Түркістан облысы: Сауран ауданында Отан қорғаушылар күнінде ардагерлер марапатталып, ер азаматтарға құрмет көрсетілді

Бүгін Сауран аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен 7 мамыр — «Отан қорғаушылар» күні қарсаңында мерекелік жиын өтті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров іс-шараға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, игі тілегін арнады.

«Баршаңызды 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен және де 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз жуырда ғана Қазақстан халықының бірлігі күні мерекесін тойладық. Енді батыр азаматтарымыз бен ерліктің мерекесін атап өткелі отырмыз. 9 мамыр – адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы жеңіс күні. Бұл – атамекен, туған жерді жан сезіммен қастерлей білген, Отанға деген сүйіспеншілікті паш еткен мерейі үстем, мәртебесі биік мереке» – деді аудан әкімі.

Мерекелік шараға Сауран ауданының прокуроры Ғалымжан Қапалбайұлы, ҚР ҰҚК ТО департаменті Сауран АБ-нің бастығы Қанат Саруварұлы, Сауран аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Алмат Құрлысбекұлы, Түркістан облысы Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Дилмурад Абдурашитұлы, Сауран аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұхтар Өтепбергенұлы қатысты.

Жиынға қатысушыларға ауданның дамуына өзіндік үлес қосқаны үшін және Отан қорғау жолында ерлік көрсете білгені үшін аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар, «Сауран ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табыс етілді.

Сонымен қатар өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет ешуақытта толастамайды. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мусаевтың отбасына арнайы барып, құттықтады.

Ескі Иқан ауылының тұрғыны, 100 жастағы Закир ата аудан басшылығын қуана қарсы алып, жауынгерлік жолдарынан сыр шертті. Аудан басшысының өзін арнайы құттықтап келгеніне риза болып, алғысын айтып, “Еліміз аман, жастарымыз бақытты өмір кешсін. Бейбіт заман болсын” деп батасын берді. Аудан әкімі Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдіріп, сый-сияпатын табыстады.

Закир Мусаев 1943 жылы Кеңес әскері сапына шақырылып, қыркүйек айында соғысқа аттанған. Соғыс аяқталған соң, 1950 жылға дейін Германияның Дрездин қаласында МВД ғимаратында күзетші болып жұмыс істеген. 1950 жылы елге оралып, Калинин колхозында есепші болып жұмыс атқарды. ХХІІІ партсъез совхозы Иқан мақта пунктінде 35 жыл есепші болып жұмыс істеген. 1985 жылы 31 маусымда зейнетке шыққан.

Бүгінгі таңда ұл-қыздарының ортасында өмір сүріп жатқан атамыздың ойы — сергек, санасы — тың. Ұрпағы мен елінің тыныштығын тілеп отырған жайы бар. Ақ тілегін аямаған қазыналы қарияның көрер қызығы таусылмасын!

Бұдан бөлек аудан басшысы Мақсат Таңғатаров «Отан қоғаушылар» күні мерекесі қарсаңында тыл ардагері Шаға ауылдық округінің тұрғыны Нәби Мұсаұлына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Нәби Мұсаұлы өз құрдастарымен бірге соғыстың барлық ауыртпалығын көрді, қабырғасы қатаймай жатып, тылдағы еңбекке араласты. Түркістан қаласындағы Ленин мектебінің 8 сыныбын үздік бағамен бітіреді. Ата-анасының шаруаны игерудегі күн көрісінің қиындауына байланысты оқудан шығып, шаруамен айналысуына тура келеді. Кейінгі жылдарға дейін колхозға кірмей жеке шаруашылық жүргізген. 1952 жылдан бастап Ынтымақ ауылында шопан болған. Қыс қыстауға, жаз жайлауға көше жүріп қиыншылығы мен қызықшылығы мол шаруашылықты атқарды. Облыстық аудандық партия комитеттерінің көптеген алғыс грамоталарымен, ерен еңбегінің арқасында 3-4 рет ауданның жылдың «Шамшырақ шопаны» атағына ие болған. Лениннің 100 жылдық мерейтой, т.б. көптеген медальдарының иегері. 12 ұл-қызды өсіріп, жеткізді. Содан 46 немере 80 шөбере өсіріп отырған қазыналы қария.

Тыл ардагері Нәби ақсақалдың ғибратты өмір жолы мен қызметі кейінгі жастарға үлгі. Аудан басшысы қариямен тілдесіп, мерекемен құттықтап, құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin