Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполис жастарымен еркін форматта кездесу өткізді. Жүздесу барысында қала басшысы жастармен пікір алмасып отырғанына қуанышты екенін айтып, бүгінгі өскелең ұрпақ қандай болу керектігін жеткізді.
– Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жігері мен құлшынысын дұрыс арнаға бағыттай білсек, Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналып, әділетті қоғам орнайтыны сөзсіз. Ол үшін бүгінгі жастарымыз Мемлекет басшысы айтқандай, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Яғни, отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі жанашыр болуы тиіс. Шымкент – жастардың қаласы. Мемлекет бүгінде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, жұмысқа орналасуына, баспанамен қамтылуына және жеке кәсібін бастауға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мұның барлығы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастар үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін қаламызда қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс, – деді Ғ. Сыздықбеков.
Сонымен қатар, қала басшысы: «Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамтуда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл жастарды жұмыспен қамту шараларына субсидияланатын жұмыс орындары және жастар практикасына 3 554, «Алғашқы жұмыс орындарының жобасына» 1 031 және «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 20 орын бөлінді. Бұл дегеніміз – жұмыссыз болып тіркелген 4500-ден астам жас жұмыспен қамтылады деген сөз. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде жастардың бизнес бастамаларын қолдау аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен 273 жас, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 426 жасқа шағын және орта кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант (400 АЕК – 1 476 800 теңге) беріледі, – деп, жастарға байланысты атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар барысын жеткізді.
Сондай-ақ қала әкімі биыл дарынды, волонтер жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Жас волонтер» жобалары аясында 10 жобаға 1 млн теңгеден грант бөлінетінін тілге тиек етіп, 2024 жылдың соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған арендалық бағытта 900 пәтер беру жоспарланып отырғанын алға тартты.
Мегаполис басшысы еліміздің кемел келешегі жастарға тікелей байланысты екенін айтып, «жастық шақта ел игілігі үшін аянбай, адал еңбек ету қажет» деп кеңес берді. Ол үшін білім алуға, кітап оқуға, үнемі ізденіп-үйренуге, зиянды әдеттерден бас тартуға, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Осы орайда Ғабит Әбдімәжитұлы жастарға үлкен сенім білдірді.
Кездесуге қаладағы түрлі ұйым мүшелері, оқу орындары студенттері мен белсенді жастар қатысты. Аталған жиында жастар қала әкімімен өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізіп, еркін форматта сұхбат жүргізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.