Түркістан облысы: Келес ауданындағы ирригация жүйелері жаңартылып жатыр

Келес ауданының негізгі драйвері — ауыл шаруашылығы саласы. Ал ауыл шаруашылығының күре тамыры ағын су жүйесі болып табылады. Жалпы, аудан аумағында ұзындығы 657,6 шақырымды құрайтын 148 дана канал және ұзындығы 393,6 шақырым болатын 144 қашыртқы бар. Биыл Келес ауданындағы 157 шақырым ирригация жүйелері тазалануы жоспарланып, бүгінгі таңда жоспарлы жұмыстар қарқынды іске асып келеді.

— Бүгінгі таңда «Тұран-су» ШҚЖ МКК мекемесі тарапынан аудан аумағында орналасқан жалпы ұзындығы 157 шақырымды құрайтын 29 каналды механикалық тазалау жұмыстары атқарылуда. Қазіргі уақытта 24,7 шақырым толығымен механикалық тазалаудан өтті. Атқарылып жатқан жұмыстарды Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевпен тұрақты түрде бақылауда ұстап отырмыз. Кестеге сәйкес тиісті жұмыстар істелуде, — дейді Келес аудандық Су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев.

Айта кетейік, аудан аумағында Республикалық меншіктегі 3 су бөгеті (Ошақты, Бес-Абдал, Оймауыт) және су сыйымдылығы 25,0 миллион текше метрді құрайтын «Ақылбексай» су қоймасы бар (қазіргі таңда 7,0 миллион текше метр су бар). Келес өзенінде орналасқан Ошақты су бөгетінің су өткізу қабілеті 125 текше метр/секундына және апатты түсіргісі 30 текше метр/секундына тасқын су өткізе алады. Бес-Абдал су бөгеті су өткізу қабілеті 183 текше метр/секундына болса, Оймауыт су бөгеті су өткізу қабілеті 285 текше метр/секундынаны құрайды.

Ауданның су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Келес ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны 148 дана, ұзындығы 657,6 шақырым, су қорғау белдеуі 834,75 га, қашыртқылар 144 бірлік, ұзындығы 393,6 шақырым, су қорғау белдеуі 593,6 га. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы суармалы жерлер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Келес ауданы арқылы Келес және Құркелес өзендері ағып өтеді.

      Келес өзені ұзындығы 241 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 55 шақырымы өтеді. Қаржантаудың батыс беткейімен Қазығұрт тауынан бастау алады да, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны 6, бөгеттердің жалпы саны 6. Келес өзені арқылы 30 мың гектар егістік жер суландырылады.

      Құркелес өзені ұзындығы 95 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 83 шақырымы өтеді. Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі аумағынан бастау алады да, Тегісшіл ауылдық округі, Келес ауданы аумағынан Біртілек, Ошақты, және Бірлік ауылдық округтерін қиып өтіп Сырдария өзеніне құяды. Құркелес өзеніне 8 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны 5. Құркелес өзені арқылы 18 мың гектар егістік жер суландырылады.

      Егін шаруашылығы Келес және Құркелес өзендері аңғарларында және өзендер арасындағы жазықты суайырықта жақсы дамыған. Сондай-ақ аудан аумағында Шошым, Ошақты, Бесабдал, Оймауыт, Боз су, Ащысай сияқты ірі каналдар және Ақылбексай су қоймасы бар. Осы каналдар арқылы егістік жерлер сумен қамтылады.

Келес ауданында биыл жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, ұзындығы 220 шақырым болатын каналдар мен қашыртқы арықтарда механикалық тазалау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған жұмыстар каналдардың арнасынан тасуының алдын алады. Су арналары қордаланған қоқыстан тазартылып, мың гектарға жуық жер қайта айналымға түсетін болса, 5 мың гектар жерге су өткізу мүмкіндігі жақсарады.
Келес ауданы аграрлық өңір болғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. Ал ауыл шаруашылығы саласының күре тамыры ағын су жүйелері болып табылатыны айтпаса да ұғынықты. Шаруалардың басым бөлігі ағын суды Келес өзені мен магистралы үлкен көрші Өзбекстан елінен бастау алатын Зах су жүйесі, Ашынау каналы, Бозсу су жүйесі, Ақ қойлы, СТК және ВТК каналдарынан алады. Ирригация жүйесінде жыл басынан аудандық бюджет есебінен ұзындығы 100 шақырымға жететін каналдар мен қашыртқылар тазартылып, 350 гектар жер қайта айналымға түскен болса, 2,5 мың гектарға жуық жерге су өткізу мүмкіндігі жақсарды.

Назар аударарлығы, бүгінде ғаламдық мәселеге айналып отырған су тапшылығының басты себеп­теріне климаттың өзгеруін, трансшекара­лық ағын су көлемінің азаюын, су ресурстары­ның тиімсіз пайдаланылу мен суды үнем­деу «мәдениетінің» қалыптаспағандығын жатқызуға болады. Ол, өкінішке қарай, елімізді де қамтып отыр. Соның кесі­рінен ауыл шаруашылығы дақылдарын өнді­руге қажетті судың жетіспеуі егістік көле­мінің жыл санап қысқаруына әкеліп соғуда.

Оның үстіне еліміздегі ағын судың 45%-ы шет елдерден келеді. Мәселен, респуб­ликада­ғы су ресурсының 40%-ынан астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл жəне Шу секілді өзендер көрші Ресей, Қытай, Тəжікстан, Қырғыз елінен бастау алады. Ал Сыр­дарияның Тəжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетіні Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Түркістан, Қызылорда сияқты об­лыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етіп отыр. Бұған еліміздің мақта өсіретін Түр­кістан облысының жағдайы дәлел бола алады. Сонымен бірге сырттан келетін су ресурстары аяқ су, ауыз су және өндірістік су ретінде де пайдаланылуда. Яғни трансшекаралық су­ды пайдалану біз үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты. Сондықтан Президент ауылға қатысты сөз қозғағанда жерден кейін су мәселесін жүйелі түрде шешу­ді екінші орынға қоюы кездейсоқ емес. Ол Қазақстанда судың 65%-ы ауыл шаруашылы­ғы саласына жұмсалатынын ескертіп, соның 60%-ға жуығының құмға сіңіп, ысырап болып жатқанына алаңдаушылдық білдіріп, «Сусыз егіншілік те, бау-бақша да, мал шаруашылығы да алға баспайтыны белгілі» деп, мәселенің өзектілігін атап өтті.

Судың жетіспеушілігі Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында қатты сезілсе, Түркістан облысының оңтүстік аудандарын­да көп көтеріліп жүрген мәселелердің қатарына ағын суды жатқызуға болады. Алайда суармалы егіншіліктің одан əрі дамуына ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіруде. Ирригация жүйелері жаңғыртылмай, кейбір су арналары өткен ғасырдың 70 жылдарының ортасында іске қосылып, содан бері қайта жөндеуден өтпе­ген. Еліміздегі гидротехникалық құрылғылар­дың 90%-ының техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Бір өкініштісі, қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып, оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар екен. Сол себепті тұтынушыға тасымалдау кезінде су шығынының едəуір артатындығы да белгілі. Заманауи гидротехникалық құрылғылармен жабдықтап, ескілерін жаңғырту мәселесінің бұрынғыдан бетер күрделене түсуде. Су тапшылығының жиі сезілетіндігін түсіне отырып, суды аз қажет ететін өнімдерді егу және заманауи су үнемдеу технологиясын, тамшылап суару жүйесін пайдалану проблемасы осы күнге дейін толығымен шешіліп, ауыспалы егіс әдісін сақтау сияқты шаралары қолға алын­бауда. Көп аудандарда әуелі техникалық су да жоқ. Жерасты сулары да тартылып барады. Бұл жағдай кәсіп бастауға кедергі жасап отыр. Оның үстіне өңірлерде жерасты суларын пайдалану арқылы суармалы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту да қиындап отыр. Елдің жайылымдық алқаптарының 42%-ы судың жоқтығынан пайдаланылмай тұр. Осыдан барып су тапшылы­ғы күн санап күшейіп, ел экономикасы мен оның экожүйесін дамытуға кері әсерін тигі­зіп, қоғамда əлеуметтік-экономикалық проблема­лар мен шиеленістер туындауда. Өйткені ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатын су қандай мөлшерде жоғалса, кемінде соншама ақша тиімсіз пайдаланылып, қолды болды деген сөз. Тек ендігі жерде су шаруашылы­ғы­на тікелей қатысы бар мемлекеттік органдар мен жауапты адамдар осыны түсінсе игі еді… Бұған су мәселесіне деген кешенді көзқарастың болмауы мен су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйе­сінің болмауы да өз әсерін тигізуде. Сонымен бірге су шаруашылығы инфрақұрылымы­ның əртүрлі орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің қарауында болуы ведомствоаралық үйлестіру жұмысын нашарлатып, су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізуді қиындатуда.

Жалпы, су тапшылығы мен оған тәуелді­лікті төмендетудің мәселелері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен қабылдан­ған Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлт­тық даму жоспары мен «Жасыл Қазақстан» сияқты ұлттық жобасында көрініс тауып отыр. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанның тұрақты дамуының басты көрсеткіші ретінде сумен тұрақты қамтамасыз ету және еліміздің ішкі жалпы өніміне жұмсалатын су шығыны­ның мөлшерін төмендету мен су ресурстарының қолжетімділігін арттыру жатқызылмақ. Олай болса, Президенттің суға қатысты проблемаларды шешудің жолдарына арнайы тоқталып, «судың да сұрауы бар» деуінен аталған мәсе­леге деген жаңа көзқарастың пайда бола бастаға­нын көруге болады.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және шаруаларды ағын сумен қамту бағытында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Соның ішінде, облыс басшысы «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне шаруааралық каналдарды механикалық тазалау жұмыстарына қажетті техникаларды жұмылдырып, маңызды істі бірлесе атқаруды жіті тапсырған еді. Осыған орай, Келес ауданында су арналарын тазалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. «Облыс басшысының бастамасы, аудан әкімінің нақты тапсырмасымен Келес ауданындағы ағын су жүйелеріне зерделеу жүргізе келе механикалық тазалауды қажет ететін аумақты тазалау жұмыстары басталды. «ҚазСуШар» РМК мекемесі өз теңгеріміндегі В-15, В-24 және Аққойлы каналдарының 12 шақырымын тазалауды бастап кетті. Жоспарлы жұмыстар жалғасатын болады», — дейді Келес аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You