Шорнақ ауылдық округінде құлпынай өсірумен айналысатын «МУХИТДИНОВ» шаруа қожалығының ашылу салтанатына аудан басшысы Мақсат Таңғатаров арнайы барды. Шараға Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов пен ауыл ақсақалдары қатысты.
Жеке кәсіпкер жылыжай шаруашылығын дамытуға заманауи технологияны енгізіп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. 2024 жылы жұмысын бастаған жобаның инвестициялық құны 300 миллион теңгені құрайды. Жаңа технологиядағы жабық топырақтағы құлпынай аумағы – 0,7 гектар. Мұнда 10 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалық иесінің айтуынша, өнімділік 1 жыл ішінде кемінде 10 тонна өнім береді.
Жылыжайда құлпынайлар ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен өсірілуде. Құлпынайдың бұл түрі өнімділігімен, яғни, бір маусымда бірнеше рет гүлдеп, өнім беретіндігімен ерекшеленеді.
“Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Пестицидтерді мүлдем қолданбаймыз. Табиғи жолмен өсірілетін құлпынайымыз дәмді әрі адам ағзасына қажетті дәрумендерге толы», — дейді Алымжан Мухитдинов.
Кәсіпкердің айтуынша, өнім негізінен Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылуда. Сапалы өнімге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта шаруашылықты 2 есе кеңейтуді жоспарлап отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.