Бүгін Отырар ауданында «Дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру» жөнінде семинар-кеңес болып өтті. Семинарға Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институты мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, аудан шаруалары қатысты.
Жиынды Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, аграрлық саладағы әлемдік заманауи ғылымның даму үрдісін үлкен тәжірибемен ұштастыра отырып өнім көлемін арттыру жолдарын игерудің маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Мақсат Нұрбайұлы Пошанов топырағы тұзданған егістік алқаптарында дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру мақсатында қолданылатын агротехникалық, агрохимиялық іс-шаралар туралы баяндады. Келесі кезекте Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Шахислам Ұзақбайұлы Лайсханов Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлері топырақтарының тұздану жағдайы және жүгері дақылының өнімділігіне әсері туралы ғылыми жұмыстарын таныстырды.
Сонымен қатар аталмыш жиында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Алим Сайдалиев Түркістан өңірінде ғылым негізіне сүйеніп жетістікке жеткен шаруалардың аз емес екенін айтса, «Explanta» ЖШС-нің сату менеджері Дәурен Джайдакбаев пен «Төребек» ЖШС төрағасы Төребек Дайрабаев бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде өнім көлемін арттырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Шаруалардың қызығушылығын арттырған семинар жұмысына қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жан-жақты мәліметтер алды.
Отырар ауданындағы топырақтардың тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу жұмыстары арнайы кітап жинаққа енгізілген болатын. Шара барысында «Отырар ауданының агроландшафттары» атауымен жарыққа шыққан кітаптың лентасы қиылып, шаруаларға таратылып берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.