Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7,9 миллиард теңгенің өтініштері қабылданған

Түркістан облысы әкімдігінде «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» АҚ-ның биыл алғашқы жартыдылдықта атқарылған жұмыстары сараланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған корпорацияның жұмысын жандандыру, қаржыларын өңір экономикасына нақты табыс әкелетін жобаларға бағыттау жөнінде тапсырма берді. «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру, Түркістан қаласы аумағында «Азық-түлік белдеуін» қалыптастыру бойынша жұмысты ширату, нақты жұмыс істейтін кәсіпкерлерді тарту жөнінде де міндеттер жүктеді.

– Үлкен жобалар бойынша жүйелі жұмыс жоқ. Шашыраңқы жоспарлар көп. Жұмысты күшейтіңіздер. Тиімсіз жобалардан бас тартып, нақты жұмыс істейтін кәсіпкерлермен әріптестік орнатыңыздар. «Ауыл аманаты» бағдарламасын жандандыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» акционерлік қоғамы, аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары түсіндіру жұмыстарын, тұрғындарды үйлестіру жағын реттеу керек. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар. Жыл қорытындысымен қаржы игерілмесе, жауапты тұлғалардың қатаң жауапкершілігі қаралатынын ескертемін, – деді Дархан Сатыбалды.

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 7,9 миллиард теңгенің өтініштері қабылданған. Оның ішінде мақұлданған жобалар – 5 миллиард теңгені, қаржыландырылған жобалар 1,1 миллиард теңгені құрап отыр.

Тұрақтандыру қорына 2022 жылы 1,0 миллиард теңге және 2023 жылдың ақпан айында 3,4 миллиард теңге бөлінді. Оның 4,4 миллиард теңгесі «Айналым схемасы» бойынша жұмсалып, бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Тұрақтандыру қорындағы өнімдер 2022 жылы 19 сауда нүктесінде (13 әлеуметтік дүкен, 6 супермаркетте) сатылса, қазір 50 сауда орнында сатылуда. Осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 80-ге жеткізу жоспарлануда. Түркістан қаласының келбетіне лайық, көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа әлеуметтік дүкендердің санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі күні 19 әлеуметтік дүкеннің құрылысы аяқталып, 10-ы пайдалануға берілген.

Жиында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» АҚ-ның құрамындағы қаржылық ұйымдардың көрсеткіштері, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларының барысы туралы айтылды. Бүгінгі таңда жалпы құны 35,6 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылу үстінде. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша акционерлік қоғамның таза табысы 480,0 миллион теңгені құрады. Жыл қорытындысы жоспар бойынша 1,5 миллиард теңгені құрайды деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.