан асады. Мұнда мұнай, тоқыма және металлургия өнеркәсіптері басым. Сондай-ақ Қытайдағы ең ірі жел энергиясы орталығы болып саналады.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысынан арнайы делегация құрамында ҚХР-ға іссапармен келдік. Бағдарлама бойынша Үрімші қаласында орналасқан минералды тыңайтқыш өндіретін зауытқа барып, зауыттың тарихымен және өндіріп жатқан өнімнің жетістіктерімен таныстық. Екінші бағытымызда әр түрлі тамақ өнеркәсібіне арналған құрал-жабдық жасап шығаратын зауытты аралап көрдік. Үшінші бағытымызда күніне 25 дана ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығаратын зауыттың жұмысына қанық болдық. Іссапарымыз Чжэнчжоу қаласында жалғасады, – дейді Келес ауданының әкімі Жәнібек Есенұлы.
Түркістан облысы делегациясының іссапары әрі қарай жалғасып жатыр. Аудан әкімдері Чжэнчжоу қаласында бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысады. Сонымен қатар экономикалық аймаққа барып, Лоянг қаласының кәсіпорындарын аралайды. Нәтижесі бойынша Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алдағы уақытта бірнеше зауыт-фабрикалар жұмыс істейді деген жоспар бар. Делегацияның сапары 8 шілдеге дейін жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.